Чемпиондар шыққан мектеп

Чемпиондар шыққан мектеп
ашық дереккөз
Чемпиондар шыққан мектеп
Майтөбе ауылы – Қаратау тауларының бөктері мен Билікөл көлінің жағасында орналасқандықтан, әсем табиғатымен ерекшеленеді. Ауыл тұрғындары Билікөлдің тайдай тулаған балығын аулап, күн шұғыласын төгіп, көктем туысымен Айырсай, Берікқара, Ақсақалсай, Тұттысай және басқа да тау бөктеріне шығып, таудың тұмса табиғатының саф ауасымен тыныстап жүріп еңбек етеді. Мұндағы әр шаңырақ ірі қара мал асырап, өріске бағып, отын шауып, шөп жинап, ауылдың күйбең тіршілігіне болаттай берік. Ауыл балалары күншуақта асыр салып, күн көзінің нұрына еркелеп өсіп келеді. Еңселі елдің ертеңінің үмітін арқалаған балалар 1983 жылы пайдалануға берілген 3 қабатты Амантай Дәулетбеков атындағы орта мектепте білім алуда. Мектепке неге Амантай Дәулетбеков аты берілген, жалпы бұл кім, қандай еңбек сіңірген деген сұраққа жауап іздедік. Амантай Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Түгіскен ауылының күншығыс жағындағы «Ақкеңес» жерінде дүниеге келген екен. Өткен ғасырдың 20-30-жылдарында қалың ел Бетпақтың шөлейті мен құмын басып 400-500 километр жерге қоныс аударады. Солардың арасында Амантайдың да отбасы болды. Жаңа жерге келгендер осында тұрақтап, колхоз құрып ұжымдаса еңбек етті. Алайда, маңдайға жазған тағдыр Амантайды ата-анадан ерте айырды. Сөйтіп, бала Амантай үлкендерге еріп, Талас ауданындағы Майтөбе ауылына көшіп барады. Жетінші сыныпты бітірген соң, Жамбыл зооветеринарлық техникумына түсіп, оны ойдағыдай аяқтап, Майтөбе ауылында жұмысшы, зоотехник болып жұмыс істейді. Ауылда жүріп қоғамдық істерге араласып, кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметіне дейін көтеріледі. 1939 жылы Амантай Қызыл әскер қатарына шақырылып, әскери қызметті Қиыр Шығыста бастайды. Екі жыл өтісімен Ұлы Отан соғысы басталып, Амантайдың әскери қызмет атқарып жатқан полкі елімізді қорғау үшін әскери оқу- жаттығу дайындығын шапшаң өткізіп, 1942 жылы майданға жіберіледі. Фашистермен шайқаста өзінің қайсар мінезімен танылған ол Кеңес Одағының батыры, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері, майдан алаңында оғы таусылған бетте қолма-қол ұрыста ерлікпен қаза тапқан. Амантай Дәулетбековтің есімі Курск түбіндегі шайқаста ерлікпен соғысып, қаза тапқан батырлармен бірге Ресейдің Поныров ауданындағы мемориалдық кешенде алтын әріппен жазылған. Бүгінде мектепте батырға ескерткіш- бюст қойылған. Оны кәсіпкер Досан Рымтай өз қаражатымен салдырыпты. Осындай батыр ұлдың атымен аталған мектеп 2009 жылы күрделі жөндеуден өткен. Батырдың атымен аталған мектептен физика- математика ғылымдарының докторы, профессор Нарғозы Данаев түлеп ұшқан. Сондай-ақ, журналистика саласында елге танылып жүрген Ұлбосын Айтөлен де осы мектептің мақтанышы. – Бүгінгі таңда мектепте білім алып жүрген 370 оқушыны 62 ұстаз білім нәрімен сусындатып жүр. Балалардың тәрбие мен білім бағытында біліктілігін жетілдіру мақсатында түрлі жобалар жүзеге асырылып келеді. Тәрбие бағыты бойынша «Үйдегі көне сурет тарихы» жобасы үнемі оқу процесінде жүзеге асып отыр. Ал, білім бағытында сабақты зерттеу, іс-әрекеттегі зерттеу мен құрылған шығармашылық топтар өз жұмыстарын жетілдіріп келеді. Мектеп бойынша 184 бала бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. Әсел Жанболат облыстық «Bala ART» байқауына қатысып, Алғыс хатпен марапатталған. Спорт саласынан да оқушылар құр алақан емес – Диляра Құрманғали, Болатбек Арнат, Сәбитбек Ақниет бокстан және күрестен Қазақстан Республикасының чемпиондары. Одан бөлек, білім сайыстарында да ұстаздар мен балалар жүлделі орындардан көрініп жүр. Осы мектептің қабырғасында жүрген әрқайсысының жетістігі мектептің мақтанышы, абыройы екені анық, – дейді мектеп басшысы Ержігіт Ияукулов. Бүгінде аталмыш білім ошағы түрлі заманауи құрылғылармен қамтылған. Сондай-ақ, ауыл балаларының таным көкжиегін кеңейтіп, көкірек көзін ашу мақсатында түрлі бағыттағы ұйымдар мен топтар жұмыс істейді. Мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дина Жұмағұлованың ұйымдастыруымен түрлі іс-шара қолға алынған. Оның ішінде «Ата-аналарды педагогикалық қолдау бағдарламасы» бойынша 1-4-сынып оқушыларының ата-аналарына арналған «Отбасы – бақыт бесігі», «Ана-ана өмірінің басты мақсаты – бақытты адам тәрбиелеу» тақырыптарында сабақ өтеді. Ата-ана, ұстаз бен оқушы үнемі байланыста болып, әрқайсысының орны ерекше екендігін сезіндіріп, баланың бос уақытын тиімді пайдалануына, тәрбиесіне көп әсері болады. Сондай-ақ, позитивті ата-ана болудың мәнін, қағидаттары мен дағдыларын игеру арқылы ата- аналардың педагогикалық мәдениеті дамиды. Мектеп оқушылары, әсіресе, күз мезгілі келіп жетісімен сән-салтанаты жарасқан көңілді кештер бірінен соң бірі бой көтеріп, оқушылар үшін көңілді де қызықты сәттер кезеңі басталады. Балалардың ұйымшылдығы мен қызығушылығын арттырып, ой-өрісін кеңейтіп, табиғат сұлулығын сезіндіріп, оны аялай білуге тәрбиелеу мақсатында «Алтын күз», «Күз ханшайымы» сынды байқаулар өткізіледі. Сонымен қатар, ұстаздардың қолдауымен оқушылар «Қариясын қастерлеген ел ардақты» қайырымдылық акциясы аясында қарттардың есен-саулығын біліп, ауласын сыпырып, үйін жинастырып, қолғабыс береді. – «Мейірім – жүректен, қайырым – білектен» демекші, 7 «ә» сынып оқушыларымен бірге қазыналы қарт Айбаршын анаға қайырымдылық қолғабыс жасадық. Себебі, ата-әжелердің мектебінен өткен ұрпақ бүкіл елдің мақтанышына айналатыны сөзсіз. Ұрпағы құрметтеген ата-ана әрқашан да бақытты. Балалар қарт ананың батасын алып, мәз-мейрам болып қайтты, – деді тарих пәнінің мұғалімі Гүлжазира Өмірбекова. Сондай-ақ, мектеп іргесінде «Балауса» бөбекжай бақшасы да жұмыс істеп тұр. Бақша мектептің бір жақ бөлігінің бірінші қабатында орналасқан. Мұнда мектепке дейінгі тәрбиемен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары, оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламалары қолға алынған. – Қазіргі таңда мұнда ересек және ортаңғы топтарда 50 бала тәрбиеленуде. Оларда 4 тәрбиеші еңбек етеді. Әр топтың өз жатын, ойын бөлмелері стандартқа сай. Су құбыры ішке орналастырылған. Бүлдіршіндердің жанары бал-бұл жанып, бақшаға асығып келеді, – деді балабақша меңгерушісі Гаухар Әзімбаева.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Талас ауданы

Ұқсас жаңалықтар