Аудан әкімдерін халық өзі сайлайды

Аудан әкімдерін халық өзі сайлайды
ашық дереккөз
Аудан әкімдерін халық өзі сайлайды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері сайланатынын мәлімдеген болатын. Көп ұзамай пилоттық режимде қолға алынған саяси дода 5 қарашаға белгіленіп, еліміздің 3 қаласы мен 42 ауданында өтетіні белгілі болды. Өз кезегінде, Орталық сайлау комиссиясы өткен аптаның соңында аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлауға дайындық жұмыстарының қорытындысын шығарып, маңызды саяси науқан өтетін өңірлерді аралау басталғанын мәлім етті. Орталық сайлау комиссиясы барлық өңір бойынша 45 әкім лауазымына 249 үміткер ұсынылғанын айтты. Бір орынға орта есеппен 5 үміткерден келеді. Дегенмен, бір орынға 9 кандидат үміткер болған аймақтар бар. Солардың арасында біздің облыстың Жуалы ауданында да бір орынға үміткер болғандар саны көп болды. Кандидаттарды ұсыну саяси партиялар арқылы және өзін-өзі ұсыну жолымен жүргізілді. Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, тіркелгендердің 63 пайыздан астамы өзін-өзі ұсынғандар болса, 36 пайыздан көбі саяси партиялардың атынан сайлауға түсіп жатыр. Ұсыну барысында барлық тіркелген 7 саяси партия өз белсендігін көрсеткен. Үміткерлердің орташа жасы – 47. Кандидаттардың басым бөлігін ерлер құраса, арасында 13 әйел адам бар. Ұсынылған үміткерлердің 63,5 пайызы мемлекеттік қызметшілер болса, 6,83 пайызын уақытша жұмыс істемейтіндер құрайды. Қалғандары түрлі салаларда еңбек етіп жүрген азаматтар. Әкімдер лауазымына кандидаттарды тіркеу 10 қазанда аяқталды. Облыста пилоттық сайлау өткізуге екі аудан таңдалып алынған болатын. Яғни, 5 қарашада Жуалы және Т.Рысқұлов аудандарының әкімдері алғаш рет халықтың тікелей таңдауымен сайланбақ. Бүгінде аталған аудандарда алдағы саяси науқанға дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Осыған орай, орталық төрағасы Нұрлан Әбдіров облысымызға арнайы іссапармен келіп, екі ауданда өтетін сайлаудың дайындық барысымен танысты. Жуалы аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, бүгінде ауданда 39 сайлау учаскесі құрылып, таңдау жасауға құқылы 31620 сайлаушы тіркелген. Оның ішінде 1568-і мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Олар үшін 2 сурдоаудармашы және 2 инватакси қызмет етеді. Жуалы ауданында бастапқыда 9 кандидат ұсынылған. Олардың екеуін Аmanat және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиялар ұсынса, жетеуі өзін-өзі ұсыну тәртібін пайдаланған. Кандидаттардың 5-і мемлекеттік қызметкер, 2-і жұмыссыз, 1-і шаруа қожалығының басшысы болса, енді 1 үміткер партия төрағасы. Кейінірек 9 кандидаттың үшеуі сайлауға түсуден өз еріктерімен бас тартып, алтауы қалған. Ал, 10 қазанда аяқталған кандидаттарды тіркеудің қорытындысы бойынша сол үміткерлердің төртеуі ғана, өзін-өзі ұсынғандар арасынан Нұржігіт Бөлекбаев, Ғани Жұбаев, Жәнібек Мырзалиев және Аmanat партиясы ұсынған ауданның қазіргі әкімі Жалғас Мұртаза саяси додаға қатысуға мүмкіндік алды. Төраға әуелі Жуалы ауданына атбасын бұрып, №473 учаскелік сайлау комиссиясының жұмысымен танысты. Екі ауданда да саяси доданың ашық әрі әділ өтуіне аумақтық сайлау комиссиялары жауапты. Өйткені, сайлауды жариялау, дайындау мен өткізу, ұйымдастыру және қорытындылау бойынша айрықша құзырет аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың аумақтық сайлау комиссияларына тиесілі. Сайлау комиссиясының дайындығын бақылаған төраға жауаптыларға маңызды науқан басты назарда болу керектігін ескертті. Әсіресе, жасы үлкен, мүмкіндігі шектеулі жандардың үйіне өздері бару керегін еске салды. – Қариялардың, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайын ескеріп, денсаулығын сұрап барыңыздар. Адамдық танытқаннан кішірейіп қалмайсыздар. Құлағы естімейтіндері болса, сайлаудан бейхабар болуы да мүмкін. Ел азаматтары ретінде бұл кісілердің таңдау, дауыс беру құқы бар екенін ұмытпаңыздар. Бір жапырақ қағазды таратып кетіп қалмаңыздар. Үйлеріне арнайы барып, хал-жағдайын сұрап, сосын ғана сайлау жайлы сөз қозғаңыздар. Жүріп-тұруы қиын тұрғындар үшін үйлерінен дауыс беретіндей жағдай жасаңыздар. Өздері келіп дауыс бергісі келсе сайлау учаскелеріне инвакөлікпен жеткізіңіздер, – деді Нұрлан Мәжитұлы. Аудандағы №473 сайлау учаскесінің төрағасы Сулимжан Қабылбеков өз кезегінде назарға алу керек мәселені жеткізді. Оның айтуынша, №473 сайлау учаскесі аудандағы ең үлкен учаске екен. Мұнда 2600 адам дауыс беруге келеді. Осыншама адам тар орынға шоғырланып қалады. Әрі әр дауыс беруші бюллетеньге қол қоятын кезде халық кептеліп қалады.Осы орайда учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы бюллетеньге тұрғындар алдын ала қол қойса деген өтінішін білдірді. Алайда, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы бұл ұсыныстың заңға қайшы екенін айтты. Одан кейін ОСК төрағасы аудан әкімінің сайлауын пилоттық режимде өткізу бойынша даярлық жұмыстарының барысы туралы аудан жастарымен кездесу және семинар-тренинг өтті. – Орталық сайлау комиссиясының науқан шеңберіндегі құзыреті – әдістемелік және нормативтік тұрғыда қамтамасыз ету. Мұндай өкілеттіктерді бөлу «Сайлау туралы» Конституциялық заңда көзделген және 2021 жылдан бастап ауылдар, кенттер және ауылдық округтер әкімдерін сайлау жөнінде өткізілетін науқандар барысында жүзеге асып келеді. Өздеріңіз де ауыл әкімдерінің сайлауына белсене қатысқан боларсыздар. Енді алдағы саяси науқанға жауапкершілікпен біркісідей атсалысады деген сенімдемін, – деді төраға. Мұнан соң Нұрлан Мәжитұлы ауданның мемлекеттік қызмет органдарымен кездесу өткізіп, полиция, прокуратура, төтенше жағдай, жұмыспен қамту бөлімдері басшыларының сайлауға дайындығын пысықтады. Сайлау күні мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еш кедергісіз дауыс беруіне жағдай жасау керектігін баса ескертті. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері қажет болмаған жағдайда сайлау учаскелерінде отырмауы керегін айтты. Төтенше жағдай қызметкерлеріне ауданның табиғатын ескере отырып сайлау күні жарық сөніп, жел көтеріліп кетуі мүмкіндігін еске салды. Табиғаттың тосын жағдайларына дайын болуға шақырды. Одан кейін төраға осы аудандағы Нұрлыкент ауылына арнайы соқты. Ауылдың халық сайлаған әкімі Нұрсұлтан Рақымбек өз қызметіне кіріскеніне көп бола қоймаған. Нұрлан Мәжитұлы ауыл тұрғындарымен кездесу өткізіп, жаңа әкімнің жұмыс барысын сұрады. Жас та болса бас болып жүрген әкім халық көңілінен шығып жүр екен. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы сайлауға дайындық жұмыстары жүріп жатқан Т.Рысқұлов өңірінде де болып қайтты. Мұнда да аудан жастары және мемлекеттік қызметкерлермен жолығып, сайлауға дайындықты пысықтады. Кездесу №362 сайлау учаскесінде өтті. Аталған сайлау учаскесі Құлан агротехникалық жоғары колледжінде орналасқан. Бұл сайлау учаскесінде 1975 адам дауыс бере алады. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Тілеповтің айтуынша, мұнда 35 сайлау учаскесі құрылып, барлығы 40611 тұрғын дауыс беру құқығына ие болып отыр. Бұл астықты ауданда әкім болуға 5 азамат өзін-өзі ұсынса, 1 үміткер Аmanat партиясы арқылы тіркелген. Дегенмен, 10 қазанда аяқталған кандидаттарды тіркеу қорытындысына сәйкес, алдағы саяси додаға 6 кандидаттың 3-еуі ғана, яғни өзін-өзі ұсынған Сапар Кулманов пен Бақытбек Аблазимов және партия атынан ауданның қазіргі әкімі Ернар Есіркепов қатысатын болды. Екі ауданда да ұсынылған кандидаттардың барлығы ер азаматтар екенін айта кеткен жөн. Сонымен қатар, аудандық полиция, прокуратура, жұмыспен қамту бөлімдерінің басшылары да есеп беріп, сайлауға тыңғылықты дайын екендерін жеткізді. Сонымен, жоғарыда аталған екі ауданның халқын алда үлкен саяси науқан күтіп тұр. Аудан әкімін таңдаудың осындай әдісі елімізде алғаш рет қолданылғалы отырғанын ескерсек, мұндай сайлау өткізу – өркениетке және демократиялық қоғамға қол созған реформалардың жемісі деуге болады. Сарапшылардың пікірінше, мұндай қадам жергілікті жерде бәсекеге қабілетті саяси орта қалыптастыруға жол ашады. Халықтың ортасынан оза шауып, тұрғындардың мұң-мұқтажын көтеріп жүрген азаматтардың саясат сахнасына шығуына мүмкіндік береді. Халық арасынан сайланған әкім ел-жұрттың жауапкершілігі мен сенімін арқалай жүріп, ауыл-аймақтың шын жанашыры ретінде қызмет етеді деген сенім мол. Бұл ретте елдегі саяси партиялардың өз кандидаттарын ұсынуына, сонымен қатар жекелеген азаматтардың да өзін-өзі ұсынуы арқылы үміткер болуға мүмкіндігі болғанын айта кеткен жөн.  

Назерке СӘНДІБЕК

Ұқсас жаңалықтар