«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қыс қыспайды демеңіз...

Қыс қыспайды демеңіз...
ашық дереккөз
Қыс қыспайды демеңіз...
Жылдың төрт мезгілінде де қауырт жұмыс жалғасып жататын шаруалар қамы үшін тағы бір жауапты да қарбалас науқан басталды. Күзгі жиын-терінді аяқтаған бейнетқор жұрт мал қыстатуға кірісті. Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда 2023-2024 жылғы қыс мезгіліне облыстың барлық санаттағы шаруашылықтарында 536,0 мың бас мүйізді ірі қара, 4023,0 мың бас қой-ешкі, 190,0 мың бас жылқы, 8,6 мың бас түйе қыстауға түскен көрінеді. Аудандарда барлығы 5862 мал қыстату орыны болса, оның 1020-сы шалғайдағы жайылымдарда, яғни құм өңірінде. Аудан әкімдіктерінің берген ақпаратына сәйкес, қыстаулардағы малшыларға арналған 5564 тұрғын үйі, 2184 қотан-қашарлар, 936 баз толық жөндеуден өтіп, қыс мезгіліне дайындалған. Биылғы көктемгі-жазғы мезгіл қолайлы болғандықтан, шабындықтарда табиғи шөп мол болып, мал азығын дайындау науқаны ойдағыдай өтті. Қыс мезгіліне дайындық шаралары барысында егістік алқаптар мен табиғи шабындықтардан 2097,0 мың тонна пішен, 410,0 мың тонна сабан, 87,0 мың тонна пішендеме, 64,3 мың тонна сүрлем дайындалған. Қыстауға түсетін мал санына байланысты шаруашылық құрылымдарына қарай 513 мың тонна құнарлы жем азығы қажет. Дәнді дақылдар балансына сәйкес, аудандарда мал азығына дәндік жүгеріні есептегенде 244,2 мың тонна дәнді дақылдар бөлініп, қажеттіліктің 48 пайызын құраған. 2022-2023 жылғы қысқа түсетін әрбір шартты малға 12,0 центнер азық дайындалған, өткен жылы бұл көрсеткіш 9 центнерді құраған болатын. Дайындалған шөптің негізгі бөлігі қыстау орындарына тасылған. Бірінші кезекте жеке сектордағы және ұсақ шаруашылықтардағы малды жемшөппен қамтамасыз ету жолдарын қарастыру шараларына сәйкес, аудандық әкімдіктер орталықтан алыста орналасқан ауылдарда, әсіре се шалғайда орналасқан елді мекендерде мал азығымен сауда жасайтын нүктелерді ұйымдастыруда. Бұдан бөлек, облыс көлемінде жылдық қуаттылығы 89400 тонна құнарлы жем шығаратын ірі 4 кәсіпорын – «Goodlook сауда үйі», «Луговой жылқы зауыты», «Ел Дәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және «Қордай-Корм» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы жұмыс атқаруда. Бүгінгі күнге осы кәсіпорындарда 35 мың тоннадан астам құнарлы жем өндірілген, аудан әкімдеріне елді мекендерде осы кәсіпорындардың сату нүктелерін ұйымдастыру міндеттелген. Жауапты науқан барысында қауіпті індеттердің алдын алу басты міндеттердің бірі. Облыс әкімдігі ветеринария басқармасының мәліметінше, ауыл шаруашылығы жануарларын вакцинациялау және диагностикалық зерттеулер жасау мақсатында жо спарланған іс-шара лар өз деңгейінде жүргізілуде. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ұсынысымен барлық аудандарда аудан әкімдерінің басшылығында мал қыстатуын өткізу бойынша жедел штабтар құрылған. Штаб қыстау барысында туындауы мүмкін болған мәселелерді шұғыл түрде шешуге, қажет болған жағдайда аудандағы ірі кәсіпорындардың қосымша күштерін, мысалы техникасынан басқа да мүмкіндіктерін ұтымды пайдалануды ұйымдастырады. Облыстағы барлық санаттағы агроқұрылымдарда қыс мезгіліне 1347 трактор, 758 автокөлік жұмылдырылады. Бұдан бөлек, аудан әкімдіктеріне арнайы техникасы бар ірі кәсіпорындармен қажетті жағдайда техника бөлу туралы меморандум қабылдау тапсырылды. Бүгінде мал шаруашылығындағы ең маңызды науқан – мал қыстатуды ұйымшылдықпен, төрт түлікті шығынсыз өткізу шаруашылық құрылымдарының жетекшілерінен бастап, ауыл, аудан әкімдерінің, тиісті мекеме, басқарма басшыларының міндеті. Қыс қыспайды деуге болмайды. Алда желтоқсанның қара суығы, қаңтар мен ақпанның аязды, ақ түтек боранды күндері бар. Мал көктемгі көкке іліккенше қолдағы мал азығын үнемдеп, күн жылт еткенде малды өріске шығару да маңызды.  

Амангелді ӘБІЛ

Ұқсас жаңалықтар