Хрущев эксперименттерінің аймақтағы ақиқаты

Хрущев эксперименттерінің аймақтағы ақиқаты
ашық дереккөз
Хрущев эксперименттерінің аймақтағы ақиқаты
Біздің облыстық мемлекеттік архивте өңір тарихына қатысты құжаттар аз емес. Осы орайда, облысымыздың шежірелі тарихи деректерін жинастыра отырып, Н.Хрущев Кеңес мемлекетін басқарған жылдарға байланысты материалдарға қызығушылықпен мән бердім. Бұл кезеңнің қалыптасу жағдайларын зерттей отырып, оның себеп-салдарларын сараладым. Сонымен, КОКПОК 1953 жылдың қыркүйегіндегі Пленумы Н.Хрущевты КОКП ОК Бірінші хатшысы етіп сайлаған кезде Кеңес Одағы соғыстан кейін еңсесін енді көтере бастаған кезең болатын. Дәл осы Пленумда ауыл шаруашылығы мәселесі қаралып, оның артта қалуының негізгі себептері ретінде колхоздар мен колхозшылардың материалдық қызығушылығына мән берілмеуі мен басшылық етудегі елеулі кемшіліктер айтылған болатын. Осылай, 1956 жылғы партияның ХХ съезінде қабылданған алғашында бесжылдық (1956-1960 ж.ж.), кейіннен 1956 жылдың 27 қаңтары мен 5 ақпаны аралығында өткен СОКП-ның кезектен тыс ХХІ съезінде қабылданған жетіжылдық (1959-1965 ж.ж.) жоспар бойынша, бірінші кезекте КСРО-ның шығыс аумақтары – соның ішінде Қазақстан мен Орта Азияның дамуы мықтап қолға алынуы керек болды. Бұл жерде аталған өңірлердің «дамуын мықтап қолға алуды» сол жердегілердің көсегесін көгерту деп еме с, керісінше Орталықтың бақуаттылығы үшін осы аймақтағыларды алашапқын етіп, азапқа салу мақсаты тұрды десек те болғандай. Ал, осындай саясаттың Оңтүстік өңірге, соның ішінде Жамбыл облысына тигізген әсері қандай болды? Ол үшін жоғарғы биліктің жоспарлы әрекеттеріне мән берсек, онда: біртіндеп биліктің негізгі тұтқаларын қолына алған Н.Хрущевтің (ол КОКП ОК Бірінші хатшысы, ОК Президиуымының мүшесі және КСРО Министрлер Кеңесінің Төрағасы болатын) «көтере алмайтын шоқпарды беліне байлағанына» көз жеткізуге болады. 1961 жылдың 17 қаңтарында КОКП ОК Пленумында сөйлеген сөзінде Н.Хрущев: «астық дайындау анағұрлым өсті, бірақ астықты керексіну де соншалық арта түсті, сондықтан, біз ендігі жерде мемлекеттік астық қорларын молайту туралы мәселені мүлде жаңаша қоюымыз керек. КСРО Мемлекеттік Жоспарлау Комитетінің және астық өнімдері жөніндегі комитеттердің есептері бойынша мемлекеттің астық жөніндегі барлық қажеттерін толық қанағаттандыру үшін жыл сайын астық сатып алуды таяудағы жылдары 4 миллиард 200 миллион пұтқа жеткізуіміз қажет», – дейді. Астық дайындауды республикалар бойынша бөлген жоспарға қарасақ, ондағы барлық мемлекетке сатылуға тиісті астықтың 950 миллион пұтын Қазақ КСР-і дайындау керек екендігіне мән беруге болады. Бұл жерде Ресей Федерациясы мен Украинадан басқа барлық республикалар бірігіп, шамамен 150 миллион пұт астықты мемлекетке сататындығын ескерсек, Қазақ КСР-іне қаншалықты салмақ түсіп тұрғандығын шамалай беруге болады. Бұған қосымша Хрущевтің: «Қазір партия өсіп, нығайды. Ол күшті болып отыр. Адамдар да өсіп жетілді. Сондықтан, талапқа сай жұмыс істеуге қабілетсіз, жаңашылдықты көре білмейтін миллиондаған жаңа адамдарды тәрбиелей отырып, көрсеткіштерді жоғарылатуға қабілетсіз, банкрот болған қызметкерлерді батыл ауыстыру керек», – деген «ұр- тоқпақтың» шеті көрінгеннен кейін «жаңашылдықты көре білуге» жалпысының жапа- тармағай кірісіп кеткені белгілі. Қазақстан КП Жамбыл облыстық, Қалалық комитеттері мен еңбекшілер депутаттарының облыстық Кеңесінің газеті болып табылатын «Еңбек туы» өзінің 1961 жылдың 13 маусымындағы Бас мақаласында – Н.