Қайтарымсыз гранттың қайырын көруде

Қайтарымсыз гранттың қайырын көруде
ашық дереккөз
Қайтарымсыз гранттың қайырын көруде
Ауданда «Бастау Бизнес» жобасы аясында 240 адамды оқыту жоспарланған, кәсіпкерлік негіздері аясында 523 үміткер қатысып, 373 азамат оқуын аяқтапты. Ал, азаматтарды онлайн оқыту бойынша 140 адамды оқыту жоспарланып, 232 адам оқып, сертификат алған. Олардың оқыған кәсіптеріне нақты тоқталсақ, 78 адам қатпарлы қамыр дайындау технологиясын, 35-і құс шаруашылығын, 25-і кассирлікті, біреуі сабын өндірісін және біреуі бағдарламашылықты, 61-і ірі қара бордақылауды, үшеуі кондитерлікті, 10-ы жылыжай ісін, тағы 10 азамат консерві өндірісін, 7-і сүт бағытындағы ірі қара өсіруді, бір тұрғын микрожасылды өсіру технологиясын меңгерген. Биыл «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» аясында 73 адамға 100,7 миллион теңге қайтарымсыз грант қаражатын беру жоспарланған. Бүгінгі күнде 36 адамға өз ісін ашу үшін 49,6 миллион теңге беріліпті. Қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін ашқан құландықтың бірі – Данияр Байтайлақов. Ол қазір пластик терезелер жасайтын цехты өз үйінің ауласынан ашып, жұмыс істеуде. – Бір отбасының асыраушысы болғандықтан, әрине «жұмыс жоқ» деп қарап отыра алмайсың, қолдан келген іспен нәпақа тауып жүрдік. Әр жерде еңбек еттім. Аудандық әкімдікке жұмыссыз ретінде тіркелгенмін. Жұмыссыз азаматтардың өз кәсібін ашуына жәрдемдесуге мемлекеттен қайтарымсыз грант берілетінін естіген соң, қажетті құжаттарды тапсырып, осыған ниеттендім. Шүкір, 1 миллион 380 мың теңге алып, сол қаржыға пластик материалдары мен әйнекті кесетін, өлшейтін құрал-жабдықтарды, станоктарын сатып алдым. Сөйтіп, өз үйімнің есік алдындағы шағын сарайды цехқа айналдырдым. Қазір жанымда бірге жұмыс істейтін ағам бар. Түскен табысқа қарай ол кісіге де өз жалақысын беріп отырамын. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет берген қайтарымсыз грантпен жеке кәсібімді аша отырып, екі адам тұрақты жұмыс тауып отырмыз. Шүкір, сұраныс жаман емес. Көктем келгеннен қыс түскенше халық үй тұрғызады немесе жөндеу жасайды, есік-терезелерін ауыстырады, әйтеуір біздің ісіміздің нағыз қызатын уақыты осы. Күн суытқанда аздап сұраныс азаяды, дегенмен мүлдем тоқтап қалмайды. Көбіне тапсырыс өз ауданымыздың тұрғындарынан түседі. Анда-санда Тараз қаласынан, өзге аудандардан да болып қалады. Баға нарқын тапсырыс берушінің жағдайына қарай келісімді түрде ұстаймыз. Түскен табыстың қорын жинақтап, келешекте кеңейтіп арнайы цех салсам деген жоспарым бар. Қазір қандай да бір іспен шұғылданып, өзінің жеке ісін жүргіземін деген адамға қолдау баршылық. Тек адам өз бойындағы қабілетін байқаса, оны ары қарай ізденіспен дамытса, мемлекеттік қолдаулар туралы толық ақпарат алып, шаршамай жүгіріп, талаптарын орындаса, ешқандай қиындығы жоқ деп ойлаймын. Мысалы, мен бала күнімнен құрылысқа жақын болдым. Өсе келе ағаларымның жанында жүріп, құрылыс материалдарының қыр- сырына қанығып, ағаш есік-терезеден пластик түрінің тиімділігін ұғынып, осы істі үйрендім. Қызығушылық болса, адам барлық кәсіпті меңгеріп кетеді. Айталық, қазір пластик есік- терезелердің ақ және қоңыр түсті екі түрі қолданылады. Айырмашылықтары – ақ түстісі үш камералы, ал қоңыры төрт камералығында. Сонысына қарай ақ түстіге қарағанда қоңыры жылуды жақсы сақтайды. Осындай артықшылығына байланысты қоңыр түстісі қымбатырақ келеді. Әйткенмен, біздің оңтүстік өңір жылы аймақ болғандықтан ақ түстісі де жарайды, – дейді «Байтайлақ» жеке кәсіпкерлігінің иесі, көпбалалы әке Данияр Байтайлақов. Дәл осындай қайтарымсыз грант алып, жеке кәсіпкерлігін ашқан Дәурен Молдасимов қазір темір есіктер жасап, бизнесін өркендетіп жүр. – Бұған дейін такси жүргізушісі болып, жолаушы тасымалдаумен айналыстым. Алматыда темір есік шығаратын цехта еңбек ететін ағам Жансейіттің қасына 2011 жылы барып, жұмыс істеп, айлық алып жүрдім. Сол кезде темірді дәнекерлеп темір есік жасауды, оның бетін бедерлеп, алуан өрнектермен сәндеуді үйрендім. Ел азаматтарын қолдау мақсатында беріп жатқан 1 миллион 380 мың теңге қайтарымсыз грантына ие болғаннан соң Құлан ауылындағы базар маңайындағы шағын алаңды жалға алып, өзім темір есік жасайтын цех аштым. Қазір мұнда уақытша отырмын, өзімнің цехымды үйімнің маңайынан салдырып жатырмын, тұрғызылып біткен соң сонда жұмыс істеймін. Біз қазір темірден қақпа, үйдің сыртқы есігін, терезелердің сыртына салынатын тор, шатыр (навес) да жасаймыз. Бағасын тапсырыс берушінің сұраған затына қолданылатын темірдің сапасына қарай қоямыз. Көбіне Шымкентте құйылатын темірді пайдаланып жүрміз. Бірақ, біз шикізатты Тараз қаласынан әкелеміз. Біздің цехтың өнімдерін тек осы аудан халқы емес, бүкіл республика аумағындағы тұрғындар пайдаланып жатыр. Тапсырыстар басқа облыс, қалалардан да түседі. Жұмысымызды, өнімдерімізді Instaqram желісіндегі парақшамызға салып отырамыз. Сол жерден көргендер өздері хабарласып, керегін айтып, тапсырыс береді. Менімен бірге інім көмекшім ретінде жұмыс істейді, оған да өз еңбекақысын төлеп отырмын. Кейде дайындаған өніміміздің көлемі үлкен болғанда, көлікке тиеп, тапсырыс берушінің үйіне барып орнату үшін бірер адам жалдаймыз. Бұйыртса, келесі жылы өз цехымның құрылысы аяқталса, тағы да қосымша жұмысшылар аламын деп ойлап жүрмін. Қазірдің өзінде 200 мың теңгенің қақпасын 3 күнде жасаймыз, яғни күндік табысымыз 60-70 мың теңге көлемінде болып жүр. Кең әрі арнайы жасалған өз цехымда бұдан да көбірек тапсырыс қабылдауыма мүмкіндік болар еді. Бүгінгі таңда облыс аумағында әлі қолданысқа келе қоймаған лазерлі станокты алсам деп көздеп жүрмін. Егер соны алсам қақпа, есіктерге түрлі ою-өрнектерді бедерлей аламын. Оны есікке салмай-ақ сол өрнек күйінде де сатуға болады. Білгеніммен шектеліп қалмай, осы салада әлі де ізденіп, жаңа бағыттарын үйреніп отырамын. Маған ұстаздық етіп, білетіндерін үйретіп жүретін Жансейіт пен Жалғас есімді ағаларым. Негізі дәнекерлеуші мамандығын өз