- Advertisement -

Жетістігі мол жеке кәсіпкер

41

- Advertisement -

Бірлік ауылында еселі еңбегімен жетістікке жетіп жүрген кәсіпкердің бірі – Айдар Маштаев. Ол мал шаруашылығымен айналысу барысындағы қадамын 20 сиыр және бірнеше уақ малмен бастаған екен. Еңбекқор азамат сол малдарды өз төлінен өсіріп, өрлеу жолына ұмтылды. Есебін тауып малдарына жайлы да кең қора салдырды. Ауылдың сыртында да қора-жайы, жайылымдық жерлері бар. Айдар бір көрген адамды аңқылдап кең пейілмен қарсы алатын, ақкөңіл, жайдары кісі екен. Біздерге қора-жайын, малдарын көрсетіп, жұмысы жайлы айтып, тыным таппады. Жұмысқа төселіп қалғаны, кәсіптің талай жылдан бері көзін тапқаны көрініп тұр.

Алыс ауылда кәсібін осылай жан-жақты дамытқан жеке кәсіпкердің еңбек етіп жатқаны қуантады. «Елде болса, ерніңе тиеді» дегендей, мұндай азаматтарда табыс болса, ауыл тұрғындарына көп пайдасы тиетіні анық. Кәсіпкер ауылдың экономикалық дамуына да, қоғамдық істерге де өз үлесін қосып келеді. Ауылдағы мұқтаждарға да кеңдік танытып, көмегін беріп жүргенін ауылдастары жарыса айтады. Жолбасшымыз Мойынқұм ауданы әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Әбдіғали Әбдіразахов та кәсібін өрге домалатқан кәсіпкердің көпшілікке қолдау көп екенін, ауылда экономиканың дамуына үлесі мол екенін атап өтті.

Айдар Оршыбекұлы мал шаруашылығымен айналысуды түбегейлі қолға алып, осы іспен бірнеше жылдан бері бел шеше айналысып жүр. Барынша көңіл бөлінген жерде нәтиже де болатыны белгілі. Кәсіпкердің бұл қадамына орай мемлекет тарапынан «Ауыл аманаты» жобасы да түрлі кәсіп иелеріне қолдау көрсетіп келеді. Кәсіпкер биыл аталған жоба аясында 2,5 пайызбен 8,5 миллион теңге несие алды. О л несиеге 21 аналық бас сиыр сатып алыпты.

–«Бағалай білгенге бақ қонады», – дегендей, еліміздің жетістіктері мен табыстарын, ауыл шаруашылығын дамытуға көрсетіп келе жатқан қолдауларын сезінудеміз. Ешқандай қолдау жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Қай кезде де аграрлық салаға қолдаулар көрсетіліп келеді. Сол қолдаудың нәтижесінде қол жеткізген табыстарымыз да аз емес. Қазіргі таңда ауылдың ішінде де жайлы қорамыз, жеткілікті жем- шөбіміз бар. Жылына 50 бас бұқа, 200 қой байлап сатамыз. Есігіміздің алдынан тапсырыс беріп, ет алып кететіндер бар. Ол екі тарапқа да тиімді. Етке көп тапсырыс беретін мейрамханалар және орталықтармен де байланысып отырмыз. Кәсіпкерліктің талабы өзгемен байланыс жасай білу екенін түсінеміз. Осы мал бордақылау арқылы төрт азаматты тұрақты жұмыс көзімен қамтып отырмыз. Еңбектеріне қарай олардың тауып отырған табыстары жаман емес, – дейді кәсіпкер Айдар Маштаев.

Біз Бірлік ауылынан елдің бірлігі мен ынтымағына, бер екелі тірлігіне куә болып қайттық. Жергілікті жердегі жақсыларының жанашырлығымен, іскер жігіттердің өрге басқан ісімен ауылдың ажары ашыла түсетініне тағы да көз жеткіздік.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support