Өнерге деген қамқорлық осылай болса игі

Өнерге деген қамқорлық осылай болса игі
ашық дереккөз
Өнерге деген қамқорлық осылай болса игі

Әулиеата өңірі – қашанда өнерлілер мен өрелілердің алтын құндағы, қасиетті мекені. Жыр алыбы Жамбыл бабаның да кіндік қаны осы өлкеде тамса, ол кездейсоқтық болмағаны. Демек, бұл жер киелі. Одан бергі көмейіне жыр қонған Кенен, Сауытбек, Ұлбике, Мәйкөт, Қошан, Шона секілді ән мен жырдың дүлдүлдері осы өңірдің бір-бір өнер мектебі. Кезінде осынау өнер үрдісі өңірімізде бір жерде тоғысып, бір жерде шыңдалды. Ол біздің қаламызда орын тепкен байырғы Жамбыл мәдени-ағарту училищесі болатын. Байырғы деп отыруымыздың өзіндік себебі бар. Қазақ энциклопедиясында «республикадағы алғашқы» деп үш өнер оқу ордасы көрсетілген. Олар: Алматы театр училищесі, Алматы хореография училищесі және Жамбыл мәдени-ағарту училищесі. Ол кезде онда еліміздің мәдениет, өнер саласына белгілі Шора Теміров, әйгілі «Талас» күй-эпопеясының авторы Мәлкаждар Әубәкіров, қазаққа қайталанбас «Өрлеу» күйін сыйлаған Садыхан Әубәкіровтер қызмет етті. Олардың алдынын атақты опера әншісі, Италияның Ла-Скала театрында ән салған Амангелді Сембин, Алтынбек Қоразбаев, Бағдат Сәмединова, Әбиірбек Тінәлі, т.б.өнер жұлдыздары өнерге жолдама алды. Сол іргелі оқу ордасы кезіндегі оңтайландыру саясатының құрбанына айналып, жабылып қалған болатын. Одан беріде жиырма жылдың жүзі болды. Ал оның зардабы енді біліне бастады. Қазіргі күні аудан, ауыл мәдениет үйлерінің, клубтардың кейбірінде кездейсоқ мамандар қызмет етуде. Тіпті, облыстық филармония жанындағы оркестрдегі домбырашылардың да жасы егде тарта бастады. Маман тапшы. Талай уақыттан бері камералық-ішекті аспаптар оркестрін құра алмай келеміз. Оның басты себебі, музыканттар жоқ. Керек десеңіз, бүгінде облысымызда жекелеген скрипкашыны да кездестіру қиын. Бұл жағдай бізді өнер жанашырларын қатты қынжылтып келген. Таяуда облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың оқу орнын қайта ашу жөніндегі бастамасын естіп шын жүрегімізбен қуандық. Мұндай оқу орны – өнердің, мәдениеттің іргетасы, негізі. Өнері өрісті, мәдениеті келісті елдің қашанда рухы биік. Өнердегі ең басты олқылықтың орнын толтырудағы игі бастамаңыз үшін, өзіміздің облыстық «Ақ жол» газеті арқылы алғысымызды білдіргіміз келеді. Жаңа жылда Кәрім Нәсбекұлы, Сізге жақсылық, үй-ішіңізге амандық, деніңізге саулық тілейміз. Ел үшін еткен еңбегіңіз баянды болғай! Құрметпен: Яхия Шынәсілұлы, қарт ұстаз, театр сыншысы, соғыс және еңбек ардагері. Жандар Кәрібаев, қоғам қайраткері. Әлібек Әмзеев, мәдениет саласының ардагері. Мәкен Рахымжанова, Қазақстанның халық артисі.

Ұқсас жаңалықтар