Ауыл ахуалы артып келеді

Ауыл ахуалы артып келеді
ашық дереккөз
Ауыл ахуалы артып келеді
Таудың етегінде, Халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының бойында орналасқан Т.Рысқұлов ауданының Жаңатұрмыс ауылы құнарлы жердің жемісін көрген аймақтың бірі. Мұндағы халық алқапқа егін егіп, өріске мал жайып, ауыл шаруашылығымен күн кешеді. Ауыл даңғыл жолдың бойында болғандықтан, жеке кәсіпкерлікке де қолайлы. Жаңатұрмыстықтар қандай жағдайда да «Бірлік бар жерде береке бар» дегенді ұстанып, ортақ іске жұмыла біледі. Округте 120 шаруа қожалығы тіркелген. Оның ішінде 15 шаруа қожалық мал бақса, 105 шаруа қожалығы егін шаруашылығымен айналысып, ел экономикасына өз үлестерін қосуда. Ауылдық округ бойынша 6101,5 гектар егістік алқабы бар. Биылғы өнімге 1800 гектар күздік бидай себіліп, орташа түсім 8 центнерді құраған. Сондай-ақ, 2600 гектар арпа себіліп, орташа түсімі 5 центнерден айналған. 120 гектар мақсарыдан орташа 3 центнер өнім алынған. Ауылдың экономикалық-әлеуметтік дамуы жөнінде ауыл әкімі Ерсайын Қуандық Орталық Коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында мәлімдеді. – Жаңатұрмыс ауылдық округі әкімі аппаратының 2022 жылғы жалпы бюджеті толық игерілді. Қарастырылған бюджет 49334 мың теңгені құрады. Жыл соңына бюджет 96,8 пайыз орындалды. Елді мекенді абаттандыру мен көгалдандыруға тал-дарақтар егуге бөлінген 1 миллион 500 мың теңге қаражат ауа райының күрт суытуына байланысты бюджетке қайтарылды. Бүгінгі күнге ауылдық округте барлығы 6 көше бар, түнгі жарықпен толығымен қамтылған. «Өңірлерді дамытудың 2025 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында 1 миллион 250 мың теңгеге Наурыз төбеде Сахна орнатылды. Биыл жеке тұлғалардың табыс салығы бойынша жылдық жоспар 1 миллион 40 мың теңге, 9 айда 75 пайызға орындалды. Көлік салығы бойынша жоспар 4 миллион 250 мың теңге, қазірге орындалғаны 4 миллион 231 мың теңге, бұл 99 пайызды құрап отыр. Жер салығы бойынша жоспар 106 пайызға, мүлік салығы 100 пайызға орындалды. Жалпы, 9 айлық жоспар толықтай орындалды деуге болады. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға, жалпы ауылдық округ бойынша өткен жылы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж 20 отбасының 121 адамына 7,7 миллион теңге игерілді. Биыл 15 отбасынан 95 адам 4 миллион 660 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек алуда. Округ бойынша 135 көпбалалы отбасы бар. Ауылдық округ бойынша жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағыты аясында еңбек бағдарламасы арқылы былтыр 10 адам қайтарымсыз мемлекеттік грант жеңіп алды. Жалпы көлемі 10 225200 теңге болды. Жалпы, округте мүмкіндігі шектеулі І ші топта 4 адам, ІІ топта 21, ІІІ топта 31 адам және 16 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі 9 бала бар. Оның ішінде 9 мүмкіндігі шектеулі балалар мен 6 жалғызілікті қарияға үйде қызмет көрсету стандарты бойынша 8 түрлі бағытта көмек көрсетіледі. Әр айтулы мерекелерде демеушілердің көмегімен іс-шаралар өткізіліп тұрады. Ауылымызда 14 пен 35 жас аралығында 569 жастарымыз бар. 18 бен 20 жасқа толатын 133 жеткіншектеріміз тіркелген. Биыл 9 жас некеге тұрды, 77 студент және 11 жас кәсіпкеріміз ауылдың дамуына өз үлестерін қосып келеді. Әскер қатарына 6 бозбаламызды аттандырдық. Әкімшілік тарапынан 6 жасты жұмысқа орналастырдық. NEET санатында 2 жас, бала күтіміне байланысты 33 жас жұмыссыз отыр, 11 жас мүмкіндігі шектеулі кісілер санатында. Бәрі де жастарға қатысты іс-шаралардан тыс қалдырылмайды, – деген Ерсайын Талғатұлы ауылдағы инфрақұрылым жөнінде де тарқата әңгімеледі. Ауыл әкімінің айтуынша, Жаңатұрмыс каналы 13 шақырым. Оның 6 шақырымы тазартылған, ал округтегі 13 арықтың 5 шақырымының көзі ашылған. Сәуір, мамыр, маусым айларында бұлақ көздерін ашу және арықты тазалау жұмыстарын ауыл халқы жұмыла жүргізіпті. Өткен жылы «Асарлатып үй салу» жобасы аясында Жаңатұрмыс ауылындағы Сыпатай көшесінің №2 үйін демеушілер есебімен салып, аз қамтылған отбасы Е.Таңатаровқа берілген, қосымша үй жиhаздары алынып, тарту етілген. «Өңірлерді дамытудың 2025 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында бұл ауылда «Жасыл белдеу» бағдарламасы бойынша 10 мың түп тал-дарақ егу жоспарланып отыр. Бүгінгі күнге мемлекеттік сатып алу рәсімдері арқылы жеңімпаз анықталған. Жақын күндері бұл жұмыстарды бастаймыз», дейді ауыл әкімі. Сонымен қатар, Жаңатұрмыс ауылындағы орталық саябақтан 2 миллион 234 мың теңгеге балаларға арналған ойын алаңшасын салу жоспарланған. Ал, көгілдір отынмен ауылдағы 420 үйдің 385-і қамтылған, жаңа ауыз су жүйесі де түгел тартылыпты. Жаңадан салынған дәрігерлік амбулатория ел игілігіне пайдалануға берілген. Жақында Жаңатұрмыс ауылында «Спорт» кешенінің құрылыс жұмыстары басталды. Жоба келесі жылға өтпелі. Жаңа мәдениет үйінің құрылысы 90 орындық болып жоспарланған, алайда бүгінгі халық санына шағындау болуына байланысты 140 орындық жобаға зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Ауылда барлығы 6 көше болса, соның ішінде асфальттанбаған Қ.Сәтпаев көшесіне тиісті сметалық құжаттары әзірленуде. «Келесі жылы асфальтталады», дейді әкім. Келер жылға ағын су мәселесін шешу мақсатында жалпы ұзындығы 18 километрді құрайтын жерасты құбырымен немесе лоток тарту бойынша жұмыстар жоспарланып отыр екен. Жалпы, округ бойынша бұл ауылда 2620 халық қоныстанған, 418 аула бар. Бүгінге дейін тұрғындар тарапынан ауыл әкімінің атына барлығы 27 өтініш, арыз-шағымдар келіп түскен. Барлық келіп түскен өтініш, арыз-шағымдар қаралып, өз деңгейінде шешімі табылып, қанағаттандырылыпты. Жаңатұрмыс ауылдық округі бойынша 106 адам жер кезегінде тұр. Бұл ауылда 3 шаруа қожалық асыл тұқымды мал асыраумен шұғылданады. Атап өтсек, «Омарходжаев» шаруа қожалығы 60 бас сементал тұқымды сиыр бақса, «Бақ-Дәулет» қожалығы Әулиекөл тұқымды сиырдың 150 басын, ал «Ислам» шаруа қожалығы 100 басын бағып отыр. Жаңатұрмыстық шаруалардың алдағы қысқа әзірлігі де тиянақты. Мәселен, қазіргі таңда 15000 түк, жалпы 300 тонна шөп жиналған. Сонымен қатар, 200 тонна жем, 50 тонна салмақта 5000 түк сабан малдың қысқы азығына дайындалыпты. Әрине, шаруалар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Алғашқы қар түскенше малдың қысқы азығын жинау жұмыстары жалғаса береді.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

 

Ұқсас жаңалықтар