Ең мықты команда екенін тағы да дәлелдеді

Ең мықты команда екенін тағы да дәлелдеді
ашық дереккөз
Ең мықты команда екенін тағы да дәлелдеді
«Әулиеата» командасы көкпардан Қазақстанның 13 дүркін чемпионы атанды. Облыс намысын қорғаған «Әулиеата» кәсіпқой клубының басшылық құрамын кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы қабылдады. Аймақ басшысы клубтың жетекшісі Нұрдәулет Момынов, жаттықтырушысы Жұлдызхан Тайырбеков пен команда капитаны Есжан Құрманбайды кезекті жеңісімен құттықтады. – Тараз қаласында ұйымдастырылған көкпардан ересектер арасындағы ХХІІ Қазақстан Республикасының чемпионатында облыс командасы өздерінің мықтылығын тағы бір дәлелдеді. Тартысты бәсекеге еліміздің 15 өңірінен 171 спортшы қатысқанын ескерсек, бұл жарқын жеңіс – аймақтағы ұлттық ат спортының беделін айғақтап, барша жерлестеріміздің мерейін тасытты, – деген Ербол Қарашөкеев спортшыларға алдағы уақытта да жеңіс тұғырынан түспеуіне тілектестік білдірді. Жалпы, он күнге созылған дүбірлі додада «Әулиеата» көкпар командасы жеңіске жетіп, Қазақстанның 13 дүркін чемпионы атанса, Қостанай облысының көкпар командасы күміс медальға қол жеткізді. Ал, Түркістан және Қызылорда облыстарының командалары қола медальды місе тұтты. Жеке аталым бойынша чемпионат барысында үздік ойын өрнегін көрсеткен команданың ойыншысы Тұрғынбек Құрманбек «Үздік ойыншы» номинациясын жеңіп алды. Аймақ басшысы ат спорты жаттықтырушыларымен кездесу барысында ұлттық спорт төңірегінде сөз қозғап, бірқатар мәселелерді бірлесе талқылады. Кездесу соңында Ербол Қарашөкеев алдағы уақытта кәсіпқой клубқа арнайы барып, олардың жағдайымен танысып, спортшылармен кездесетіндігін айтты.  

Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.

 

Ұқсас жаңалықтар