ӨМІР ӨТТІ... немесе Дадабаевтың дала философиясы

ӨМІР ӨТТІ... немесе Дадабаевтың дала философиясы
ашық дереккөз
ӨМІР ӨТТІ... немесе Дадабаевтың дала философиясы
АЙБАРЫ БАР АҒАЛАР… АЙТАРЫ БАР АҒАЛАР… АРЛЫ-БЕРЛІ БАЛАЛАР… АҒАЛАРЫН БАҒАЛАР… деп журналистердің тауып қоятын тақырыбында да жазғымыз келген. Ұйқас қуып кетсек те ұғынықты. Өлең сөзінен өңеш озған заманда сала құлаш дүниені былай қойғанда, шап- шағын мақаланы да әзер оқитын оқырманды «құрметтеуіміз» керек болып тұр…

 ШАҒЫН ЭТЮД

2010 жыл. Тәуелсіздік мейрамы алдында.Тараз қаласы. Жамбыл облысы әкімдігінің 6-қабат ғимараты. Соның 2-қабатындағы мәжіліс залы. Жамбыл облыстық мәслихаттың шешімімен 3 адамға «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» атағын беру және оны салтанатты жағдайда тапсыру үшін ортаға облыс әкімі Қанат Бозымбаев шықты. Үшеудің бірі – бай тәжірибесі бар, өмір жолы ел басқару мен қоғамға қызмет етуге мүмкіндік берген жылдармен молынан өлшенген, қазыналы елағасы Ералы Дадабаев болатын. Сұңғақ бойы тау тірегендей, көкшілдеу көзі, бәлкім, қой көзді, ашық қабақ, сұстылау келбет, ақ шашы өзіне әдемі жарасып тұратын, тіке қарайтын әдетімен…әлгі елдік ізеттің иесі болған әйел кісі, қазақ қыздарының арасынан ертелеу шыққан мемлекеттік қайраткер Ғайникен Бибатырова ықыласты сөзін тебірене айтып жатқанда қағылез ағамыз қасында иық тірестіріп қатар тұрған облыс әкімімен сырласқандай, аз- кем тілдескендей сыңай танытқан. Ишара не екен? Құр бас изесу емес екен. Қанекең оны жиыннан соң ризашылықпен еске түсірген. Ералы ағамыз сонда «Қарағым, Қанатжан! Мен өзіме емес, мына атақты Ғайникен Бибатырованың алғанына қуанып тұрмын!» деген екен. Сыйлы апамыз кез келген жасы кемел адам айтатындай, алыста қалған сағынышты, сағым жылдарға оралып, сөзінің бас жағында «Таразға ұшақпен келе жатып, ақ бұлтты аспаннан көктей шолып, жерүстін барлай қарадым. Бәрі де маған таныс аймақ, таныс жер, таныс маң… Адамдары да менің сырттай айтып жүретін қимас бауырларым!» деп тебіреніп, толқыған. Біздің есімізге ол кісінің газетке шықты ма, кітаптан ба, бір жазбасындағы «Қызық болғанда, менің Мәскеуде жоғары партия мектебінде оқып, туған елге қайта оралуым Мәскеу- Жамбыл авиарейсімен ұшып келуіммен аяқталды. Алматыға бармай-ақ, Орталық комитеттің ұйғарымымен Жамбыл обкомының идеологиялық мәселелер бойынша хатшысы болып бірден қызметке кірістім. Мен ол кезге дейін қасиетті Жамбыл өңірінде бірде-бір рет болмаған екенмін» деген мазмұндағы естелігі ойыма оралды. Билік пен халық мүддесін бағалай білетін Ғайникен Бибатырованың бақ қонып, қыдыр дарыған өңірде ұзақ жыл абыройлы қызмет атқарғаны ел іші әңгімелерден, құйма құлақ қария кісілердің ақжарма пікірлерінен бізге де жақсы мәлім. Атақты әнші, композитор Кенен Әзірбаевтың музейінің салынуы, атағы алысқа кеткен «Алатау» ән-би ансамблінің құрылуы, сол кезде бұлақ көзі ашылғандай Әбдімомын Желдібаев, Аяз Бетбаев, Алтынбек Оразбеков, Алтынбек Қоразбаев секілді бірінен-бірі өткен өнер таланттары мен әрбір ауданнан ұлттық аспаптар оркестрінің дүниеге келуіне бірден-бір ұйытқы болған жан. Бұл ол кісінің тек мәдениет пен руханият саласындағы елеулі еңбегі. Жеке адамгершілік қасиеттерімен де ерекше сыйлы болған қайраткердің ісі мен қалдырған ізін іздеушісі бола алғанымызға қуанамыз. Екінің біріне елпең қаға қоймайтын, кесек мінезді Ералы ағамыздың үзеңгілес болған, әріптес кісіге айрықша ықылас танытқанын неге еске алып отырмыз?! Әңгіме осында ғой деймін. Қазақта «Зер қадірін зергер біледі» деген ақылды сөзге тоқтайтын болсақ, адал адамдар да бірінің қадірін бірі біледі. Ер мінезді Ерекеңнің осы бір мезеттік пейілі әлі күнге дейін жадымнан шықпайды. Амал қанша, біздің танымдық шеңберіміздің өрісі тар, дәл осындай айтулы еңбегіне берілетін тәп-тәуір атақтың қадірін сақтай алмай, әркімді орынсыз тықпалап, саудаласқандай сиқын кетірдік. Жақсы адамның қуанышына үн қосып, риясыз қуана білетін айбарлы ағаларды осындайда қатты сағынасың. Дала академигі болмағанымен, даланың көкжалындай болған Ерағаны білесіз бе, өмірінде өлең-жыр оқымаған күні жоқ. Әсет әпкемдей ақылды жары екеуі көркем әдебиет оқудан өзара жарысқа түскендей таусылмайтын қызықтарын талай адам естіген. Кешегі Кеңес заманында Қазақстанда төрт жарым мыңнан астам кеңшар мен ұжымшардың әрқайсысы ұлттың құтты шаңырақтарындай дамып, өркендесе, Жамбыл өңірінде, оның ішінде Талас ауданында «Ойық» деп аталатын кеңшардың еңбек даңқы дүрілдеп шыққан. Оның директоры Ералы Дадабаев екен. Тосылып, не тіксініп, не бұқпантайлап, аузындағы сөзін қайта жұтып қоятын адамың бұл емес, нар тәуекелмен басын бәйгеге тігіп жіберетін аңғал батырлығы арқасында Талас көгінде ту ұстар биікке көтерілген бір дәурен, бір тұлғалы азаматты танытқан ғой. Бұл дала майталманының ерен еңбегі мен дарқан пейілді іскерлігі жайында жазбаған журналист кемде-кем. Ақын-жазушылармен емен-жарқын таныстығы мен жолдастығын білгіңіз келсе, оның «80-көктемін» оқу керек. Киелі Талас жеріне, Ақкөл мен Ойыққа бар қаламгерді шақырып алған ба, дерсің. Ол ағайындар да жолы түскенде осы бір құшағы ашық, айтары көп, ойлы азаматты іздеп келіп жатқанға ұқсайды.

АЛЫС ЖОЛДАР. АРМАН ЖОЛДАР

Сәл шегініс жасайық. Көпшілікке таныс жеке өмірбаянында жоқ нәрсені қамтып айтқымыз келген. Өзінің «80-көктемім» деген атпен шығарған мемуарлық көркем шығармасында жазылмай қалған эпизодтар бар ма екен, деп те әлденеше парақтап көргенбіз. Айта кетерлігі, Ерекең бұл көлемді кітабын 80 жасқа толар шақта жазды. Өзгелер секілді біреулерді жалдап жаздырмады. Есте қалған дүниелерді қаз-қалпында қағазға түсіргені де есті, келешекті алыстан көз жіберіп, терең ойлаған адамның тірлігі. Көзбен көрдік. Шайқорық ауылына талай бардық. Қонақжай дастарқанынан дәм таттық. Керегесі кең, шаңырағы биік үйінің кітапханасында және сан бояулы сандықта сақтаулы тұрған мүлік – тек кітаптар. Сосын торкөз көк дәптерлер. Сыртқы мұқабасында «Еженедельник» деген жазу-таңбасы бар қалың, қатты қағаз дәптердің 20 томы (дәл осылай атағанымыз жөн, өйткені бұдан басқа да кішігірім блокнотының барлық парақтарында бір жол бос орын жоқ. Дата, оқиғалы сәттер, керек дерек-дәйектер, анықтамалармен, өз ой-толғаныстарымен толтырылған) кітапқа қажетті материалдармен жинақталған. Мұндай ұқыптылық пен жинақылықтың тіптен әдебиетіміздің марғасқаларында да болуы сирек. «Біздің Ерекеңнің ең құнды дүниесі осы күнделік дәптерлері. Көздің қарашығындай сақтап келе жатқан қымбат архивтері» деп Әсет Әбдірахметқызы өзіне тән жылы күлімсірей әрі еріне деген шаттық көңілмен тіл қатар еді. Жарасқан жұптың сәулелі де бақытты ғұмырының арқау жібін ұзарта түсіп. Бұл берекелі шаңырақта қазақтың игі жақсыларының ең атақтылары қонақта болғаны да рас, аңыз ақиқатқа айналған. Әсет әпкемнің дастарқаны ақ жайлау, тоқтаусыз ағып жатқан дария дерсің. Ол кісі де мұғалім емес пе, ұлылар тағылымын сүйсіне айтып отыратын. – Бірде Халық жазушысы Шерхан Мұртаза мен көрнекті мемлекет қайраткері Қаратай Тұрысов ағаларым және біздің Ерекең үшеуі Әулиеата жерінің және адамдарының арғы-бергі тарихы туралы айтқан әңгімелері керемет еді, – дейді Әсет әпкеміз. – Апырай, тұнып тұрған шежірені тарқатып айтқан ой-пайымдарынан алған әсерімді айтып жеткізе алмаймын. Бұл кісілер біздің шаңырақта жай құрметті қонақ емес, Алла Тағаланың жіберген ғұламаларындай көрінді. Ұмытылмас күндерді сағынасың… Е.., Ералы ағамыздың үйі Төле би бабамыздың ақ батасындай «Би болмаса да би түсетін үй болсын» дегенге саяды. Жоқ, ол жергілікті жұртына би де болған жоқ па? Сол жолы Шераға мен Қарекең үзілісте үй кітапханасын тамашалап, «Өңкей сирек кездесетін кітаптарды қайдан алғансың?» деп таңғалады.

СӘЛ ШЕГІНІС

Жақсылыққа араша түсу мен жанын беріп қорғау ұлтқа қызмет етумен тең ерлік. Парыз және қарыз. 2008 жыл. Астана. 1 сәуір – Күлкі күні. Қарапайым адамдар, әсіресе, жастар мен құрдастар бұл күнді қайдағы бір алдау күні деп әзілдесетін жағдайы бар. Адамды алдауға болар, ал қоғамды алдауға бола ма? Әрине, өйтуге болмайды. Бірақ кейде арам ойлы адамдар мен тойымсыз жемқорлар жеке басының пайдасы үшін айтқанына көнбейтін, айдауына жүрмейтін турашыл жандардың тағдырын ойыншыққа айналдырып жіберуі мүмкін. Жаман пиғылын жүзеге асыру үшін зұлымдыққа дейін барады. Жала жабады, өтірік айтады, қоғамдық теріс пікірді туғызуға жанталасады. Билік былығады… Сол «алдау күні» оқыс хабар жан-жаққа тарап жатты. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының президенті ұсталды деген суыт хабардан соң Астана мен Алматы бір сәт тып-тыныш бола қалды. Бұрын- соңды мұндай таңданыс болмағандай. Рас па, жоқ па? Сенейін десе, Құдайым-ау, мына жоғары жақта қолы мен жүрегі таза министр, халыққа жақын бір жақсы басшы болса, осы Жақсыбек Құлекеев деп жүрген ойымыз қалай бұзыла қалсын?! Артын күту керек не де болса. Қайдағы сыбайлас жемқорлық? Қазақтың келешегінен мол үміт күткен аймаңдай азаматын бишігіштер неғылсын? Озбыр топ және заңды тарс есінен шығарған кейбір теріс пиғылды адамдар күдік-күмәннің аясында қайдағы бір «ертегілерді» ойлап тапқан-ды. Қысқасы, қым-қуыт уақыт, төбеден жай түскендей. Жүрек дүрсілдейді, сондайда жұрт әділет жағына шығады. Ол заңдылық. Сан- саққа да жүгірте қоймады. Иә, қазақи жолмен туған жездесі болып келетін Ераға салған жерден: «Мен жанымдай жақын көретін және шексіз сенетін Жақсыбегім ешқашан қылмыс жасамайды» деген тастүйін ойда болды. Астанада айды-айға жалғап өткен мазасыз соттың әрбір іс қарау барысын сол сот залының алдыңғы қатарында жамбылдық зейнеткер Ералы Дадабаев та қатысып, тапжылмай көз тігіп, мұқият тыңдап отырды. Мұны телеарнадан көріп қалған бірқатар қоңыртөбел жерлестерінің: «Ереке, ойбай-ау құрисың ғой, сотта неғып отырсың, көзге түсіп қаласың ғой. Бала-шағаңа кесірің тиіп кетіп жүрмесінші!» деген жанашырлық сөздерін де естіген. Сонда алмас қылыштай өткір ағамыз қырандай қанат қағып: «Қартайғанда мына әділетсіздікті көріп үйде қазанаттай қаңтарылып отыра алмаймын. Ренжімеңдер, менің Жақсыбек баламның жазығы жоқ, қылмысы да жоқ екеніне көзім жеткеннен кейін осында қаққан қазықтай қадалып қарап отырмын. Құдай қуат берсін, балама. Ол ақталып шығады әлі…» деп жауап береді екен. Көзіміз көрді. Ерағаң сот үкімі шыққанда алдыңғы қатарда түрегеп тұрған. Үкім оқылып болғанда ол артына шалт бұрылып қарап: «Жақсыбек қарағым, мойыма! Әділдік өлмейді!» дегенде көзі жасаурап кетті-ау деймін қалтасынан беторамалын алды… Улап-шулаған ешкім жоқ. Сілтідей тына қалды. Бәрі де аң-таң сот шешіміне. Үнсіздік… Елжандылық ойы оны еш алдамапты. Құрттай кінәсі жоқ деп Құлекеевті жақтап, қорғаған қоғам мен жұртшылықтың пікірі, журналистердің үздіксіз жарияланған репортаждары, бұл шулы сот үкімін жазықсыз адамды жазалаудың түрі ретінде қарастырған құқық қорғау саласының білгірлерінің талай сараптама мақалалары жарыққа бұрқырап шығып жатты. …Астанадан автокөлікпен шығып, Алматыға жүз шақырым жетпей Күрті-Ақши маңынан Жақсыбек бауырымызды құшақ жая қарсы алған адамдар жол бойына сыймай кетті…жүз қаралы жеңіл автокөліктің ағыны жұлдызды шамдай жарқырап жатты. Арада жылдар өтті. Ерағаң иман нұрындай сенген азаматтың абыройы қоғамда бұрынғыдан да асқақтап кетті. Белгілі саясаткер Жақсыбек Құлекеевті 2021 жылдың соңына қарай толық ақтады. Бірақ бұл желтоқсан айындағы жаңбырлы күнді Ералы ағамыз көре алмады… Жамбылдық Дадабаевтардың әкесінің дәм-тұзы таусылса да оның артында ардақты әкелерін мақтаныш ететін ұрпақтарының ұзағынан сүйсіндіретін ұлағаты да аз емес, көп екен. Табиғаты нулы Ақкөл мен Қаратауда кие мен құт бар. Көп адам соны сезініп, көргісі келеді. Ақындар мен жазушылар, әсіресе, әулиелі жер мен өлең-жырдың еліне жиі келетін-ді. Бұл таңдайында өлеңнің ұясы бар Ұлбике ақын мен аузынан шыққан әр сөзі сары алтынға бергісіз Бөлтірік шешеннің елі. Елуінші жылдары Сырбай Мәуленов, Асқар Тоқмағамбетовтер, алпысыншы жылдары Ғафу Қайырбеков, жетпісінші жылдары Фариза Оңғарсынова, сексенінші жылдары Қадыр Мырза-Әлі мен Тұманбай Молдағалиевтар, өзіміздің Шона Смаханұлы мен Өкім Жайлауовтың, Күләш Ахметова мен Жарылқасын Амановтардың, Абдрахман Асылбектің достары, тоқсаныншы жылдары Рафаэль Ниязбек пен Нарша Қашағанұлының, Серік Томановтың үзеңгілес таланттары, бертінде Елен Әлімжан мен Серік Әбдірайымұлының қанаттас құрдастары Талас өңіріне шығармашылық сапармен жолы түскенде Әсет әпкенің мол дастарқанынан дәм татып, Ералы ағаның дарқан көңіліне қайран қалумен қайтар жолында қимастықпен кідірген деседі. Дәйім Дадабаев ағайдың ауылын ақындар таныса, ол жайында байтақ жұрт білді дей беріңіз. Ел ішінде Ералы Дадабаев деген қазақ болған. Жай қазақ емес, жиырмасыншы ғасырдан жаңа мыңжылдыққа ауысқан кезеңде ме екен, Әулиеата өңірінде аңызға бергісіз қадамдар жасап, дана болған деседі. Тарихи Талас ауданының алғашқы әкімі Ералы Дадабаев үшін ұлт перзенттерінің жер жарған даңқы Қаратау мен Талас аймағына да ай сәулесіндей түсіп тұруы керек деп ойлайды. Бұл Алтын жұлдызды 62 Еңбек Ерінің шыққан өлкенің бойтұмары болуы тиіс. Ендеше, елдік рухты биіктету мақсатымен өңірдің бейнелік атауы «Талас – алыптардың алтын бесігі» деп күрежолдың бойына, аудан төлқұжатына жазып қойғанымыз жөн-ау. Деп ой түйеді. Алыптардың алтын бесігіне алыптар келмегенде, кімдер келмек? Егемендік алдық, азат жұрт болдық, деп бөркімізді аспанға лақтырып, қуанғанда рухани күшті қайдан алмақ? Деп ойланады. …Тұңғыш ғарышкер қазақ, нағыз батыр Тоқтар Әубәкіровтің ғарыштан аман-есен оралғанда табаны Байқоңырдан кейін, ел астанасынан кейін Талас-Әулиеата жеріне тиді. Қасына ілескен ғарышкер інісі Талғат Мұсабаев та бар. Халықтың нөпірі мен қуанышы бұрын-соңды болмағандай… Бұл тарихи сапарды қалай ойластырып, қалай жағдайда шешкені, оған қандай қол жеткізгені Ерағаның өзіне ғана аян. Таэквондо спортының әлемдік жұлдызы, «Қара белбеудің» айқын иесі атанған қандасымыз Мұстафа Өзтүріктің Талас-Ақкөлге келіп, жұртшылықпен жүздесуі ең қымбат деректі фильмнің арқауына айналды. Айрықша кездесулерде әлемді спорт өнерімен таңғалдырып, қазақтың атын шығарған азамат сол күндері қырандай қалықтап жүріпті. Алыс елден атажұртқа оралудың бақытын айтып жеткізе алмай, қатты толқыпты. Мұңын сездірмейтін Мұстафа марғасқа бір тағдырлы заманда жоғалтып алған ағасын қайта тауып алғандай Ерағаның құшағынан бір айырылмады. Аталар ақ батасын беріп, ақ жаулықты аналар маңдайынан сүйді. Жастар ағыл-тегіл қуанды. Шын мәнінде, дала төсінде қимас пен құрмет сезімдер шаттығы орнапты. Ал, енді Қазақстанды ширек ғасыр басқарған дана қайраткер, ұлы қазақ Дінмұхамед Қонаевтың зейнеткерлікке шыққаннан кейін түрлі саяси соқпақтар мен айтыс-тартыстың және көреалмаушылық салдарынан біруақ сырттап, еріксіз үйде оқшауланып отырып қалған кезде арнайы елге шақырып, құрметтеу сол уақыт өлшемімен алып қарайтын болсақ, ірі азаматтықтың белгісі. Керек десеңіз, халық пейілінен күш алған батылдық. Байтақ даламыздың қай түкпіріне барса да Димаш атамызды алақанына салып қарсы алатыны айдай анық. Халықтың сүйіспеншілігі мен сый-құрметі жоғары болатын. Соның ішінде киелі Талас өңіріне шын ықыласымен сағынып келген сапарында қарапайым адамдармен емен-жарқын тілдесуі, ел жағдайы жайында ойларын айтып, жолығысуы адамдарға қатты әсер етті. Несін айтайық, ғажайып тұлғаның шынайы адамгершілік қасиеттеріне тәнті болған күндер енді ұмытылмас тарихқа айналды. Бұл сапардан түсірілген суреттер мен деректі сюжеттер ылғи да тау тұлғалы Димекең туралы фильмдерден тамашалап көруге болады. Алып адамның ғұмырнамасы мен саяси қызметі жайында жазылған құнды кітаптардың дүниеге келуіне қолғабыс тигізген тарланбоз журналист-публицист Серік Әбдірайымұлының эссе-жазбасында да Дінмұхамед Қонаевтың Жамбылға барған сапары әдемі суреттеледі. Балақайлары мен жасөскіндерін жетектеп алып, Дәу атаны Ақкөлдің биігінен қарсы алуға шыққан кілең ақжаулықты аналар мен орамалды келіндердің, жасыл құрақтай ұл-қыздардың ортасында жылы жымиып, риясыз күлімдеп тұрған Ұлы адамның фото-суретін көрген шығарсыздар. «Жұғысты болсын» деп ырым жасайды ғой. Жақсы адам кім? деген мәңгілік сауалға жауап тапқанда не арман бар?! Данагөй адам дарқан бауыры Дадабаевтардың құтты шаңырағында да болып, ақ батасын беріп, дастарқанынан дәм татты. Сағынғаннан соң айтасың енді. Бұғаулау заманның өзінде бұқпантайламай өмір сүріп, баhадүр мінезімен сана көшіне олжа салған сол сабаудай бір адам бүгіндері әр өңірде жетпей тұр-ау.

ӨТКЕНГЕ ОЙ ЖҮГІРТУ

Ел егемендігі мен азаттығы ақ таң боп атқан шақта адамдар әруақтарға тағзым етіп, ас беру, ат шаптыру дәстүріне жаппай ден қойып, той-думанды сағынып қалған еді. Дәл осы кезде Ерағаң бес бірдей тарихи романға (І.Есенберлин «Көшпенділер», Ә.Әлімжанов «Жаушы», Ә.Кекілбайұлы «Үркер», С.Сматаев «Елім-ай» және «Шотан батыр») батырлық образы сомдалған Саңырық батыр Тоқтыбайұлының туғанына 300 жыл толуына орай 1993 жылы байырғы Үшарал ауылының жайлауында дүркіреген той өткізді. Бұл елімізде дулығалы дала батырларының рухына арналған алғашқы ұлан-асыр той болатын. Біздің дүбірлі той тізгінін ұстаған әкім Ерағаны алғаш көріп, танысуымыз осы ақ пейілді күндерден басталды. Одан кейін алыс-жақыннан ағалы-інілік сыйластық жолы жалғасты. Талас өзені жағалауында, күреңсен және бидайық жайқалған Бидалы мен Лақ қыраттарында, Ақсай жазығында сан ондаған ақшаңқан киіз үй тігіліп, ас берілді. Қазақтың хас батырына кесене тұрғызылды. Қиқу салдырған жүйрік тұлпарлар бәйгесі де республикалық дәрежеде танылды. Той салтанатына көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері А.Асқаров, Ө.Жолдасбеков, Ш.Мұртаза, Қ.Тұрысов, М.Жолдасбеков, Ө.Байгелди және басқа да мәдениет, әдебиет және өнер майталмандары қатысты. Сол кезде Қазақстан телерадио хабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы Шерхан Мұртаза – Шерағамен бірге Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарын бір апта бойы аралап, оқырмандармен түрлі кездесулер өткізудің соңғы күні осы Саңырық батыр тойына барып едік. Өтті солай талай мағыналы, қызықты күндер, бәрі де жадымда жаңғырып тұр. Жолүсті де үлкен өмір. Қоңыр күз. Күн шуағы төккен күндерінде Алматы, Қордай, Меркі, Тараз, Жуалы, Түлкібас, Сайрам, Түркістан, Кентау, Бәйдібек, Домалақ ана, Созақ, Жаңатас, Саудакент, Талас, Қаратау, Түгіскен, Үшарал жолдарында талай сыр айтылды, талай өмір соқпақтары шежіредей ағытылды. Ұлы адамға, аса қадірменді елағасына көп күнгі ұзақ жол бойында іні, шәкірті ретінде серік болғанымызға шүкіршілік еттік. Шындықтың жебесі – Шерағаның атақ-даңқы жер жарғандай алапат уақыт еді. Тойдың қызығы мен шыжығы аз болмайды. Сан мың адам ағылып келген жерде тәртіп те, сыйластық та болуы керек. Өзінің иығына артылған жүкті аудан әкімі абыроймен көтеріп, жалпақ жұрттың алғысын алды. Аяулы атақоныс Үшарал көлінен ұшып шыққан құстар ән салып тұрғандай арайлы күн, саялы кеш әлі есімізде… Ерек жаратылған Ералы Дадабаевтың сүйікті елінің бақыты үшін сіңірген қажырлы еңбегі мен жеке тұлғалық өнегесінен хабар беретін штрихтар мен үзік әңгімелердің біршама сипаты міне, осындай еді. Ардақты ағаның мемлекеттік марапаттары, алған наградалары жайында ешнәрсе айтпадық. Оны өмірбаянынан оқып аларсыздар. Бір адам тәубе деп, мақтан етерлік наградалары аз емес. Халық алғысынан артық ешнәрсе болмайды.  

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Ұқсас жаңалықтар