С.Хрущев: «Жүгері арқылы ет пен сүтті арттыруға болады, демек халықтың материалдық әл-ауқатын арттыруға болады, кімде-кім жүгері өсіруді игеріп алатын болса, нақ солар мал шаруашылығын өркендетуде жақсы табыстарға жете алатын болады», – деп жүгерінің маңызын ерекше атап көрсетті. Осыны ескеріп, облыстың колхоздары мен совхоздары жүгері өсіруге баса көңіл бөліп отыр. Биыл облыс бойынша дәнге арналған жүгерінің әр гект арынан 50 центнерден, сүрлемдік жүгеріден – 500 центнерден өнім өсіру жөнінде міндеттеме қабылданды, – деп жазды. Осы тұрғысында, облыстың ауыл шаруашылығын дамыту барысындағы жеті жылдық жоспарының (1959-1965 ж.ж.) орындалуы туралы мәліметтер топтамасына мән берсек, онда ауылшаруашылық өнімдерін өндіру барысына шолу жасалыныпты. Үш жылдық жоспардың облыс бойынша қорытындысында астық өндіру 743,4 мың тоннаға, қант қызылшасы – 685 мың тоннаға, ет – 18,1 мың тоннаға, сүт – 34,7 мың тоннаға және жүн 5,3 мың тоннаға орындалмағаны айтылады. Одан әрі астық өндіру жөнінен Луговой, Шу, Меркі және Жамбыл аудандарының артта қалып келе жатқандығы; Ет өндіру жөнінен Свердлов, Жамбыл, Сарысу, Шу және Меркі аудандарының; Қант қызылшасын өндіру жөнінен Свердлов, Шу, Жамбыл аудандарының; Сүт өндіру жөнінен Шу, Қордай, Луговой және Жуалы аудандарының; Жүн өндіру жөнінен Талас, Меркі, Сарысу және Жамбыл аудандарының артта қалып келе жатқандығы айтылады. Сонымен қатар, облыстың ауылшаруашылық өнімдерін сатып алу барысы баяндалып, жеті жылдықтың соңына қарай, әсіресе сүт (58,2%) және жүн өндіру жөнінен (60%) қалып отырғаны, тиісінше сатып алу жөніндегі міндеттемелерді орындау үшін дайындау көрсеткішін осы өнімдер бойынша әр жылда 12-15 проценті арттырып отыру ұсынылады. Байқап қарасақ, диаграмма көрсетіп тұрғандай, жоспардың орындалған көрсеткіштерінің ауқымы да өте үлкен. Ал, үш жыл барысында жоспар бойынша мал басы көбеюінің орындалмауы: ірі қара мал бойынша 61,7 мың, сиырлар бойынша – 13,1 мың бас, қойлар мен ешкілер бойынша – 1048 мың, жылқылар бойынша – 13,5 мың және құстар бойынша 524 мың бас екендігі, мұндай жағдайдың орын алуының басты себебі – мал өліміне жол беріліп, әсіре с е 1960 жылы төлдердің күтімінің дұрыс жолға қойылмауынан екендігі айтылады. Айтар болсақ, 1960 жыл ішінде әрбір жүз аналық малдан, орта есеппен небәрі 66 бұзау, 72 қозы, 1400 торай алынған. Меркі ауданында әр жүз аналық малдан 65 бұзау, 48 қозы, Сарысу ауданында – 42 бұзау, 68 қозы ғана алынды. Меркі ауданының Ленин атындағы колхозында әр жүз аналық малдан алынған төл 37 бұзау, 28 қозы, «Аспара» совхозында – 45 бұзау, 47 қозы болды, ал өткен қыста жемшөп тапшылығын көрмеген «Билікөл» совхозының өзінде әрбір жүз сиырдан небәрі 30 бұзау алыныпты. Аталған жылы Сарысу, Меркі, Жамбыл, Свердлов аудандарында мал өте көп шығынға ұшырады. Шығын болған қойдың 53 проценті солардың үлесіне тиді. Соның салдарынан облыс мал шаруашылығын өркендетудің мемлекеттік жо спарын және