- Advertisement -

Білімі озық елдің ертеңі жарқын

25

- Advertisement -

Ел ертеңі – білімді ұрпақтың қолында. Инемен құдық қазғандай болған ілім-білімнің жолында барлық жағдай жасалып, білім беру саласының көкжиегі кеңейіп келеді. «Білім беру саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы» Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбектің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Брифинг барысында мектепке дейінгі тәрбие, орта білім, материалдық-техникалық базаның нығаюы, облыс оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тәрбие бағыты, білім саласындағы жетістіктер мен жаңашылдықтар туралы айтылды.

– Бүгінде облысымызда 1134 білім мекемесі бар. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамту да басты назарда. Аймағымызда 586 мектепке дейінгі ұйым болса, онда 60456 бала тәрбиеленуде. Өңірде үш ауысымды, оқушы орын тапшылығы бар және апатты мектептердің мәселесін шешу мақсатында ағымдағы жылы 11500 орындық 28 нысанның құрылысына бюджеттен 28 миллиард теңге қаржы қарастырылды. Оқу жылының басында 3 мектеп пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 8 мектеп пайдалануға беріледі. Білім беру ұйымдарында қауіпсіздік шараларын күшейту мәселесі үнемі назарда. Осы мақсатта қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 1,8 миллиард теңге бөлінді. Атап айтқанда, 238 білім беру ұйымы жедел басқару орталығына интеграцияланып, 257-сі дабыл түймесімен жабдықталды,– деді Мейірхан Азатұлы.

Мамандандырылған күзет саны 151 болса, оның 149-ы толық турникетпен қамтамасыз етіліпті. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатыны айтылды.

Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен іске асып, ел назарын өзіне аударған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы туралы да сөз болды. Бұл жоба аясында 7 мектептің яғни, Байзақ ауданында 600 орындық 1 мектеп, Қордай ауданында 600 орындық 2 мектеп, Тараз қаласында 5000 орындық 4 мектептің құрылысы ойдағыдай жүріп жатқаны, алдағы уақытта оқушы орын тапшылығы бар, апатты мектеп және тозығы жеткен мектептердің мәселесінің оңтайлы шешілетіні мәлім етілді. Осы жоба бойынша салынатын мектептер қала мен ауыл арасындағы білім беру инфрақұрылымындағы айырмашылықты теңестіріп, білім сапасына әсер етері анық.

Сонымен қатар, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне айрықша көңіл бөлініп, мектептерде балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларын орнату көзделген.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support