Киелі мамандық иесі

Киелі мамандық иесі
ашық дереккөз
Киелі мамандық иесі
Эльмира Елеусізқызы Жамбыл мәдениет училищесін қызыл дипломмен, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. 2014 жылы Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетін «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша бітіріп, қызмет көрсету саласының бакалавры академиялық дәрежесін иеленді. Эльмира Абдинова еңбек жолын 1994 жылы Тараз қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінде Б.Майлин атындағы кітапханадан бастады. Абай атындағы орталық кітапхананың аға библиографы, библиография және ақпараттық ресурстар бөлімінің меңгерушісі, кітапханаларды дамыту және әдістемелік жұмыс бөлімінің меңгерушісі қызметінде жүріп шынықты. 2012 жылдың ақпанынан бастап Эльмира Елеусізқызы Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапхана директоры қызметін абыройлы атқарып келеді. Аталған кітапханада «Жамбыл облысы: адамдар, оқиғалар, фактілер», «Қасиетін жоймаған құнды кітаптарды цифрландыру», «Тарихы терең, еңбегі ерен өлкелік басылымдар», «Шоқан асулары» кітапханалық жобалары мен «Бабалар ісі – өнеге, сөзі – өсиет» және «Бақытың да, байлығың да – денсаулық», «Табиғат бірлігі және көшпелі мәдениеттер» ұзақмерзімді мақсатты кітапханалық бағдарламалар аясындағы жұмыстарды тиімді үйлестіруде. Кітапхананың сирек басылымдар қорын цифрландыру жұмысына жетекшілік етеді. Қазақ ұлттық электронды кітапханасының қорын ұлғайтуды қамтамасыз ету мақсатында жергілікті ақын-жазушылармен авторлық келісімшартқа тұрып, шығарманың электрондық көшірмелерін жасауға ықпал етті. Бүгінгі күні 57 жергілікті ақын-жазушылармен авторлық келісімшартқа тұрып, 138 дана шығарманың электрондық көшірмелерін кітапхананың сайтына орналастырады. Эльмира Елеусізқызының басшылығымен бүгінгі таңда кітапханада Қазақстанның мәдени игіліктерінің бөлігі ретінде Тараз қаласы және Жамбыл облысындағы деректі мұралардың сақталуы қамтамасыз етілуде. 2013 жылы Тараз қаласы «Кітапханалар астанасы» аталып, «Жаңа қоғамдағы кітапханалық инновациялар» тақырыбындағы республикалық конференцияны, сол жылы сол кездегі Оңтүстік Қазақстан, 2021 жылы Түркістан облысында Жамбыл облысының мәдениет күндерінде кітап көрмесін ұйымдастырды. 2014-2021 жылдары өткен Алматы облысындағы Жамбыл облысының мәдениет күндерінің өтуіне де белсене атсалысты. Эльмира Абдинова әр жылдары Ел Президенті Қ.Тоқаевтың, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің Алғыс хаттарына ие болған. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл төсбелгісі, «Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының «Кітапхана ісінің үздігі», Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының «Кітапхана ісінің шебері» төсбелгілерімен марапатталып, ҚР Білім және Мәдениет саласындағы үздік қызметкерлердің «Алтын кітап» республикалық энциклопедиясына енді. Қазіргі таңда Тараз қалалық мәслихатының депутаты. Эльмира халық қалаулысы ретінде елдің аманатын абыройлы атқаруға күш салып келеді.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар