Майнерлер бизнесмен бе әлде алаяқ па?

Майнерлер бизнесмен бе әлде алаяқ па?
ашық дереккөз
Майнерлер бизнесмен бе әлде алаяқ па?
Біздің елде криптовалюта көп өндірілсе де, жалпы криптоиндустрия кенжелеп қалғаны белгілі. Тек кейінгі жылдары криптобизнес қарқын ала бастады. Мәселен, былтыр ғана еліміз биткоиндердің хэш жылдамдығы бойынша екінші орынға шықты. Ал, бірінші орында АҚШ тұр. Бұл тізімдегі үштікті Ресей елі түйіндейді. Жалпы, Қазақстанда электронды валюта нарығының жоғары қарқынмен дамуының бірнеше себебі бар. Ең алдымен, біздің елде ТМД және Еуропа елдерімен салыстырғанда электр қуатының құны төмен. Нақтылай түссек, 1 кВт-тың орташа құны – шамамен 18 теңге. Қытай Халық Республикасымен көрші тұрғанымыз да әсер ететін фактор. Себебі, аспан асты елінің майнингке қатысты саясаты қатаңдатылған соң, майнерлер бұл елден кетуге, жабдықтарды сатуға шешім қабылдады. Осылайша, Қазақстан техниканы өткізу нарығына айналды. «FinReview.info» сарапшыларының есебінше, криптовалюта майнингі Қазақстанға жыл сайын шамамен 230 миллион доллар әкеледі. Бұл – ресми түрде жұмыс істейтін компаниялардың көрсеткіші. «Көлеңкелі айналымда» жүрген майнерлерді есепке алсақ, онда бұл сома сөзсіз 2-3 есе артады. Дегенмен, криптовалюта өндірісінің ұлғаюымен бірге электр қуатын тұтыну да күрт өсті. 2021 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш әдеттегі 2 пайыздан асып түсіп, рекордтық деңгейге яғни, 8 пайызға жетті. Мұның басты себебі – астыртын жұмыс істейтін майнерлер ресми тіркелгендерге қарағанда электр энергиясын екі есе көп тұтынатындығында. Осы себепті, энергияны көп көлемде бақылаусыз тұтыну салдарынан желідегі іркілістер мен электр қуатының үзілуі жиілеп кетті. 2021 жылы халықтың электр энергиясын тұтыну көлемі шамамен 20 пайызға артқан. Тіпті, кейбір өңірлерде тұрмыстық энергияны тұтынудың ұлғаюы нормадан 2-3 есе асып түскен. Бұған көлеңкелі айналымда жүрген майнерлердің қосқан «үлесі» көп. Яғни, кейбір майнерлер бизнесін тіркемей, тұрғын немесе тұрғын емес үй-жайларға орналасып, криптовалюта өндіруге кіріскен. Энергияны көп қажет ететін жабдықтарды халық тұтынатын жүйеге қосқан. «FinReview.info»-ның жазуынша, елімізде көлеңкелі майнингті азайтуға бағытталған нақты ережелер жоқ. Десе де, мұндай нормалар жуырда пайда болуы мүмкін. Өйткені, Үкімет саланы реттеу мен дамытудың толыққанды пакетін әзірлеуге кірісті. Сондай-ақ, көлеңкелі майнингпен күрес басталды. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, көлеңкелі майнингті азайтудың бірнеше жолы бар. Біріншіден, нарықтың заңды қатысушылары үшін криптобиржа және майнинг пулдарын құру қажет. Ал, «сұр майнерлерді» әшкерелеп, олардың жабдықтарын тәркілеу керек. Мұндай шаралар қазірдің өзінде қолданылуда. Мәселен, Алматы, Түркістан, Павлодар, Қарағанды облыстарында заңсыз майнингпен айналысқан фермалар анықталды. Бұл жұмысты әлі де жандандыру керек. Екіншіден, жеке тұлғалар үшін электр қуатын тұтыну нормаларын енгізу қажет. Мөлшерден артық тұтынылған электр қуаты үшін бизнеске арналған тариф бойынша төлем алу арқылы бақылау орнатуға болады. Үшіншіден, электр қуатын артық тұтынуға қатысты салық енгізу қажет. Себебі, барлық майнерлер үшін салықты жай ғана арттыру арқылы астыртын тұлғалардың әрекетіне тыйым салу мүмкін емес. Төртіншіден, мемлекет майнингтік фермалардың Қазақстанда жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін нақты шарттарын анықтауы керек. Мысалы, нарыққа өз капиталымен шығуға, жаңа электр стансаларын салуға, электр қуатының бір бөлігін майнингке бағыттап, қалғанын желіге шығаруға дайын ірі халықаралық корпорациялар бар. Шын мәнінде, бұл энергетикалық секторға салынған инвестицияның бір түрі. Мұндай корпорациялар майнингтік фермалардың дұрыс жұмыс істеуіне мүдделі болады. Жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстанда криптовалюта көп өндірілгенімен, жалпы криптоиндустрия нашар дамыған. Нарыққа қатысты басқа қызметтер (биржалар, төлем криптожүйесі, сақтау қызметтері) ұсынылмайды. Үкімет криптоиндустрияны дамыту мәселесін пысықтады. Демек, оның елге қосымша табыс әкелетініне көз жеткізді. Алайда, майнинг Қазақстанда жеке компаниялардың әрекетімен дербес дамыған болса, онда индустрияны тұтасымен реттемей қалыптастыру мүмкін емес. Реттеу тетігі болса ғана елдің қазынасына молаяды. Белгілі болғандай, нормативтік-құқықтық негіз әлі де әзірлену үстінде және мемлекеттің қандай нормативтік құжат қабылдайтыны белгісіз. Десе де, биыл «Астана» халықаралық қаржы орталығының негізінде крипто-биржалардың жұмыс істеу ережелері іске қосылмақ.

«ЦИФРЛЫҚ ТЕҢГЕ» АЛАЯҚТАРҒА ЖОЛ АША МА?

Әккі алаяқтар жұрттың әлсіз тұсын біледі. Себебі, цифрлық теңге әзірге пилоттық жоба болғандықтан, қазақстандықтар бұл тақырыпты толықтай түсіне қоймасы анық. Жалпы, алаяқтар қалай алдайды? Олардан сақтанудың жолы қайсы? Ендеше, тақырыпты тарқатып көрейік. Шын мәнінде, алыста отырып жұрттың ақшасын жымқыратын алаяқтардың айласы көп. Тіпті, бірсыпырасын жұрт та біледі. Сондықтан, әркім өзінше «күресіп» жүр. Біреуі – өзіне қоңырау түссе, телефон тұтқасын қоя салады, енді бірі – қазақша сөйлеп құтылған болады. Өйткені, әдетте елдің сыртында отырып телефон шалатын алаяқтардың сөйлеу мәнері сіз бен бізден өзгеше. Бұған дейін қылмыскерлер аңғал халықтың ақшасын алдап алу үшін қитұрқы әрекеттер ойластыратын. Бірі – құзырлы органның өкілі болып қоңырау шалса, енді бірі – Ұлттық банктің қызметкері болуды ұйғарады. «Арнайы операция» жүріп жатыр, банк қызметкерін ұстаймыз, соған көмектесу керек» деген желеумен азаматтарға несие алғызып, үшінші тұлғаның шотына ақша аудартып алғандар да болды. Алданып, сан соғып қалғандар да аз емес. – «Ұлттық банк қызметкерімін» деп бейтаныс біреу қоңырау шалса, әңгімені сол бойда үзген дұрыс. Себебі, Ұлттық банк жеке тұлғаларға қызмет көрсетпейді, несие рәсімдемейді, халықпен ақшалай есеп айырыспайды. Сондықтан, қазақстандықтар белгісіз біреуге телефон арқылы дербес деректерін жарияламағаны дұрыс. Қосымша сұрағы болса, 1477 нөмірі бойынша Ұлттық банктің байланыс орталығына немесе құқық қорғау органдарына жүгінгені жөн, – дейді Ұлттық банктің баспасөз хатшысы Асан Ахметжан. Рас, соңғы кезде алаяқтар «Цифрлық теңге» жобасының айналасына шоғырланып жүр. Себебі, бұл – қазір қоғамда өте жиі көтеріле бастаған тақырып. Алаяқтар көпшіліктің бұл тақырыпқа жетік емес екенін жақсы біледі. Соны «ұтымды» пайдаланып жүрген әккілер «Цифрлық теңгеге инвестиция салыңдар» деген желеумен түрлі сайттар ашқан. Қазақстандықтар бұл жағынан абай болғаны дұрыс. Себебі, «Цифрлық теңге» жобасы – ел азаматтарынан инвестиция тартпайды. Бұл ретте Асан Ахметжан: «Азаматтардың жеке деректері мен қаражатын қолды қылу үшін алаяқтар «Цифрлық теңге» жобасы бойынша жалған веб-сайттар мен әлеуметтік желілерде парақшалар ашып жатыр. Ұлттық банк мұндай интернет-ресурстарға сенбеуге, жеке бастың байланыс деректері көрсетілген кез келген бланкті толтырмауға кеңес береді. Егер жеке деректерді жіберіп қойған болсаңыз, дереу құқық қорғау органдарына хабарласу керек», – дейді. «Цифрлық теңге» жобасы – төлемдер мен ақша аударымдары саласында Қазақстанның ұлттық валютасы үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған. Цифрлық теңге қазір сынақтан өткізілу кезеңінде. Ал «.kz» домендік кеңістігінен тыс тіркелген сайттардың бұл жобаға еш қатысы жоқ. Алдағы уақытта «Цифрлық теңге» туралы толық мәлімет беруге тырысамыз.

