Сібір жарасынан сақтаныңыз

Сібір жарасынан сақтаныңыз
ашық дереккөз
Сібір жарасынан сақтаныңыз
Сібір жарасы – адамға көп жағдайда ауыл шаруашылығы малдарынан немесе топырақтан жұғатын аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Барлық ауыл шаруашылығы жануарлары және еткоректілер сібір жарасына бейімді, егер алдын алу шараларын жүргізбесе, ауыруы ықтимал. Сібір жарасының қоздырушысы – спора түзетін, қоршаған ортаның қолайсыз факторларына өте төзімді, топырақта жүздеген жылдар бойы сақталатын және жылықанды жануарлардың денесіне енген кезде тез арада ауру қоздыратын, таяқша тәрізді бацилла. Ауа райының қатты ысуы кезінде сібір жарасы ауруының шығу қаупі жоғарылайды. Өйткені, шаңның көтерілуінен топырақтың астыңғы қабаттары ашылады да тереңде жатқан сібір жарасы спораларының жер бетіне шығуына жол ашылады. Сосын шөп қатайып, жануарлардың ауыз қуысындағы кілегей қабатын жарақаттап, спора ағзаға енеді. Ауыл шаруашылығы малдары ауруды сібір жарасынан қолайсыз деп есептелетін жайылымдарға жайылғанда, әсіресе құрғақшылық кезде шөппен бірге ілескен топырақты жегенде жұқтырады. Адамдарға сібір жарасымен ауырған малды сойғанда, терісін сыпырған кезде, етін жіліктеу кезінде ауру жұғады. Сонымен қатар, сібір жарасы ауруы адамдарға терісі зақымданған кезде жер қазу кезінде топырақтан да жұғуы мүмкін. Сібір жарасы ауруының алдын алу үшін әрбір адам төмендегідей қарапайым ережелерді сақтауы қажет: – ауылдық округ мал дәрігер маманына қайырылып, жылына 1 рет барлық малдарға сібір жарасына қарсы вакцина ектіру қажет; – сібір жарасы ошақтары бойынша жайылымдардың сипаттамасын ауылдық округі мал дәрігер маманынан білу қажет, сібір жарасы ошақтарының маңайында мал жайылмауын қамтамасыз ету қажет; – ауыл шаруашылығы малдары кенеттен ауырған немесе өлгенде, міндетті түрде ауылдық округтің мал дәрігеріне қайырылып, хабарлау қажет, сібір жарасына күдікті болған малды союға, терісін сыпыруға болмайды. Сібір жарасы ауруының белгілері – сап-сау жүрген мал кенеттен өледі, аузы-мұрнынан және басқа да табиғи тесіктерінен қан ағады, іші кебеді, өліктің аяқтарында сіресу белгілері болмайды, өлген малдың қаны ұйымайды. Осы белгілер болған кезде, мал дәрігеріне қайрылып, ветеринариялық зертханаға патологиялық материал жөнелтуге бағытталған жедел шараларды қабылдау қажет; – ауыл шаруашылығы малды соятын немесе сататын жағдайда, алдын ала мал дәрігеріне көрсетіп, ветеринариялық анықтама алу қажет; – ауыл шаруашылығы малдарын ұстайтын қора-жайларда жылына 1 рет дезинфекция жұмыстарын жүргізу және санитарлық тазалықты сақтау қажет; – мал базарлары мен ет дүкендерінен мал немесе мал өнімдерін сатып алғанда, сатушылардан мал дәрігерімен берілген ветеринариялық анықтаманы талап ету керек. Адамдарда көбінесе ауру малды сойғанда немесе етін боршалағанда жұғатын, ауруы сезілмейтін, ортасында қара көмір сияқты өзегі бар жара түрінде кездеседі. Егер дер кезінде ем-дом жасалмаса, адамның дене қызуы көтеріліп, ағзаның ішкі мүшелерінің қабынуы мен адамның әлсіреуіне соқтыруы мүмкін. Аурудың алғашқы белгілері байқала қалса, ауылдық округтің мал дәрігер маманына және дәрігеріне қайырылыңыз, дер кезінде басталған ем өміріңізді сақтап қалатындығын естен шығармаңыз! Сібір жарасынан малыңызды, өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыз! Қазіргі таңда облыс аудандарының барлық ветеринариялық пункттері тарапынан сібір жарасына қарсы вакциналар егілуде. Ол вакцина жануарларға 3 айға толғаннан бастап егіледі. Облыстың иелігінде малдары бар тұрғындарына ескертеміз, ауылдарыңыздағы мал дәрігеріне қайрылып, вакцина егілуін қамтамасыз етіңіздер. Сібір жарасына қарсы вакцина үкімет тарапынан тегін егіледі.  

Талғат ҚОЖАБЕРГЕНОВ,

облыс әкімдігі ветеринария басқармасының ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы.

Ұқсас жаңалықтар