міндеттемені өз деңгейінде орындай алмаған. Сонымен қатар, Жамбыл жерінде саулықтарды жиі төлдетіп, 1960 жылы әрбір жүз саулықтан 255 қозы алған Сүйінбек Тәуірқұлов, әрбір қойдан 10,4 килограмм жүн қырқып, мемлекетке әр қойдың салмағын 72 килограмға жеткізіп өткізген Мешітбай Қойшыбеков, әр жүз саулықтан 151 қозы алып, мемлекетке қаракөл елтірісінің 88 процентін бірінші сортпен тапсырған Жазылбек Қуанышбаев, әр сауын сиырдан 4 486 килограмм сүт сауған «Меркі» қызылша совхозының сауыншысы Алиса Баданова, әр сиырдан 4 100 килограмм сүт сауған «Георгиевка» торқа совхозының сауыншысы Екатерина Родионова сынды мал шаруашылығының тамаша кадрлары, озаттары болғандығын да айта аламыз. Дегенмен, облыстық партия комитетінің пленумында қабылданған директивалардың көп жағдайда жүзеге аса қоймағандығы белгілі. Соның бір көрінісі ретінде, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы И.Шариповқа, Қазақстан КП Жамбыл облыстық комитетінің хатшысы А.Асқаровқа, Еңбекшілер депутаттарының Жамбыл облыстық Кеңесінің атқару комитетінің төрағасы В.Ливенцовқа жазылған Мемлекеттік комиссияның баяндама хатында 1962 жылғы жүгері тұқымдарын өндірудің мемлекеттік жоспарының Жамбыл облысында орындалу барысын тексерудің нәтижелері туралы жазылыпты. Осы құжатта егер, 1961 жылы облыс жоспардағы 2000 тоннаның орнына 400 тонна ерте пісетін жүгері сұрыптарын өткізсе, 1962 жылғы тұқымдық егілген алқаптардың ауқымы 83970 центнер өнім беруге, оның ішінде тек ерте пісетін түрінен 7350 центнер өнім алуға болатыны есептелген. Барлығы 1962 жылы облыста 107000 центнер жүгері тұқымын өндіру жоспарланған. Бұл жерде, өткен 1961 жылғы жіберілген кемшіліктер де анықталып, оның бір себебі ретінде жүгерінің уақытынан кеш себілгендігі айтылады. Соның бірі–Свердлов ауданының Свердлов атындағы колхозы. Дәл осы ауданның «Трудовой пахарь» колхозының звено жетекшілері Фоменко, Шевцов, Зинченко, Буфорт, Келикиди және Төлекеевтер егістікке пайдаланылып жүрген жерлерді үш центнерден суперфосфат және бір тоннадан қи тастап байытып, нәтижесінде әр гектардан 50-60 центнерден өнім алғандығы да назардан тыс қалмапты. Осы ауданның тағы бір шаруашылығы «Ровненский» совхозында да жұмыс қарқынды жүргізіліп, жүгері алқаптарын 5 рет суарудың арқасында 30-35 центнерден өнім алынған. Бұл жерде алдыңғы қатарлы звено жетекшілері ретінде Кононихин мен Саурықовтар аталыпты. Кемшіліктерге жол берген шаруашылықтар қатарына Қордай ауданындағы «Ақтерек» колхозы, Сарысу ауданы «Байқадам» совхозы, Свердлов ауданы «Абай» атындағы колхоз және Талас ауданындағы «Бостандық» совхоздарын жатқызыпты. Бұл жерде «Байқадам» және «Бостандық» совхоздарындағы «кемшіліктерге» мән беруге болады. Ол совхоз ұжымдары жүгері алқаптарын дер кезінде суармай, құрғап кетуіне жол берген. Ал, мәселеге объективтілік тұрғысынан қарасақ Сарысу мен Талас өңіріне ірі көлемдегі жүгері алқаптарын дер кезінде және қандырып суаратындай су қашан жеткен? Әрине, тексерушілер бұған мән беріп бастарын ауыртпаған. Сондай-ақ, Свердлов ауданы «Абай» атындағы колхоздың жүгері алқаптарын малға жегізіп қойғандығы кінәланады. Бұрынғы мал жайылымдарына түгелдей дерлік жүгері егілсе, бір мезгіл осы жерде жайылатын мал қайда бармақ? Әйтсе де, құрамында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты И.Гришигин (жетекші) және Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері В.Сахарова мен А.Авроменко бар комиссияның қатал ұйғарымы аталған 1962 жылы облыс бойынша жоспарланған 270 мың центнер жүгері дәнін төкпей-шашпай жинап алуды міндеттеген еді. Әрине, мұндай «әпербақан» (волюнтаристік) саясаттың өз жемісін толық бермейтіндігі әу бастан-ақ түсінікті болатын. Оны Жамбыл облаткомына жіберілген, ендігі жерде Еңбекшілер депутаттарының Оңтүстік Қазақстан өлкелік Кеңесі атқару комитетінің мына Қарарынан да көруге болады. Онда Оңтүстік Қазақстан өлкесінде жыртылуға тиісті жерлердің парға қалдырылып, осының нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді арттыру мүмкіндігі әлсірегендігі баяндалады. Бұл орайда өлкелік атқару комитеті Қызылорда облысындағы 3,9 мың гектар және Жамбыл, Шымкент облыстарының Талас, Мойынқұм, Сарысу, Созақ аудандарының шөл және шөлейт аймақтарда орналасқанын білмейді еме с, білді. Оны Еңбекшілер депутаттарының Оңтүстік Қазақстан өлкелік Кеңесі атқару комитетінің мына Қарарынан да көруге болады. Онда: «Өлкедегі бар 31 миллион гектар жайылымдық жерлердің тек 16 миллионының немесе 53 пайызының ғана суарылатынын, соның ішінде осындай жерлердің Жамбыл облысында 66 пайызы, Қызылорда облысында 44 пайызы және Шымкент облысында 69 пайызы суарылатыны» айтылған. Дегенмен, қалған жайылым жерлерді суару мүмкіндігі өте төмен екендігін түсінген өлке басшылары өлке су шаруашылығына «Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің 1963 жылдың 10 қарашасындағы №836 Қаулысының 26 пунктінің күші тағы да үш жылға созылғанына» сүйене отырып, бұл жұмысты бәсеңдетпеуді тапсырады. Әйтсе де, сол кезеңдегі газет беттерінде «Жүгерінің күтімі нашар», «Ақшолақтағылар асығар емес» және тағы басқа осы реңктегі мақалалар көбейіп, онда мысалы Белбасар совхозының «Арал» участогінде 100 гектар жүгеріні арамшөп басып кеткендігі, ақшолақтықтардың 267 центнер бидай мен 306 центнер арпаны кептіре алмай жатқандығы айтылады. Хрущев заманы эксперименттерінің бірі шошқа шаруашылығын нығайту болатын. Осы орайда облысымызда аталған шаруашылыққа лайықталып бірнеше кешенді құрылыстар да салынған болатын. Алайда, қазақ халқы діні мұсылман болғандықтан, шошқа өсіруге онша жанталаса қоймады. Соның бір дәлелі ретінде, Свердлов ауданының Амангелді атындағы колхозына 1962 жылы мемлекетке 120 центнер шошқа етін тапсыруды жоспарлағанымен, іс жүзінде бірінші жартыжылдықта 1 килограмм да шошқа етін өткізбеген. Бұл тұрғысында «Бар шошқалар тазаланбаған қорада жемсіз қаңтарылуда», – деп жазды облыстық «Еңбек туы» газеті. Сол кездегі газеттердің «Шошқа өсір, пайдасы оның көл-көсір» деген өңін айналдырған қанатты сөзі сөйтіп далада қалған болатын. Әрине, жоспарланып ойластырылса да, жорықсыз атқарылған істің соңы осылай болары белгілі еді. Нәтиже сінде өз «еңбегінің жемісін» көре алмаған Н.Хрущев 1964 жылғы қазан Пленумының шешімі бойынша «өз еркімен» жұмысымен қоштасқан еді.  

Сейдахан БАҚТОРАЗОВ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры,

«Дулатитану және Өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы.

Ұқсас жаңалықтар