КӘСІПКЕРЛЕРДЕН «АЛАЯҚ» ЖАСАЙТЫН ЕКІ БАП

Жуырда Қазақстанда кассациялық соттар пайда болуы мүмкін. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміров мұндай соттар «әділеттілікке жол» деп неліктен аталатынын, заңның жетілмегендігіне байланысты кәсіпкерлер құқық қорғау органдары тарапынан қысымға қалай ұшырайтынын айтты. «Қарапайым сөзбен айтсақ, бізде істер қылмыстық, азаматтық және әкімшілік деп үшке бөлінеді. Егер әкімшілік істер бойынша «есік» үнемі ашық тұрса, кассацияға барлық істер кіреді, қылмыстық істер бойынша «терезе» болса, азаматтық істер бойынша кішкентай «саңылау» ғана бар. Адамдар қылмыстық істер бойынша неліктен кассацияға аз ғана шектеумен жете алатынына таңғалады. Ал, азаматтық істер бойынша ақшалай шектеулер де, істі алдын ала қарау да бар. Сондықтан, біз «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының атынан Сот әкімшілігі, Жоғарғы соттың басшылығымен бірнеше рет кездесіп, мәселені талқылап, оларға аудандық кассациялық соттар құруды ұсындық. Егер Астана қаласында әкімшілік, азаматтық және қылмыстық істер бойынша үш кассациялық сот құрылатын болса, онда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл позициямен келіседі. Өйткені, бұл шара бизнестің кассациялық сатыға шығуын қамтамасыз етеді», – деді Ербол Өстеміров. Спикер еліміздің Президенті өз үндеуінде әкімшілік әділетті кеңейту және нығайтуды тапсырғанын еске салды. Бұл ретте әкімшілік әділет саласында шағымдар аз. Істердің шамамен 64 пайызы кәсіпкерлердің пайдасына шешіледі. «Бұл ретте бизнес-қоғамдастықтың атынан Ұлттық палатаға жыл сайын 4 мыңға жуық өтінім келетінін атап өтемін. Кәсіпкерлер негізінен құқық қорғау органдары, бақылаушы мемлекеттік органдар тарапынан қысымға және сот шешімдеріне шағымданады. Ең жиі кездесетін проблемалар – құқық қорғау органдарының тергеу әрекеттері, жауап алу, тінту, құжаттар, соның ішінде түпнұсқалар, серверлер, компьютерлерді алып қою мәселесі. Қазір мемлекеттік органдар кәсіпкерлердің қызметін тоқтатуға құқылы. Мұндай фактілер өте көп», – деп атап өтті «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары. Сондықтан спикердің айтуынша, кәсіпкерлерге қатысты тергеуге дейінгі тексерулердің жеке тәртібі қажет. Мерзімдерді нақты белгілеу қажет, кәсіпкердің мүлігінен алуға болатын және мүмкін емес нәрселердің нақты тізімін бекіту керек. «Мысалы, құқық қорғау органдарында кәсіпкерлерді жауапкершілікке тартуға болатын ең танымал екі қылмыстық бап бар. Атап айтқанда, «Бөтеннің мүлкін иемдену» және «Алаяқтық» баптары. Бизнеске қатысты алаяқтық бойынша жылына 20 мыңға жуық іс қозғалады. Ал, бөтеннің мүлкін иемдену бойынша 2 мың іс қозғалады. Әдетте, істер жәбірленушілердің алдау және алаяқтық туралы өтініштері үшін емес, жедел қызметкердің бұзушылықты байқағаны туралы жазбасы негізінде қозғалады. Содан кейін қылмыстық қудалаудың барлық ауыртпалығы кәсіпкердің басына түседі. Демек, құқық қорғау органдарының қолымен жасалған рейд болады», – деп қорытындылады Ербол Өстеміров.

ЗАҢСЫЗ 9 КРИПТО АЛМАСТЫРҒЫШТЫҢ ҚЫЗМЕТІ ЖОЙЫЛДЫ

Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов Мемлекет басшысына Қаржылық мониторинг агенттігінің биылғы 9 айда атқарған жұмыстарының нәтижесі және алдағы уақытқа арналған жоспары туралы баяндады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа жыл басынан бері мемлекетке жалпы сомасы 217 миллиард теңге болатын активтер қайтарылғаны, сондай-ақ көлеңкелі экономиканың деңгейі 18,7 пайызға дейін төмендегені жөнінде мәлімет берілді. Сонымен қатар, Жанат Элиманов құқық қорғау органдарына 229 талдау материалы жолданғанын, есірткі сатушылардың қаржылық операцияларын бұғаттау тәжірибесі жолға қойылғанын айтты. Сондай-ақ, криптоактивтерді пайдалана отырып жасалатын экономикалық қылмыстарға қарсы іс-қимыл жөніндегі арнайы бөлімше құрылған. Крипто-әмияндарға тыйым салу және цифрлық валютаны алып қою тетігі әзірленген. Заңсыз 9 крипто алмастырғыштың қызметі жойылған. Ондағы қаржы айналымы 17 миллиард теңгеден асқан. Президентке Қазақстанда алғаш рет криптовалюта арқылы қылмыстық жолмен тапқан 47 миллион теңге табыс тәркіленіп, Агенттіктің «Binance» криптобиржасындағы арнайы шотына салынғаны жөнінде баяндалды. Бұдан бөлек, террористік және экстремистік ұйымдардың шоттарына қаражат аударуды көздеген 976 әрекет анықталып, бұғатталған. Экономикалық құқықбұзушылықтардың кейбір белгілері бойынша қылмыстық қудалауды жеңілдету (декриминализация) туралы ұсыныстар енгізілген. Бұл кәсіпкерлерді қорғау шараларын күшейтуге мүмкіндік береді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Агенттік қызметінің негізгі бағыттары бойынша бірқатар нақты тапсырма берді. Мемлекет басшысы адал бизнесті қорғау, қаржы және экономикалық қылмыстарға қарсы күрес шараларын күшейту қажет екенін ерекше атап өтті.

КЕНШІЛЕР ҚАЛАСЫНДАҒЫ ҚАРЖЫ ПИРАМИДАСЫ

Тергеу барысында анықталғандай, Қарағанды облысының тұрғыны бұрын қаржы пирамидасы арқылы халықтан ақша жинағаны үшін сотталған, ол жеке тұлғалардан 50 пайыздан 300 пайызға дейінгі мөлшердегі төлемдерді уәде ете отырып, 1 күннен 3 күнге дейінгі мерзімге 50 мыңнан 300 мың теңгеге дейін көлемінде қаражат тарту арқылы WhatsApp және Telegram мессенджерлерінде чат құрған. Ақша банктік қосымша арқылы аударылған. Күдікті ұсталып, оған қатысты 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алдын ала тергеулер «Өзіміз гой Арай» чатында 100-ден астам қатысушыны анықтады. Қазіргі уақытта «Люкс чат», «Чек чат Люкс 100%», «Вклад чат 50%» деп аталатын чаттардың салымшыларын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қылмыстық процессуалдық Кодекстің 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды.

БАТЫСТАҒЫ ИНТЕРНЕТ-КАЗИНО

Қаржы мониторингі агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті заңсыз ойын бизнесін онлайн форматта (интернет-казино) ұйымдастырған 3 тұлғаға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізуде. Ұйымдастырушылар Қазақстан аумағында тыйым салынған сайттарға сілтеме мен біржолғы логин және пароль беріп, ойыншылардан банк қосымшасы арқылы ставкалар қабылдаған. Осылайша, олар ойыншыларға нақты ұтыстар бере отырып, тиісті лицензиясыз құмар ойын түріндегі заңсыз қызмет көрсеткен. Алдын ала есеп бойынша, заңсыз қызметтен түскен қаржы айналымының жалпы сомасы 490 миллион теңгені құрады. Ойыншылар саны 800 адамнан асады. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарды заңсыз ойын бизнесіне тарту фактілері тексерілуде. Жүргізілген тінту нәтижелері бойынша заңсыз ойын қызметіне қатысты заттар мен құжаттар, сондай-ақ ақшалай қаражат табылып, тәркіленді.

ЖАРНАМАҒА АЛДАНЫП, ҚАРАЖАТЫНАН ҚАҒЫЛДЫ

Алаяқтарға алданып, миллиондаған ақшасынан айырылып қалғандардың қатары күн санап көбеюде. Мәселен, 37 жастағы ауыл тұрғыны криптовалюта алып, қайта сатудан ақша табуға уәде берген қаржы компаниясын YouTube-тан көріп қалған. Ер адам бірнеше сілтемені басқаннан кейін, оған бірден алаяқтар хабарласқан. Олар қаражат салып, инвестициялау арқылы компаниядан дивидендтер алуға болатынын айтады. Бастапқыда ауыл тұрғыны көлік сатып алуға алған несиенің екі миллион теңгесін аударған. Содан кейін, бір ай бойы алаяқтар жәбірленушіге үнемі қоңырау шалып, оның шотына пайыздар есептеліп жатқанын, бірақ оны да көбейтуге болатынын айтып сендіреді. Оларға сенген ауыл тұрғыны тағы да төрт несие алып, туған-туыстарынан қарызға ақша алып, жеке жинаған ақшасын түгел салады. Қылмыскерлердің әрекетінен келген шығын 8,7 миллион теңге болған. Уақыт өте ауыл тұрғыны полицияға арыз жазған. Бұл факт бойынша соталды тергеу амалдары басталып, жедел іздестіру және тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.  

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар