Аймақ жастары неге «ажал арбасына» құмар?

Аймақ жастары неге «ажал арбасына» құмар?
ашық дереккөз
Аймақ жастары неге «ажал арбасына» құмар?
Соңғы жылдары көне шаһар көшелерінен маза қашты. Көше түгілі, жаяу жүргіншілер жолы, аядай шағынаудандардың арасындағы тар жолдардан да дарылдаған мопедтер мен скутерлерден аяқ алып жүре алмайсыз. Тәулік бойы тыным таппай жарыса жүйткіген скутерлер Таразды Үндістан мен Қытайдың қалаларына, я болмаса құжынаған құмырсқаның илеуіне айналдырып жібергендей. Ең өкініштісі, «тентек» техниканың кесірінен жол апаты жиілеп, өлімге асыққан өрімдей жастардың қатары артып келеді. Бұрындары алып қала Алматыны тәулік бойы көз ілмейтін шаһар дейтінбіз. Қазіргі таңда Тараз қаласы да күндіз-түні тіршілігі тынымсыз қарбалас қалаға айналғаны жасырын емес. Әрине, дамылсыз даму үшін қарбалас тіршілік қажет- ақ. Бірақ бізді һәм қала халқын алаңдатып отырған мәселе – мазасыз мопедтердің қаптап кетуімен тікелей байланысты болып отыр. – Бұрын қалада осыншама көп мопед болмайтын. Ең қорқыныштысы, оларды өрімдей жастар тізгіндеп жүр. Көшеде жүрсе мейлі, таңнан қара кешке дейін көпқабатты үйлердің арасында жүйткіп жүретіндерге не дейміз. Міне, балаларымыз бірінші тоқсан аяқталып, бір апталық демалысқа шықты. Қала баласы есіктің алдында ойнайды. Есіктің алдында мопед іліп кетіп, қағып кетіп жатқан балалар аз емес. Жай айдаса да бір жөн, өте асығыс жүреді. «Неге ұшқалақтап жүресіңдер?» деп ұрыссаң, «Тапсырысты кешіктірмеуіміз керек» деп ақталады. Біреуге тамақ тасып жүріп, біреудің тағдырын үзіп кетсе қайтеді? Оған қоса, балаларды жетелеп саябаққа шықсаң ол жақта да жан-жағыңа жалтақтап әзер жүресің. Себебі, қазір саябақтарда да скутерлер бір- бірімен жарысып жүреді. Өткен аптада «Шахристан» жаққа бала- шағамен шықтық. «Mart» сауда орталығынан арбатқа дейінгі аралық мопедтердің бәйге алаңы ма дерсің. Қаланың ең көрнекті, қонақтар, туристер келеді деген жерінде сондай жағдай орын алып жатқанда, шағынаудандардағы жағдайдың несін айтамыз? Бұларға заңмен шектеу қойылмаса болмайды. Қала тұрғыны ретінде жасы жетпейтін жастарға және көпшілік орындарда мопедтердің бейберекет жүруіне тыйым салынуын талап етемін, – дейді көпбалалы ана Гүлжахан Мырзабекова. Көптің наразылығын тудырған бұл мәселе көшедегі көлік жүргізушілерінің де титығына тиіп біткен сыңайлы. Себебі қазір қалада екі жол-көлік оқиғасы тіркелсе, соның біреуіне міндетті түрде мопедтің қатысы бар болып отыр екен. – Мопедтер жол ережелерін өрескел бұзады. Бағдаршамдағы тоқтау жолағында бірінші тұрсың ба, жоқ жүк көлігі келе жатыр ма оған қарап жатқан олар жоқ. Алдыңа түсіп алып, ойына келгенін істей береді. Таяуда «Талас» шағынауданына қарай бұрыла бергенім сол еді, автожолдан жаяу жүргіншілер жолына ауыса бере менің оң жағыма скутер соғылды. Жүргізушісі көз алдымда менің көлігімнен асып, сол жағымнан бір-ақ шықты. Зәрем қалмай, жүгіріп түсіп жағдайын біліп, жедел жәрдем шақырдым. Ал, ол «мопедім аман ба, 400 мың теңгеге жақында ғана сатып алып едім» деп шырылдай бастады. Өзінің амандығы емес, қу темірді ойлап тұрған оның жасы 16-ға да толмапты. Сөйтсем бағдаршам қызыл жанған кезде жаяу жүргіншілер жолына өтіп кетуді көздепті. Амал не, «асыққан етегіне сүрінеді» деген осы ғой. Өліп кетсе не болар еді, ойлаудың өзі қорқынышты. Ал, оны ойлап тұрған ол жоқ. Қала көшелеріндегі кептеліс те қазір осылардың салдарынан көбейіп келеді. Жол апаты да жиілеп барады, – дейді «Яндекс такси» қызметінің жүргізушісі Сәбит Оспанов. Ал, оқыстан опат боларын ойламай, отпен ойнап жүрген жастар бұл туралы не дейді? Ел үміт артқан аймақ жастары неліктен скутер тізгініне үймелеп үйір болуда? – Біріншіден, бұл арзан тасымал құралы. Бағасы қолжетімді болғандықтан онымен жұмыс жасап, пайда табу да қолайлы. Мопедтердің ең жаңаларын 400-500 мың, ал қолданылғандарын 150-200 мың теңгеге сатып алуға болады. Немесе 20 мың теңгеден бастап жалға алу да қиын емес. Егер тапсырыс жеткізумен белсенді айналыссаң, ол ақшаны санаулы күнде шығарып қана қоймай, үстінен пайда көресің. Бірақ бәрі өзіңе байланысты. Ең алдымен қаладағы кептелістер кезінде скутермен қозғалған ыңғайлы. Сонымен қатар, мұнда өз аяғың өзіңді асырайды. Жылдам жетсең, екінші тапсырысты алып кетесің, ал тапсырыс көп болса, табыс көп. Қаладағы кейбір қоғамдық көліктер де осылай жұмыс жасайды ғой. Әрине, скутермен жүру қауіпті, бірақ бастысы жол ережесін бұзбасаң болды. Ал, жол ережесін мопедке жаңадан мінгендер бұзады. Бұл ретте жаппай мопед жүргізушілерін кінәлай беруге де болмайды. Себебі көп көлік жүргізушілері бізге жолда өздері қысым көрсетіп жатады. Дөрекі сөйлейді, мопед мінгеннен кейін бізді дәрменсіз көретін секілді. Өз басым мопедпен ойнап жүрген жоқпын. Күнделікті табысымды тауып жүрмін. Сол үшін де тұрғындарға біз секілді жастарға түсіністікпен қарауын өтінемін. Өзім осы іспен карантин кезінде араласа бастадым. Содан бері үш мәрте жол апатына түстім. Абырой болғанда ауыр жарақат алған жоқпын. Дегенмен, мен үшін бұл өмірлік кәсіп емес қой. Оқуымды аяқтаған соң өз салам бойынша жұмыс істеймін. Сондықтан, бұл маған уақытша табыс көзі, – дейді скутерші Айбек Қойшыманов. Ал, өткен аптада Таразда жол қозғалысы ережелерін бұзған 87 скутер мен мопед жүргізушілері жауапқа тартылды. Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, осы жылы мопедтерді, скутерлерді және электрлі самокаттарды басқаратын адамдардың көбеюі салдарынан жол қозғалысы ережелерін бұзу, сондай-ақ олардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының саны артқан. Аталған көлік түрлері жүргізушілерінің жолдағы тәртібін арттыру мақсатында полицейлер рейдтік іс-шаралар жүргізіп, олармен алдын алу жұмыстарын күшейтіп отыр. Патрульдік полиция инспекторлары жұмыс барысында скутерлер мен мопедтердің жүргізушілері жіберген бірқатар құқықбұзушылықтарды анықтады. Оның негізгілері – арнайы бас киімсіз жүру, жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзу, кәмелетке толмағандардың мопедті пайдалануы, маневр жасау ережелерін бұзу және апаттық жағдай тудыру. Көп жағдайда жол ережесін бұзушылар – жасөспірімдер. – Екі күндік рейдтік іс-шаралар барысында облыс орталығында полиция қызметкерлерімен 87 мопед пен скутер жүргізушілері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айып тұрағына 45 мотокөлік қойылды. Көбінесе бұл көлікті 16 жастағы кәмелетке толмаған жасөспірімдер пайдаланады. Олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылып, профилактикалық әңгімелер жүргізілді, – дейді Жамбыл облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Құрмет Мәжікенов. Жол қозғалысы ережелерін бұза отырып, бұл адамдар жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндіреді. Статистикалық мәліметтер көрсеткендей, соңғы уақытта мотокөліктердің салдарынан болған жол-көлік саны артты. Жыл басынан бері облыс жолдарында мопедтер 11 жол-көлік оқиғасына себепші болған. Онда 1 адам қаза тауып, 13 адам түрлі жарақат алған. Мопедтер мен скутерлер жүргізген балалар 10 мәрте жол-көлік ережесін бұзған. Соның салдарынан 1 бала қаза тауып, 9 бала жарақат алыпты. Мысалы, осы жылдың 20 қазанында кәмелетке толмаған скутер жүргізушісі қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығып, «Range Rover» автокөлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан скутердің жүргізушісі оқиға орнында алған дене жарақатынан қайтыс болған. – Көбінесе жасөспірімдер жол ережесін мүлде білмей, рөлге отырады. Ата-аналар баласына қымбат сыйлық бере отырып, оның салдары туралы ойламайды. Олар өз балаларының денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді. Скутер, мопед, тіпті велосипед – нақты көлік және олардың қатысуымен болған апаттардың салдары қайғылы жағдайға әкеледі. Қазіргі уақытта аталған көлік құралдары жүргізуші куәлігін алу қажеттілігінсіз пайдалануға қолжетімді болып табылады, осыған байланысты олардың көптеген жүргізушілері жол қозғалысы саласындағы заңнаманың талаптарын білмейді және елемейді. Сонымен бірге, «Жол қозғалысы туралы» Заңның 57-бабына сәйкес, мопед жүргізушілері уәкілетті орган бекіткен жол қозғалысы ережелерін білуге және сақтауға міндетті. Оларға бір қолмен рөлді ұстауға, жолаушы тасымалдауға, бір жолақтан артық жолдарда солға бұрылуға немесе бұрылуға, жаяу жүргіншілер өткелдері бойынша жолдың жүру бөлігін кесіп өтуге, тәуліктің қараңғы уақытында жүруге және велосипед жолымен, велосипед сызығымен, жол жиегімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруге тыйым салынады. Жол жүру ережелерінде мопедті басқару құқығы он алты жасқа толған адамдарға беріледі. Жоғарыда аталған талаптар бұзылған жағдайда мопед жүргізушілері әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 615-бабы, яғни жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысына өзге де қатысушылардың қозғалыс ережелерін бұзуы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылады,– дейді Жамбыл облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының жол жүрісін қадағалауды ұйымдастыру тобының аға инспекторы, полиция подполковнигі Болат Ізбасаров. Бейбіт күнде мопедтердің бейберекет қозғалысынан жарақат алып, арбаға таңылған немесе ажалына асыққан жастардың жайы расымен алаңдатарлық мәселе. Жол жүру мәдениетінің де ақсап тұрғаны жасырын емес. Жарықпен жарысқан скутерлердің жайын осы бастан қолға алмасақ, жапа шегушілердің қатарын ертең санап тауыса алмасымызға кім кепіл? Сол үшін мәреге асыққан мопедтердің мәселесін майшаммен қарайтын уақыт жеткен секілді.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар