Миллион бұйырған білім ошағы

Миллион бұйырған білім ошағы
ашық дереккөз
Миллион бұйырған білім ошағы
Мектеп – болашақ негізін қалыптастыратын, ел мерейін асқақтататын құтты мекен. 1976 жылы Құлан ауылында Ворошилов атындағы орта мектебінің іргетасы қаланған болатын. 1993 жылы оған №2 орта мектеп атауы берілген. 2017 жылдан бастап мектеп Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектебі болып өзгертілген. 2021 жылы күрделі жөндеуден өтіп, материалдық-техникалық базасы түгелдей жаңартылған. Мектепте жалпы 203 мұғалім жұмыс істейді. Бүгінгі күні мұнда 1722 оқушы білім алуда. Мектеп ұжымы республикалық «Орта білім беретін үздік ұйым» байқауының аудандық кезеңінде бірінші орынды иеленіп, облыстық кезеңінде жеңімпаз атанып, «Үздік инновациялық мектеп» номинациясы мен 1 миллион теңгелік сертификатты иеленді. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ның 10 жылдығына орай, «Ауылдық мектептің цифрлық бейнесі» республикалық конкурсының облыстық кезеңіне белсене атсалысып, оқу-әдістемелік жұмыста инновациялық технологияларды тиімді қолданып және ақпараттық және мультимедиялық технологияларды тәжірибеге ендіріп, жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін III дәрежелі дипломмен марапаттаған. Бүгінгі күні білім мен тәрбие берудің парадигмасы өзгеріп, білім берудің мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас, жаңаша қарым-қатынастар пайда болып жатқан ауқымды өзгерістер, түрлі ынталы бастамалар мен түрлендірулерге кеңінен жол ашылуда. Осы тұрғыдан алғанда педагогикалық қызметтің тиімділігін арттыру, оны жаңа сапада ұйымдастыру қажеттілігі туындайды. Инновациялық стратегиялар, заманауи технологиялар және тың жаңашыл жобалардың бәрі оқушылардың ойлау, есте сақтау, шешендікке, шығармашылыққа баулу, эмоционалды интеллектісін дамыту зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға бірегей үлесі мол. Осындай инновациялық технологияларды жүзеге асыра отырып, оқушылардың эмоционалды интеллектісін дамыту үшін аталмыш мектепте 2022-2023 оқу жылының қыркүйек айынан бастап облыстық білім басқармасының қолдауымен «Ауыл мектебі жағдайында оқушылардың сыни ойлауы және эмоционалды интеллектісін дамытудың педагогикалық негіздері» тақырыбында ғылыми-педагогикалық эксперименттік алаңы өз жұмысын жүргізе бастады. Осы бастаманы лайықты талдап жүргізу үшін ғылыми жетекші – психология ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры Нұргүл Тоқсанбаева бекітілген. Аталған тақырып аясында «Оқушылардың эмоциялық интеллектісін дамытудағы сыни ойлаудың маңызы» атты тақырыпқа бағдарлама, жылдық жоспар құрылып, кешендік мақсаттық бағдарламаны жүзеге асыру бойынша педагогикалық ұжымның іс-әрекеттер жоспары жасалған. Кешендік жоспар 11 бөлімнен, яғни мақсат-міндеттерден және күтілетін нәтижеден тұрады. Бұл орталықта эмоциялық интеллектісі төмен көрсеткен сыныптар мен жұмыс жүргізіп, эмоционалды интеллектісін көтеру үшін EQ-ы жоғары мұғалімдерді саралап, анықтау үшін психологтар мен мұғалімдерден IQ (Р.Амтхауэр) тесті алынып тұрады екен. Нәтижесінде интеллектісі ең жоғары көрсеткен пән мұғалімдері аталған сыныптарға сабақ беріп, жұмыс жоспарлары бойынша іс жүргізуде. Пән мұғалімдері эксперименттік алаңға түскен сыныптарға түрлі әдіс-тәсілдерді кіріктіріп, БЛУМ таксономиясының сатыларын орынды қолданып, сын тұрғысынан ойлауды дамыту технологиясының стратегияларын тиімді пайдаланып, оқушылардың эмоционалды интеллектісін дұрыс қалыптастыруда жұмыс атқарып келеді. – Оқушылардың өзара қарым- қатынастарын жақсартуға және нәтижесінде сыныптың ауызбіршілігі мен ұйымшылдығын арттыруға «Тимбилдинг» әлеуметтік-психологиялық тренингіде қолданылады. Оның негізгі мақсаты – оқушылар ортасында берік достық қарым-қатынасты және өзара көмек көрсету принциптерін құру. Дене шынықтыру пәнінің де эмоционалды интеллектісі басым оқушыларды тәрбиелеуде алатын орны ерекше. Ол оқушының қозғалысы арқылы дене дамуына, сондай-ақ әлеуметтік, дербес және рухани қасиеттерін қалыптастыруына, ми жасушаларының дамып, жетілуіне ықпалы тиеді. Дене қозғалысын дамыту мақсатында асық ату, дойбы, қолөнер, робототехника, би әлемі, шахмат, күрес, сахна тілі, көркемсөз үйірмелері де жұмыс жүргізуде. Аталған үйірмелер мен дене шынықтыру пән мұғалімдері бүгінгі күнге дейін эксперименттік алаңдағы сыныптарға эстафеталық ойын, қимыл- қозғалыс ойыны, спорттық ойындар жүргізіп келеді. Пән мұғалімдері оқушыларды сыни тұрғыдан ойландыра отырып, осы жаттығуларды күнделікті сабақта және сыныптан тыс іс- шаралар мен қосымша білім беру бағдарламаларының аясында қолдануда. Қосымша білім беру педагогтері Қашаған Нұрқасым «Табиғат сырлары», Фарида Баетова «Сыни ойлау негіздері», Нұрмахан Жүндібай «Қызықты грамматика» атты бағдарламаларын жасап, эксперименттік алаңдағы сыныптармен жұмыс жүргізуде. Аталған авторлық бағдарламаларда жоспарланған тақырыптар бойынша жазылған күнделікті сабақ жоспарлары оқушылардың эмоционалды интеллектісін көтеру мақсатында 4 компонент пен сын тұрғысынан ойлау технологиясының әдіс-тәсілдерін әр сабақтарына кіріктіріп отыр, – дейді мектеп директорының ғылыми- әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Анар Сүлейменова. Эксперименттік алаңның ашылғанына 4 ай уақыттың ішінде демеушілердің қолдауымен мектептегі бірінші қабатқа «Эксперименттік алаңның» стендісі жасалып, «Эмоционалды интеллект» кабинеті жабдықталған. Мектептегі атқарылып жатқан эксперименттік алаң бойынша 2 айда бір рет «EQ – тынысы» атты газет шығарылуда. Эксперименттік алаңға жетекшілік ететін директордың орынбасары Мәулен Тобугов та өз тарапынан аянбай еңбек етіп келеді. Ғылыми жетекші Нұргүл Тоқсанбаева мектеп педагогтеріне эмоционалды интеллект аясында бірнеше рет семинарлар ұйымдастырып, тақырып аясында білім жетілдіру курстарын оқып, сертификат табыстап отырады. Бұл оқу ордасы оқушыларға адамгершiлiк мәдениетiн қалыптастыру сөзге ғана емес, тiкелей қоршаған ортадан алған әсерге байланысты екенін негiздей отырып жұмыс істеп келеді. Осы тұрғыда мектеп жасындағы оқушылардың адамгершілік қасиетін дамытып, эмоциялық интеллектісін қалыптастыратын психологиялық- педагогикалық әдісті қолданады. Сабақ барысында және сыныптан тыс іс- шаралар мен қосымша білім беру бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстардың барлығы дерлік оқушының әлеуметтік құзыреттілігін дамытуға негізделген. Мектеп қабырғасында қолға алынып отырған барлық әдіс-тәсілдер оқушының өзін- өзі басқарудағы әлеуетін арттыруға өзіндік септігін тигізеді. Балаларға қолдау көрсету арқылы ақыл-есі толық дамыған, ойлау қабілеті шыңдалған, эмоциялық интеллектісі басым тұлға тәбиелеу – бұл ортаның басты мақсаты.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Т.Рысқұлов ауданы

Ұқсас жаңалықтар