Шөлдалада шешілмеген мәселе көп

Шөлдалада шешілмеген мәселе көп
ашық дереккөз
Шөлдалада шешілмеген мәселе көп
Тараздан 20 километрдей қашықтықтағы Шөлдала атты шағынауданның әлеуеті әлі де күйсіз. Алдымен оған апаратын жол мен жолаушылар таситын қоғамдық көліктің тасымалы түзелмей тұр. Құмшағал арқылы қалаға қатынайтын асфальттың тозығы жеткен. Жыл сайын бетін жамағанымен, қар мен жаңбырдан соң қайта бәз-баяғы қалпына оралатыны жасырын емес. Бұл туралы әлеуметтік желіде де сан мәрте айтылды. Облыстық «Aulieata-media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, облыстық мәслихат депутаты Оралхан Дәуіт те бұл ауданның көп мәселесін көтеріп, жазды. Сонымен, шағымы көп шағынауданға арнайы барып, тұрғындармен тілдестік. Мұнда бұрыннан шешімі табылмай келе жатқан түйткілдер толып жатыр. Бәрі де өз ретімен жөнге келер деп үміттенгенімен, халықтың кейбір атқарылып жатқан жұмыстарға көңілдері толмайды. Мәселен, шөлдалалықтар ауыз су мен газ құбырларын тартқандарға ашулы. Олар жолды қопарып, құбырлар жүргізген соң, оны қалай болса, солай топырағын жауып, үстінен техникамен тегістемей, таптай салған. Салдарынан көшелерде көлікпен жүру мұңға айналған. Ал, құрылысты жүргізген компания сапасыз жұмыстарын қайтадан ретке келтіруге ниеттенер емес. Расында Құмшағал арқылы жүрген жолымыздың ой-шұқыры жүргізушіні шаршатады. Шөлдала алабының ішімен жүру тіпті тау-тасты кезумен тең. Қисық-қыңыр көшелерді аралап, тұрғындармен кездестік. Олардың айтуынша, мұнда жедел жәрдемнің келуі де қиындық тудырады. Оларға да уақтылы келуге кедергі тудыратын осы жол. Тағы бір байқағанымыз, су құбырларын түйістіретін арнайы шұңқырлар жолдың орта шетіне қарай шығып кеткен. Оның үстімен өткен көліктердің асты тиетіні анық. Кейбір шұңқырлар тіпті төмен тұр. Қар, жаңбыр жауса ішіне су толып, әбігерге салады. Онсыз да тар көшелерді тіпті тарылтып жіберген. Тұрғындардың тағы бір басты мәселесі – интернет желісінің өте сапасыздығы. Байланыс жоқтың қасы десе де болады. Тұрғындар Tele2 компаниясының өкілдерімен байланысқан екен. Олардан «Болашақта Tele2- нің станциясы орнатылады»,– деген жауап алыпты. Әзірге ол күннің қашан туары белгісіз. Сондай-ақ, қалың елді қалаға таситын қоғамдық көлік те көпшілік көңілінен шықпай тұр. 30 минут сайын қатынайтын автобустың жүру уақыты шөлдалалықтарға тиімсіз. 13 мыңнан аса халқы бар алап тұрғындарының көп бөлігі қалада жұмыс істейді. №54 автобусты 30 минут күтемін дегенше аялдама адамға толып қалады. Кейбірі келіп тұрған қоғамдық көлікке сыймай қалып кетеді. «Егер автобус 15 минут сайын жүрсе бұлай болмас еді», – дейді шөлдалалықтар. Жалпы, жер телімдерін сатып алып, үй соғып жатқандардың қарасы күннен күнге көбеюде. Сәйкесінше, халық саны да жылдан жылға артып келеді. Адырна көшесі, №26 үйде тұратын Әсел Алпысбаева есімді тұрғын: – Біздің басты проблема – байланыс. Өзімде ерекше бала бар. Кей кезде балам үшін ойламаған жерден жедел жәрдем шақыру керек болады. Қоңырау шалсақ, байланыс ұстамайды. Байланыспен қоса, жол да нашар. №54 автобуспен жолаушылап жүру мұң. Кейде сыймай қаламыз. Ол да жиі-жиі бұзылып қалады. Сосын халық жеке таксилерге мінуге мәжбүр. Бірақ такси жалдауға шама келе бермейді, – дейді. Сондай-ақ, Әсел ауыз судың да мәселесі тез шешілсе екен дейді. Тіршілік нәріне арналған құбыр үйдің қасына келгенімен, су әлі берілмепті. Ауладағы құдық суы да таусылуға таяп қалыпты. Шөлдала тұрғындары Салима Нысанбаева, Сәдібек Қасымбеков, Людмила Коволева, Гүлмира Тоқсейітова және Марина Досманбетовалар да жол, ұялы байланыс, қоғамдық көлікпен қатар, қаңғыбас иттерге қатысты мәселелердің шешімі табылса дейді. Шөлдала тұрғыны, айтыскер ақын Нұрлыбек Құрманов: «Мұнда интернеті әлсін-әлсін ұстап тұрған «Beеline» операторы еді. Ол да қазір нашарлап қалды. «Telegram», «Wһatsappқа» келетін хабарламаларды 1 күннен кейін ашатын жағдайға жеттік», – дейді. Сондай-ақ, қоғам белсендісі, осы алаптың тұрғыны Динара Бабиджанова бүгінде қала әкімімен бірге жұмыс істеп жатқанын жеткізді. – Келер жылы көктемде ауыз су беріледі. Жергілікті халықтың атынан ылғи талап етеміз. Жолдың мәселесіне келсек, жоспар бойынша келесі жылы үлкен Шөлдала, 2025 жылы Құмшағал жағына асфальт төселеді. Қоғамдық көліктің мәселесі шешіледі. Ал, қаңғыған иттер шынында көп. Олардың тұрғындарға қауіп төндірері анық, – дейді Динара Пархатқызы. Облыс орталығына жақын орналасқан алаптың жүдеңкіреу жағдайын көріп, еңсеміз түсіп қайттық. Қаладан қол созым жерде тұрған мекен мұншалықты сүреңсіз болмауы тиісті еді ғой. Қала маңындағы алқаптың ахуалы осындай болғанда, жырақтағы жұрттың халі «шіркін-ай» деуге келмейтіні бесенеден белгілі...  

Нұржан ӘЛІШ

     

Ұқсас жаңалықтар