ауданымыздағы Құлан агротехникалық жоғары колледжінде оқығанмын. Оқу орнынан теориялық білім алып, оқу- өндірістік тәжірибеден өткеннен кейінгі білімімді іс жүзінде еңбектенумен толықтырып келемін. Ең алдымен сапаға жұмыс істейміз. Тұтынушылардың сенімінен шығуға тырысамыз. Елден алғыс алсақ деген мақсаттамыз. Қазір жасым 31-де, бала-шағам, отбасым бар. Осыған дейінгі өмір тәжірибемнен ұққаным – адам бір нәрсені нақты мақсат етіп, сол жолда кездескен қиындықтарға қаймықпай, тоқтап қалмай, алға жүре берсе, көздегеніне жетеді және содан мол табысқа кенеледі. Осы қайтарымсыз грантқа өткен жылы да құжат тапсырғанмын, бірақ өте алмай қалған болатынмын. Сонда да қайтып қалмай, биыл қайта құжат тапсырып едім, грантқа ие болдым. Әлі де «жұмыс жоқ» деп бос жүрген замандастарым болса және ізімнен ерген інілеріме «Нақты мақсатың болсын, соған жету үшін еңбектенуден шаршама» дегім келеді. Жеке кәсіп ашуға қолдау көрсеткен мемлекетіме ризашылығымды білдіре отырып, Отанымның барына Аллаға шүкіршілік етемін, – дейді жас кәсіпкер Дәурен Қайратұлы. Жұмыссыздықпен күрес бағытындағы Жастар тәжірибесіне бұл ауданда 200 жас түлек жұмысқа жіберілген. Жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 248400 мың теңге, жергілікті бюджеттен 40333 мың теңге қаражат бөлініп, 127 адам жұмысқа жолданыпты. Әлеуметтік жұмыс орындарына 70 азаматқа жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 21504 мың теңге, жергілікті бюджеттен 12762 мың теңге қаражат бөлініп, қазан айына дейін 109 тұрғын әлеуметтік жұмыс орындарына жолданған. Сол секілді ақылы қоғамдық жұмыс орындарына 600 азаматты жұмысқа жіберу жоспарланып, жергілікті бюджет есебінен 200 миллион теңге қаражат, жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 496800 мың теңге бөлініп, 758 адам ақылы қоғамдық жұмысқа жіберілген. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 48 адамға жергілікті бюджеттен 17 миллион 285 мың теңге, жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 59 миллион 616 мың теңге қаражат бөлініп, 12 жас маман жұмысқа орналастырылыпты. «Күміс жас» жобасына 69 адамды жұмысқа жіберу жоспарланып, жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 44 миллион 277 мың теңге, жергілікті бюджеттен 13 миллион 252 мың теңге бөлініп, жо спарланған адамдар түгелдей жұмысқа жолданған. «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына жергілікті бюджет есебінен 2 жас маманды жіберуге 1153 мың теңге бөлініп, екеуі де жұмыспен қамтылған. Ұлттық жоба бойынша биылға 32 жобада 330 жұмыс орындарын ашу жоспарланып отыр. Оның ішінде 144 орын тұрақты, 186 уақытша жұмыс орны. Бүгінгі күнге 27 жоба басталып, жалпы 191 адам жұмысқа жолданған, оның ішінде 91 адам уақытша, 100 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіліпті. Биыл мүгедектігі бар адамдар үшін 8 жұмыс орны 5 білім беру мекемесіне бекітілген. Бүгінгі күнге 4 азамат орналасыпты.  

Т.Рысқұлов ауданы

    Қамар ҚАРАСАЕВА 

Ұқсас жаңалықтар