- Advertisement -

Ұлы адам ұмытылмайды

51

- Advertisement -

Қазақ тарихындағы елеулі де еңселі кезеңдердің бірі – Дінмұхамед Қонаев дәуірі екені бүкіл халыққа белгілі. Ол – барлығымыздың жадымызда заңғарлығымен, Алатаудан биік асқарлы қалпымен сақталып қалған тарихи тұлға. Биыл елінің дара перзенті Димекеңнің дүниеден озғанына 30 жыл өтті. Осыған орай, бірқатар еске алу іс-шаралары жүзеге асты. Тараз қаласындағы Қонаевтың еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қойған көпшіліктің қарасы аз болмады. Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерін еске алуға арнайы дастарқан жайылып, рухына Құран бағышталды.

Сол сауабы мол жиында сөз алған өңірдің ардақты ақсақалдары Амангелді Карентаев пен Еркінбек Солтыбаев қазақтың Қонаевы өмірден озған күнді дәстүрлі түрде Қонаевты еске алу күніне айналдыру туралы ойларын ортаға салды. Бұл ой көптің көңілін дөп басқанына еш күмәнім жоқ.

Себебі, елім деп ерен еңбек етіп, соңғы демі біткенше халқының қамын адалдықпен ойлап өткен тұлғаны ұмытуға болмайды. Бұл орайда Халықаралық Қонаев қорының облыстық филиалы (Қонаев орталығы) бірқатар іс-шараларды жасап келеді. Қазіргі таңда Тараз қаласындағы мектеп ұжымдары ай сайын оқушыларын ертіп, біздің филиалға келіп тұрады. Біздің оларға көрсететін мұраларымыз, тарихи материалдарымыз өте көп.

2022 жылы Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдығына орай «Айналайын ақпейіл жұртым» атты көркемделген кітап шығарылды. Бұл кітап халық арасында «Алтын кітап» деп аталып кетті. Менің айтайын деген ойым, осы кітапты оқушылар арасында, одан бөлек оқырмандар арасында көп тарататын болсақ, Қонаевты насихаттаудың анық үлгісі болар еді. Кітапты көбірек данамен қайта бастырып шығаруға да демеушілердің қолдауымен мүмкіндік туып отыр. «Дінмұхамед Қонаевтың даналық сөздері» атты кітап та дайын. Тек демеушісін күтіп отыр. Себебі, Қонаев ақсақалды барша халық жақсы көреді. Ол кісінің кезінде әр облыс, ауданды аралаған сәттерінен талай тарихи естеліктер қалғаны анық. Оның ізгі қасиетінің биігі – қарапайымдылығы мен парасаты. Тұлғаның қарапайым еңбек адамдарына деген құрметі ел ішінде аңыздай болып айтылады.

Жалпы, Қонаевтың халықаралық қоғамдық қорының жұмысына бұрынғы облыс әкімдері Бердібек Сапарбаев пен Нұржан Нұржігітов мырзалар ерекше қолдау білдірген еді. Қазіргі таңда облыс әкімі Ербол Қарашөкеев те жақында Қонаевтың халықаралық қоғамдық қорының облыстық филиалы төрағасын қабылдап, Қонаевтың мұраларын сақтауға қолдау білдіретін ниетін танытты. Ол үшін Ербол Шырақпайұлына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Барлықтарыңызға белгілі Д.Қонаевтың Халықаралық қоры облыстық филиалы орналасқан ғимарат «Д.А.Қонаев орталығы» болып қайта жаңғырды. Бүгінгі таңда облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасымен бірлесіп жұмыс жүргізіп келеміз.

 

Жапар КҮЗДЕУБЕКОВ,

Д.Қонаевтың Халықаралық қоры облыстық филиалының кеңесшісі.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support