Еңбек Ерлері елді мекендерді аралайды

Еңбек Ерлері елді мекендерді аралайды
ашық дереккөз
Еңбек Ерлері елді мекендерді аралайды
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Халық қаһармандары мен Қазақстан Еңбек Ерлерінің Жамбыл облысына сапары туралы» баспасөз конференциясы өтті. Басқосу барысында Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев өскелең ұрпақ арасында идеологиялық және патриоттық тәрбиені арттыру бағытында өз ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. «Tayelsiz Qazaqstannyn Halyq Batyrlary» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжан Ертаев, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбекова, аталған қоғамдық бірлестіктің атқарушы директоры Болат Ақжалов қатысқан жиын барысында Халық қаһарманы биліктегі азаматтардың басым көпшілігі елімізде қанша Еңбек Ері мен қаһарман батырдың бар екенін білмейтінін айта келе, жастарға патриоттық тәрбие беру ісіне басымдық беру жайында ойларын ортаға салды. – Қоғамдық бірлестіктің алға қойған мақсаттарының бірі – еліміздің жас жеткіншектеріне рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беру, ұрпақтар сабақтастығының дәстүрін жалғастыру, жалпыұлттық іс-әрекетті және күш-жігерді біріктіріп, мемлекет пен қоғамның өзара сеніміне негізделген саяси мәдениетті қалыптастыруға қолдау көрсету. Еліміз Тәуелсіздік алғалы уақыттан бүгінгі күнге дейін «Халық қаһарманы» атағын алған тұлғалардың саны – 36, ал «Еңбек Ері» атағын алғандар – 51. Барлығы 87 тұлға. Қазіргі кезде, «Халық қаһарманы» атағы бар 11, ал «Еңбек Ері» атағы бар 37 адам ортамызда өмір сүріп жатыр. Бұл дегеніміз – Қазақстан бойынша 48 батыр бар деген сөз. Қазіргі уақытта алға қойған жоспарлардың бірі, батырларды ел арасында, әсіресе жас буын өкілдерінің арасында насихаттау. Олардың өткен еңбек жолдары, жеткен жетістіктері жайлы және елімізге сіңірген еңбектері, атқарып жатқан жұмыстары туралы ақпарат тарату. Осы іс-шараларды жүзеге асыруда салалық министрліктер және облыс әкімдіктері өз үлестерін қосса деген үміттеміз. Бүгінгі таңда бірлестіктің 9 филиалы ресми тіркеуден өтті. Осы жылдың маусым айында Президенттің қабылдауында болған кезде бірлестіктің жоспарлары туралы баяндаған болатынмын. Президентіміз қолға алып жатқан бастамаларымыздың жобаларын қолдайтыны жайлы пікір білдірген болатын, – деген Халық қаһарманы өз аймақтарында туып-өскен батырлар туралы ақпарат жинап, насихаттау жұмыстарын қолға алу жұмыстарына тоқталды. Мұнан соң Ұлана Сламбекқызы 18-19 қараша күндері тағылымы мол шаралар Тараз шаһарында, «Жеңіс» саябағындағы батырлар ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталып, жас сарбаздардың ант қабылдау рәсімі, мектеп оқушыларымен кездесулер ұйымдастырылып, аудандарда жалғасын табатынын жеткізді.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар