Жаңа есім Әнші Балнұр Аққубай бірнеше байқауда лауреат атанды

Жаңа есім Әнші Балнұр Аққубай бірнеше  байқауда лауреат атанды
ашық дереккөз
Жаңа есім Әнші Балнұр Аққубай бірнеше байқауда лауреат атанды

Сахнада сәмбі талдай майыса билеп, өзіндік ерекше үнімен өнерсүйер қауымның жүрегіне жол таба білген жас әнші Балнұр Аққубай үшін жылқы жылы табысқа толы болды.

Өмірін өнерім деп түйсінетін нәзік дауысты Балнұр ару жастығына қарамастан өзін тәжірибесі толысқан кәнігі әнші секілді сахнада сенімді, еркін ұстайды. «Ән айтсаң, жаныңды жеп айтасың» деген сөздің түп-төркінін жан-тәнімен сезінетін жас әнші ағымдағы жылы республикалық, облыстық әншілер байқауында «сен тұр, мен атайын» орындаушылармен терезесі тең дәрежеде өнер көрсетіп, сайысқа түсті. Қатарынан оза шапты. Лауреат атанды. Бір емес, бірнеше тілдегі үлкен шеберлікті талап ететін таңдаулы туындыларды нәшіне келтіре шырқай алса да, ол алдымен ана тіліміздегі мәнді де мазмұнды әндерді орындағанды жанындай жақсы көреді. Ол ІV Республикалық Нұрғиса Тілендиев атындағы «Кел, еркем, Алатауыңа!» атты әншілер мен күйшілер байқауында ән әлемінің корифейі саналатын ұлы композитор, дауылпаз дирижердің бірнеше әнін тамаша орындап, ІІІ орыннан көрінді. Жас та болса лауреаттардың қатарын толықтырды. «Тараз дауысы» байқауында бас жүлде, облыстық Мэлс Өзбеков атындағы «Келші Құланға» конкурсында ІІІ орын иеленгенін де айта кеткен жөн. Бұдан өзге де бірқатар өнер аламандарында өзін жақсы қырынан көрсете білді. – Бүгінде «Кәусар» вокалдық ансамблі құрамында әншімін. Әрі өнерімді осы ұжымда шыңдап жүрмін. Күні кеше ғана репертуарым «Жаңа жыл» атты жаңа әнмен толықты. Әні мен сөзі Асқат Абзалбековтікі. Жетістікке жету жолында маңдай теріңді сығымдап төгесің. Әрине өнер жолында бар білгенін бойымызға сіңіріп жүрген Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің ұстаздарына алғысым шексіз. Эстрада әншілері көбінесе ән мәтіндерінің мазмұны жеңіл-желпі болғандығынан сынға ұшырап жатады. Ол әрине талғамсыздықтың көрінісі. Мен бұл мәселеге бірінші кезекте назар аударамын, ескеремін. Болмысына жақын әнді орындау әншінің өзіне де жеңіл. Табиғатыңа да сай келеді. Осыны қаперден шығармайтыным анық. Жасандылыққа жаным қас. Сахнаның қасиетін сақтағанға не жетсін? Бізге осыны әрдайым ескертеді. Әншінің мақсаты сахнаға шығып түрін көрсету емес, өзінің өнерін, танымын, талғамын паш ету. Тыңдарманның жанын семіртетін ән орындау. «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» демекші, менің де Алатаудай асқақ арманым бар. Сол арманның үдесінен шығу әрине біріншіден өзіме байланысты. Алдағы уақытта елдің сүйікті әншісі болу жолында бар күшімді сарп етіп, еңбектенемін, – дейді жас әнші.

Қанат Тілепберген,  «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар