«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қайтарымсыз қаржыға үміткерлер іріктелді

Қайтарымсыз қаржыға үміткерлер іріктелді
ашық дереккөз
Қайтарымсыз қаржыға үміткерлер іріктелді
Өңірімізде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба іске асуда. Бұл жоба бойынша тараздықтар жаңа бизнес идеяларды қолға алып жатыр. Көлемі 1 380 000 теңге болатын мемлекеттік грантқа осы жылы көп адам қатысты. 3 лектен 1970 азаматтан келіп түскен өтінімдердің 752 бизнес жобасы мал шаруашылығына жасалған, 155-і тігін шеберханасына арналған. Ал, 93 жобада сұлулық салоны мен компьютерлік қызмет көрсету орталығын ашу көзделген. Жоспардың 68-і емшара кабинеттерін ашуға, 517-сі өзге қызмет түрлеріне бағытталған. Тараз қаласы бойынша үміткерлер «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы, мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, ғылыми білім беру мекемелері өкілдерінен, бизнес, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен, салалық сарапшылардан құралған комиссия отырысына шақырылды. Комиссия отырысында 1970 үміткердің 1695-і бизнес жоспарын таныстырса, 275 өтініш беруші белгісіз себептермен келмеді. Комиссияның әрбір мүшесі бизнес жоспарды бұйрықтың өлшем-шарттары бойынша бағалады. Яғни, бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру бойынша бағаланып, 183 азаматқа грант қаржысын беру туралы шешім қабылданды. Комиссияның оң шешіміне ие болған бизнес жобалардың қатарында құлпынай жылыжайын салу, тамшылатып суару әдісі арқылы микрозелень өндіру, кір және иіс сабындарын өндіру бойынша цех ашу, сондай-ақ, балаларға арналған әдістемелік құрал жасау, оқу кабинеттерін ашу, логопед, дефектолог кабинеттерін ашу сияқты жобалар таңдалды. Сонымен қатар, жамбас сүйектері жетілмей туылған нәрестелердің сауығып кетуіне жаңа технологиялармен массаж жасау кабинетін, қала тіршілігіне маңызды кәріз құбырын тазалау, қазақи ағаш бұйымдарын лазермен оюлап жасау әдісі сынды жобалар және ұзақ сақталатын құрт, ірімшік өнімдерін экспортқа шығару жобалары қолдау тапты. Мәселен, логопед-дефектолог орталығын ашу жобасы бойынша қорғалған жоба қазіргі уақытта аталған орталықтың қоғамға қажеттілігі зор. Себебі, мұндай орталық бүгінде ата-аналар тарапынан сұранысқа ие. Бұл орталықтың негізгі мақсаты – тіл мүкістігі бар балалармен тығыз жұмыс жасау, оны қоршаған ортаға бейімдеу. Әр лектің тәуелсіз комиссия мүшелері ауысып отырады. Себебі, мұнда сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсаты көзделген.  

Динара БАЯНОВА,

кәсіптік оқу және кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы.

Ұқсас жаңалықтар