18 отбасына пәтер сыйлаған

18 отбасына пәтер сыйлаған
ашық дереккөз
18 отбасына пәтер сыйлаған
Елімізде істің көзін тауып, кәсібін дөңгелеткен іскер жандар аз емес. Десек те, олардың арасында қайырымдылықпен айналысып, қарапайым жандарды қолдап жатқандары көп деп айта алмаймыз. Қолы жомарт кәсіпкердің бірі – Меруерт Лештаева. Меруерт Қаттабайқызы өз ісіне ғана емес, қоғамдық істерге де белсенді. Қазіргі таңда облыстық «Іскер әйелдер қауымдастығының» төрайымы. Оның «Іскер әйелдер» қауымдастығына төрайым болғанына ұзақ уақыт бола қойған жоқ. Дегенмен, қауымдастықтың мүшесі ретінде осы кезге дейін де белсенділік танытып келген болатын. Бұл ұйымның облыс орталығында 85 белсенді мүшесі бар. Ал, аудандарды қосқанда 350 әйел осы қауымдастықтың мүшесі. Қысқаша айтқанда, бұл өңірдегі әйел азаматшалардың басын қосып, жұмысын үйлестіріп отыратын, ізгі бағыттарға жетелейтін ұйым. Қауымдастық аясында «Бақытты отбасы» орталығы және «Отбасын қолдау мектептері» жұмыс істейді. Оның мақсаты – көпбалалы аналарды кәсіпкерлікке баулу, өмірге, белгілі бір кәсіпке бейімдеу. «Іскер әйелдер» қауымдастығы ең белсенді, елімізге танымал қыз-келіншектердің өнегесін көпшілікке үлгі етіп, олармен кездесулер өткізуді дәстүрге айналдырған. Сөз басында Меруерт ханымның жомарттығын айтып қалдық. Ол ковидтің кезінде де табыс көзі – мейрамханаларының жабылып қалғанына қарамастан, ауруға шалдыққандарға, ауруханадағы науқастарға көп көмек берді. Ковидпен ауырған азаматтарға 43 күн бойы ыстық тамақ тасыған жанашырлығын біреу білсе, біреу білмейді. Меруерт Лештаева өмірлік қиын жағдайдағы балалармен жұмыс орталығына (бұрынғы Қ.Сарымолдаев атындағы балалар үйі) демеушілік жасап, оларға сұлулық салонын да ашып берді. Әрине, балаларға қайырымдылықтың басқа түрлерін жасауға да болатын еді. Бірақ, кәсіпкердің сұлулық салонын ашып бергені – сондағы балаларға жұмыс көзін тауып бергені. Аталған орталықтағы ересек 40 баланың 15-20 пайызы сол студияға жұмысқа тұрған. Бұл дегеніңіз, олар бір кәсіпке бейімделеді, өз күнін өзі көре алады деген сөз. Одан бөлек, іскер жан аспазшылар студиясын да ашып берген. Қазір ол жерде де оншақты қыз тамақ дайындаудың қыр-сырын үйренуде. Жұмыртқа қуырса да, пицца, самса дайындаса да – жұмыс. Ал, жұмыс істесе, табыс табады. Себебі, қыз бала – болашақ бір үйдің келіні. Қолынан барлық нәрсе келетін келін қадірлі болмақ. Меруерттің жүріп өткен жолдары тағылымды, қызыққа толы. 1982 жылы 8-сыныпты бітірген соң, Жамбыл қаласындағы (қазіргі Тараз) сауда колледжіне түсіп, үш жылда бітірген. 18 жасында сол кездегі Жамбыл қаласындағы шағынаудандағы гастрономға сатушы болып жұмысқа қабылданған. Бір жыл өткен соң аға сатушы, ал 20 жасында 20 адам еңбек ететін үлкен дүкеннің меңгерушісі болғаны – іскерлігі. Меруерт 1989 жылы дүкен меңгерушісі болып жүрген жерінен тұрмысқа шығады. Содан кішкентайлы болып, екінші баласы аурушаң болып, бірнеше жыл бала күтімімен үйде отырған. Онан соң бір кәсіппен шұғылдануына тура келген. Не сауданы немесе кәсіпкерлікті таңдауға бел буады. Ойлана келе, біржола кәсіпкерлікке бет бұрды. Сол жылдары Таразда мейрамхана бизнесі жаңадан қолға алына бастаған. Жұрт мейрамханаға той жасауға бейімделіп келе жатты. Меруерт қаладағы «Шырын» мейрамханасына аспазшы болып қабылданып, бір жыл үш айдан кейін мейрамхана әкімшісі қызметіне ауысады. Мейрамхана әкімшісі деген қызметті Таразда алғашқы болып істеген де Меруерт. Кейіннен жаңадан ашылған «Думан шырын» мейрамханасына әкімші болып барады. Айлығы 300 теңге болатын. Таң азанмен жұмысқа барып, түнгі 3-те қайтады. Үйге келіп «Менің өз мейрамханам болады» деп, түнімен мейрамхананың сызбасын сызып шығады екен сонда. Тіпті, мейрамхана салғанға қанша кірпіш, қанша терезе, цемент, ағаш кетеді деп есептеумен жүреді. Сол кезде небәрі 300 теңге жалақымен жүріп, өз мейрамханасы болғанын қалайды және сол мақсатына жететініне сенімді еді. Алла қалап, 2008 жылы «Балташ» мейрамханасын жалға алып, той өткізе бастады. Қазіргі таңда Меруерт Лештаеваның иелігінде жекеменшік екі мейрамхана бар. Меруерт Лештаеваның ерен еңбегіне орай марапаттары да аз емес. Ел Президентінің 2016 жылғы 29 қарашадағы Жарлығы бойынша «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медалін иеленген. 2019 жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры директорының Алғыс хатын иеленсе, 2018 жылы облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Өзінің қоластындағы 10 қызметкеріне пәтер, 19 қызметкеріне алтын алқа сыйлаған. Жылына 2 рет мүмкіндігі шектеулі 150 жанға мерекелік іс-шара ұйымдастырады. Қ.Сарымолдаев балалар үйінің жоғары оқу орнына түскен 3 түлегіне ай сайын 50 мың теңгеден шәкіртақы тағайындаған. Жетім балаларды асырап алған 2 отбасыға қаражат, азық-түлік жағынан көмек беріп тұрады. Биыл «Гауһартас» мейрамханасының ашылғанына – 10 жыл. Осыған орай, Меруерт Қаттабайқызы бес қызметкеріне пәтер сыйлаған. Жалпы, өз қаражатымен сыйлаған пәтері 18-ге жетті. Меруерт Лештаева өзінің бала күні жайлы: – Жуалы ауданының Тасбастау деген ауылында 1967 жылы өмірге келіппін. Әкем Қаттабай ауылдағы орта мектепте мұғалім болған екен. Мен үш жасқа келгенде ауырып, өмірден озып кетіпті. Анам Олжакүл 33 жасында жетілмеген бес баламен жесір қалыпты. Сол кезде үлкен ағам 12 жаста ғана көрінеді. Барлық ауыр тауқыметімізді анам көтерген ғой. Өзінің арнайы дипломы да жоқ. Ұжымшарда қандай қара жұмыс бар, бәрін істей берген. Анамның жүрек талмасы да бар еді. Біздерді жетілдіру үшін жүрекке қараған жоқ, күрекке қарады. Жан аямай еңбек етті. Есіктің алдына жылқы, сиыр, уақ мал ұстады. Қойдың байлауы бөлек, қоздайтыны бөлек, арық-тұрағы бөлек қорада тұратын. Анам Ташкент қаласына мал апарып сатып, ол жақтан мал алу секілді шаруамен де айналысты. Байқап отырсам, анашым да кәсіпкерлікке бейім болған екен. Жыл сайын кемі екі жылқыны қысқа қарай байлап, семіртетін. Біреуін соғым ретінде сойып аламыз, екіншісін сатып, керек-жарағымызды алушы едік. Мұның бәрі анамның бізді қатарымыздан қалдырмай өсіру жолындағы қадамы ғой. Бір жағы ұл-қыздарын жастай еңбекке баулыды. Ағаларымды айтпағанда, кішкентай сіңілім екеуміз 6-7 сынып оқитын кезімізде ауылдан 6-7 шақырым қашыққа көшенің қой кезегін бағып келетінбіз. Сиыр саудық, құрт жайдық, келі түйдік. Ол кезде дүкенде нан сатылмайтын. Анам күзде екі тонна бидай түсіріп алып, содан ұн жасап, қыстай нан жауып шығатынбыз. Қазіргідей дайын электрлі табалар жоқ ол кезде. Нанды қаршадай кезімізден сіңіліміз екеуміз де пешке жауып үйрендік. Бір сөзбен айтқанда, жұмысқа икемді, өмірге бейім болып өстік. Бала күннен үйренгеніміз көп. Сондықтан, ауыр жағдайда өтсе де, балалық шақты еске алмау мүмкін емес. Кейде сол қиындыққа толы күндерді сағынатын да секілдімін», – дейді толғанып.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар