Жамбылда не жаңалық?
Медицина саласының материалдық сапасы қандай?
- author «Ақ жол»
- 16 қараша, 2023
- 605
Медицина саласының материалдық сапасы қандай?
Үкіметтің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы №1141 қаулысымен бекітілген Жекешелендірудің 2016–2020 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, облыста 2016-2019 жылдары коммуналдық меншіктегі денсаулық сақтау саласының 11 кәсіпорны жекешелендіріліпті. Оның ішінде 3 емхана тендер арқылы сатылса, біреуі тікелей адрестік сатумен және жетеуі кейіннен сатып алу құқығымен 10 жыл мерзімге сенімгерлік басқаруға берілген. Оның ішінде Тараз қалалық №7 емхананың сенімгер басқарушысы «Даримет» медициналық орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі міндеттемелерін орындамағандықтан, соттың шешімімен коммуналдық меншікке қайтарылған. Кәсіпорындарды бәсекелестік ортаға беру жұмыстары Үкіметтің 2011 жылғы 9 тамыздағы №920 қаулысымен, жекешелендіру объектілерін сату қағидаларына және Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 16 қаңтардағы №17 бұйрығымен бекітілген.
Қаражаты көбейіп, материалдық тұрғыда дамыған
Жекешелендіру үшін Мемлекеттік сатып алу Заңы аясында тәуелсіз бағалаушылар анықталып, бағалау компанияларының жасаған есептеулеріне сәйкес, кәсіпорындардың бағалары анықталған. Жалпы, рынок бағасы 4 697 316 мың теңгені құраса, сатылу бағасы 15 289 253 мың теңгені құраған. Сатылу бағасы 325 пайызға көтерілген. Оның ішінде, тендер арқылы Тараз қаласындағы №1, 3 және 4 емханаларды сатудан 1 858 103 мың теңге және тікелей адрестік сату арқылы офтальмологиялық орталықты сатудан 750 834 мың теңге, барлығы 2 608 937 мың теңге қаражат облыстық бюджетке аударылған. 12 680 316 мың теңге қаражат сенімгерлік басқаруға берілген кәсіпорындардың сенімгерлік басқару мерзімі аяқталып, міндеттемелер орындалған жағдайда, бюджетке түсетін болады. Жекешелендіруге дейін кәсіпорындардың басым бөлігі есептік жылды залалмен аяқтапты. Сенімгерлік басқаруға берілгеннен кейін кәсіпорындардың қаржы-шаруашылық қызметі оңалып, есептік жылдарды оң нәтижемен аяқтаған. Мәселен, облыстық стоматологиялық емханасы жекешелендіруге дейін, яғни 2015 жылды 294,5 мың теңге залалмен аяқтаса, кейінгі жылдарды оң нәтижелермен аяқтап, 2022 жылы 210 668 мың теңге табысқа қол жеткізген. Сол секілді №9 Тараз қалалық емханасы жекешелендіруге дейін есептік жылы 1717,7 мың теңге табыспен шықса, 2022 жылды 241 934,8 мың теңге табыспен аяқтаған, яғни табысы артқан. Жалпы алғанда, кәсіпорындар жекешелендіруге дейін 272 024,2 мың теңге залалмен шыққан болса, жекешелендіруден кейінгі есептік жылды 975 127,7 табыспен қорытындылаған. Облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанованың айтуынша, бүгінгі күнге 6 емдеу мекемесі кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілген. – Кейіннен сатып алу құқығымен «№6 қалалық емхана» МКК 2015 жылдың 21 қаңтарында «Жаншуақ» медициналық орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сенімгерлік басқаруға берілген. Дәл осындай өткізу тәсілімен «№2 қалалық емхана» МКК 7 787 027 мың теңгеге «Жан-Нұр» медициналық орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 2016 жылы сатылды. «№9 қалалық емхана» МКК 2017 жылы 1 030 000 мың теңгеге жеке тұлға Гаухар Қарсабековаға сатылды. «Жамбыл облыстық тері-венерологиялық диспансері» МКК 562 миллион теңгеге жеке тұлға Мадалиева Мейіркүл Нұрмахамбетқызына, «Айша бибі «шипажайы» МКК 1 272 013 мың теңгеге «Техстройпроект-2017» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, «Жамбыл облыстық стоматология емханасы» МКК 1 417 778 мың теңгеге жеке кәсіпкер С.Аманжоловаға сатылды. Сонымен қатар, тендерлік сату тәсілімен 2017 жылы №1 қалалық емхана 705 599 мың теңгеге «Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, №4 қалалық емхана 387 504 мың теңгеге «Almaz Medical Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, «Жамбыл облыстық консультациялық-диагностикалық медициналық орталығы» 765 миллион теңгеге «Садыхан Фарм-Лидер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сатылып, жекешелендірілді. Тікелей атаулы сатумен облыстық офтальмологиялық орталығы 2019 жылы 750 834 мың теңгеге «UNISERV-TRANS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сенімгерлік басқаруға берілді. Сенімгерлік басқаруда тұрған алты кәсіпорын туралы айтатын болсақ, қызмет бейіндері, штаттық сандары сақталған, келісімшарт бойынша алған міндеттемелерін орындауда, оның ішінде емхана, дәрігерлік-амбулаториялық пункт құрылыстарын жүргізу, медициналық құрылғылар сатып алу, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары бар. Атап айтқанда, Тараз қалалық №6 емхананың сенімгер басқарушысы «Жаншуақ» Медициналық орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі емханаға жапсарлас жаңа ғимарат тұрғызды. Сенімгер басқарушы 2016-2022 жылдары аралығында аталған құрылысқа 580 600 мың теңге қаражат жұмсаған. №2 емхананың сенімгер басқарушысы «Жан-Нұр» Медициналық орталығы Талас шағынауданынан іске қосқан дәрігерлік-амбулаториялық пункті құрылысы және емханаға күрделі жөндеу жұмыстарын қосқанда 317 092 мың теңге инвестиция, сондай-ақ 124 173,7 мың теңгеге медициналық құрылғылар сатып алып, кәсіпорынға барлығы 441 265,7 мың теңге инвестиция салған. №9 емхананың сенімгер басқарушысы жеке тұлға Г.Қарсабекова кәсіпорынға жалпы сомасы 301431,7 мың теңгеге инвестиция салған, оның ішінде дәрігерлік-амбулаториялық пункті құрылысы, емханаға күрделі жөндеу жұмыстары және медициналық құрылғылар сатып алу бар. «Айша бибі» санаторийінің сенімгер басқарушысы «Техстройпроект-2017» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жалпы сомасы 375 965,2 мың теңгеге инвестиция салған, оның ішінде 50 келушіге арналған жатақ корпусы, көлемі 50 шаршы метр болатын су мұнарасы, кәріз жүйелерін және сүзгі алаңдарын толыққанды жұмыс істеу үшін қайта жаңғыртқан, сумен жабдықтаудың барлық жүйелеріне күрделі жөндеу жүргізілген, сақтау мерзімі 30 тәулікті құрайтын 54 дана бейнекамера орнатқан, 21 орындық «GOLDEN DRAGON XML6700J18C» маркалы микроавтобусын сатып алған және тағы басқасы бар, – дейді Жанар Мықтыбекқызы.Қызмет сапасында артықшылық бар ма?
Мемлекеттік медициналық мекемелерді жекешелендірілгеннен кейін қаржылық табыстың артқаны, әрине көңілге қонады. Ал, халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы жоғарылады ма? Бұның жауабын білу үшін Тараз қаласын-дағы жекешелен-дірілген бірер емханаларға тіркелген тұрғындардың пікірін де сұрадық. – Біз отбасымызбен Тараз қалалық №8 емханаға тіркелгенбіз. Иә, бұрын дәрігердің алдында кезек көп болатын және сол жерге барып кезекке тұратындықтан, кейде айқай-шу туындайтын жағдайлар да кездесетін. Қазір бәрі электронды жүйеге көшіп, қаралатын дәрігерге немесе тексерілетін медициналық аппаратқа алдын ала кезек алып қоясың да сол уақытында барасың. Тәртіп те орнап қалды. Енді әрине, дәрігер науқастарды қабылдап үлгермей қалса, әлі де аздап кезек күтуге тура келетін жағдайлар кездеседі, әйткенмен бұрынғыдан көп жақсарды. Қазір біздің №8 емханамыз «Мейірім» медициналық орталығына қарайды, сондықтан қандай да бір аппаратқа түсу керек болса, «Мейірімге» жолдамамен жібереді. Өздеріңіз де білесіздер, «Мейірім» облысымыздағы мақтаулы медициналық орталықтардың бірі. Дәрігер, мейірбикелерімізбен жиі байланысатындықтан, туыстардай болып кеткенбіз. Қай кезде қандай шағыммен барсақ та қабақ шытпай қабылдап, тиісті емін жасайды. Өзімнің шын разылық алғысымнан басқа айтарым жоқ, – дейді зейнеткер Райма Абдрахманова. Біз кездестірген бірқатар тұрғындар қазіргі уақытта жағдай біршама жақсарғанын айтқанымен әлі де мәселелер барын да жасырмады. – Менің қолымдағы келінім, шүкір, көпбалалы ана. Сондықтан, дәрігердің алдына жиі баратындардың біріміз. Тұрғылықты жерімізге байланысты Тараз қалалық №4 емхананың тіркеуіндеміз. Бұрын ғимараты өте ескі еді, кейін жекешелендірілгеннен соң күрделі жөндеу жасады. Бұрын болмаған аппараттарды орнатты. Онысына рақмет, әрине. Бірақ, ауруды анықтайтын аппараттарға кезекке қойғанда, қатты сырқаттансаң кезекке тұрған күн келгенше шыдай алмай ақылы аппараттарға түсесің. Сол ақылы қызмет өз емханамызда бар, асыққанда соған ақшасын төлеп түсеміз, амал жоқ. Тағы бір мәселе – бұрын талдамаларға жолдаманы мейірбикеден-ақ ала беретінбіз, қазір қандай талдауға тапсыратын болсаң, сол сырқат бойынша қарайтын маман дәрігердің қабылдауына жазылып қана ала аласың. Сосын, бұрын үлкендерді терапевт, балаларды педиатр қабылдайтын, қазір үлкені де, кішісі де бір дәрігерге барады. Сондықтан, дәрігеріміз бір күннің жартысында үлкендерді, келесі жартысында балаларды қабылдайтын график қойған. Бұл да өзіндік қиындықтарын туғызатыны белгілі ғой, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Шәркүл Маймишова. Яғни, дәрігердің алдында да, тексерілетін аппаратқа да кезек күту әлі де өзекті болып тұр. – Біз Тараз қалалық №2 емханаға тіркелгенбіз. Жақында кішкентай қызым науқастанып, дәрігерге келгенбіз. Мұндағы қызметкерлерге өте ризамын. Жақсы қабылдап, қажетті ем-домдарын жасады. Учаскелік дәрігеріміз Айжан Сатыбалдиева мен мейірбике Шынар Мекебаева және емхананың әкімшілік құрамындағы дәрігер Ұлболсын Бауыржанқызының қызметтеріне дән ризамын. Кішкентай балаларым болғандықтан да, кейде өзім де сырқаттанып, емханаға жиі барамын. Қай кезде барсақ та жақсы қабылдап, қарайды. Шыны керек, балаң ауырса уайымдап, жүйкең де жұқарып кетеді ғой, сондайда дәрігеріміз де, мейірбикеміз де «Ашуланбаңыз, денсаулығыңызды сақтаңыз, ұрыс-керіске жол бермейік» деп көңіліме қарап сөйлеп, мазасызданған көңіл-күйімді жылы сөздерімен тыныштандырады. Белгілі бір жағдайларға байланысты өзім уақытша №5 емханаға тіркелген едім, бірақ көп ұзамай бұрыннан қаралып жүрген №2 емханадағы дәрігеріме қайтып келдім. Себебі, №2 емханадағы дәрігер, мейірбикелер жылы қабақ танытқандықтан ба, жақын адамдарымдай көремін, – дейді жас ана Жансая Базарбаева. Бұл емхананың расымен де науқастарының көңілінен шығуға барын салатындарын біз де байқадық. Бұған өз жағдайыммен қайырылғанда көзім жеткен болатын. Ультрадыбыстық зерттеу аппаратына түсу үшін кезекке қойған мейірбике айтқан күні келгенімде, ондағы мамандар «Бүгінгі қабылданатындардың тізімінде сіздің есіміңіз жоқ» деп таңғалдырған. Бірден кезекке қойған мейірбикеге хабарлассам: «Айыпқа бұйырмаңызшы, сізге алдын ала ескертуді ұмытып кетіппін. Сізді кезекке қойғаннан соң жағдайы өте ауыр науқас келіп, сіздің орныңызға сол кісіні қоюыма тура келді», дейді. Бөлім меңгерушісіне барып, мейірбикенің салғырттығынан бір іс үшін қайта-қайта әуре болатыныма шағымданғанымда, қызметіне немқұрайлы қараған мейірбикеге «ақысын өзіңіз төлесеңіз де шақырған уақытыңызда келген пациентті УДЗ-ға қалайда қазір түсіртіңіз» деп тапсырып, сол күні жұмысымды бітіріп қайтқан едім. Тұрғындарға көрсетілетін қызметтің сапасын бізге пікір білдіргендерден білгеннен соң, емханалардың басшылықтарынан да жекешелендіргеннің айырмашылығын сұрадық. Бірқатар тұрғындар мақтаған №2 қалалық емханада сенімгерлікке өткенге дейін 475 штат болса, қазір мұнда 580 маман халыққа қызмет көрсетеді екен. Яғни, қызметкерлер қатары артқан. Сенімгерлікке берілгенде ешқандай штатты қысқартпау шарты қойылыпты. – Емханамыз жекешелендіруге берілгенімен қызметкерлер қысқартылған жоқ. Керісінше, аймақтық мейірбикелер саны көбейді. Мысалы, бұрын екеу болса, қазір әр аймаққа үш мейірбикеден бекітілді. 2021 жылдан бастап потранажды мейірбике штаттары қосылды. Аяғы ауыр келіншектерге қандай күтім керегін түсіндіріп, босанғаннан кейін сәбиі екеуінің жағдайымен жиі танысып, денсаулықтарын бақылауда ұстайтын патронажды мейірбике қызметі бұрын болмаған еді. Жаңадан дүниеге келген балаларды 5 жасқа дейін педиатр қарайды да одан кейін жалпы практикалық дәрігер үлкендермен бірге қабылдайтын болады. Мекемеміз жекешеге сенімгерлікке өткенімен қызмет көрсету аясы қысқарған жоқ, керісінше сапаны арттыру үшін кеңейтіліп жатыр, – дейді Тараз қалалық №8 емхананың бас дәрігерінің орынбасары Талант Шалқарбай. Халықтың денсаулығын сақтап, түрлі ауру-сырқаулардан қорғау мақсатында жұмыс істейтін медициналық мекемелер жекенің сенімгерлік басқаруына өтіп, ісі қаржылық, материалдық жағынан ілгерілепті. Бірақ, біз жүргізген әлеуметтік сауалнамамызға қатысқандардың 95 пайызынан кезек күту әлі де сол баяғы қалпында екенін естідік. Сөз соңында дәрігердің қабылдауына, ауруды анықтайтын аппаратураларға түсуге күттіретін кезек мәселесі шешілсе екен деген көпшіліктің тілегін айтқымыз келеді.Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді