- Advertisement -

Бір аптада 80-нен астам шақырту түскен

50

- Advertisement -

Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, облыстың өрт сөндіруші-құтқарушылары бір апта ішінде 80-нен астам шақыртуға шығып, тұрмыстық өрттер мен автокөліктегі өрттерді жедел сөндіруге қатысқан. Сондай-ақ, тұрғын үйлердің, шаруашылық құрылыстардың және шөпханалардың өрттері сөндірілді.

Жоғарыда аталған оқиғалардан қаза тапқандар тіркелмеген. Алайда, Тараз қаласында ауаға таралған газдан туындаған жарылыстан зардап шеккендер бар. Мұнымен қоса, қаланың өрт сөндірушілері «Шалғай Қарасу» алабындағы фазендадағы өртті сөндіру кезінде «қызыл жалынның» ішінен газ баллоны мен жанар-жағармай толы канистрларды шығарды. Айта кетсек, таңғы сағат 4 жарымда аталған фазенда аумағында өрт туындағаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына 11 минутта жедел жеткен өрт сөндірушілер аталған мекенжайда қора және 20 тонналық контейнердің өртке оранғандығын анықтады. Шақырту орнына Тараз қаласының мамандандырылған өрт сөндіру бөлімдерінен барлығы 4 өрт сөндіру автокөлігі және 17 адам жұмылдырылды.

Сонымен қатар, оқиға орнына кезекшілік өрт сөндіру қызметі және медициналық апаттар орталығының қызметкерлері де шықты. Өрт туындаған аумақта 2 газ-түтіннен қорғау қызметінің буыны тиісті жұмыстар атқарды. От жауынгерлері жедел әрі кәсіби тұрғыда өрт сөндіру жұмыстарын атқарып, №2 бөлім құтқарушылары, атап айтқанда, аға инженер Саят Жұманов, бөлімше командирі Нұржан Нартов, өрт сөндіруші-құтқарушылар Сәкен Тұхбатұлла және Әділжан Әбдуәлі оқиға орнынан адам өміріне қауіп төндіретін бір газ баллоны мен жанар-жағармай толы канистрларды шығарып, «қызыл жалынды» жарты сағаттан астам уақытта ауыздықтады. Ауданы 30 шаршыметрді құраған өрт салдарынан қораның шеткі қаптауы зақымданып, контейнер ішіндегі жиналған құрылыс заттары және генератор жанып кетті.

18 қараша күні түскі уақытта Тараз қаласының Тынышбаев көшесіндегі «Қамқор Локомотив» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі филиалының аумағындағы 100 шаршыметр алаңда монша шатыры жанған. Өртті сөндіруге ТЖД-ның жеке құрамынан 45 адам және 10 техника қатысты. Өрт электр сымдарының қысқа тұйықталуынан орын алған.

Сонымен қатар, апта ішінде құтқарушылар қураған шөптер мен қоқыстардың жану жағдайларына 35, авариялық-құтқару жұмыстарына – 6, электр сымдарының қысқа тұйықталу жағдайларына – 5, полицияға көмекке – 4, «Жедел жәрдем» қызметтеріне көмекке – 1, есіктерді ашуға – 10, түтін шығаруға 1 рет шықты.

Облыстың өрт сөндіруші-құтқарушылары күн сайын тұрғын үйлерді аралап, азаматтарды жылыту маусымы кезеңінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақыруды жалғастыруда. Осыған орай төтенше жағдайлар департаменті жылыту маусымында газ және пеш аспаптарын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауды ұмытпай, өрт немесе төтенше жағдай туындағанда «101» және «112» телефон нөмірлеріне қоңырау шалу қажеттігін ескертеді.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support