Шығынды азайтып, өнімді арттыратын жоба

Шығынды азайтып, өнімді арттыратын жоба
ашық дереккөз
Шығынды азайтып, өнімді арттыратын жоба
Қазір білектінің емес, білімдінің бағы жанатын уақыт. Үздіксіз ізденіс пен қажырлы еңбек, табандылық мол жетістікке жеткізетінін күнделікті өмірде көріп те жүрміз. Ертеден мал бағып, кең дала төсінде еркін өскен халықпыз. Алайда, табиғаттың байлығын игере беру экологиялық зардапқа әкеп соғатынына да көз жетті. Сондықтан, ғалымдар Табиғат-Ананың төсін еміп, шаруашылықты дамытуға ғылыми өзгеріс енгізіп, жоқтан бар жасаудың тәсілдерін ойлап табуда. Сондай ізденістің бір жемісі – гидропоника. Ол малды қорада ұстап-ақ көк майсада жайылғандай азықтандырып, жайылымды да, малшыны да қажет етпейтін жаңа бір әдіс. Айталық, биыл облысымызда 680 мыңнан аса гектар жайылым жер тапшы екені кезекті бір жиында айтылған болатын. Облыс әкімдігі бұл мәселені шешу үшін 2021 жылдан бері 5 бағытта жұмыс жүргізіп келеді. Босалқы жер қорындағы және қайтарылған жайылымды елді мекендерге бекіту арқылы 363 мың гектардан 741 мың гектарға ұлғайтылған. Елді мекеннен 5 шақырымдық радиуста орналасқан 49,2 мың гектар жайылым жер елді мекендерге бекітілген. Орман қорының 1 миллион 80 мың гектар жеріне мал басы көп тұрғындардың 245 мың малы шығарылған. Шаруа қожалықтарының жерлеріне кедергісіз мал жаюға 510 мың гектарға меморандум жасалып, игерілмеген 379 мың гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Осындай жұмыстардың ұйымдастырылуымен жетіспейтін жайылым жерлердің көлемі 683,6 мың гектардан 164 мың гектарға қысқарған. Алайда, әлі де қолда бар малды емін-еркін жаятын жер жетіспейді. Төрт түлік асыраумен айналысатын шаруа қожалық иелерінің мұңы мұнымен бітпейді. Қазіргі уақытта сенімді, еңбекқор малшы табу да қиын. Жақында Жуалы ауданына барған іссапарымызда «Береке» шаруа қожалығының иесі Досымхан Дүйсебеков: – Қазір дұрыс малшы таба алмаймыз. Жалақысын төлеп, үй-жайына қарайлассақ та малыңа жауапкершілікпен қарайтын малшы табу өте қиын. Көбі ішкілікке жақын болады, әйтеуір шаруаңа жаны ашитын адам таптыра бермейді, – деген болатын. Міне, осындай мәселелерді шешуге де гидропониканы қолдану ұтымды. Гидропоникамен өсімдік өсіруде топырақ та қажет етілмейді. Аз ғана дәнді сеуіп, мол өнім алуға мүмкіндік бар. Тиімділігі жоғары тың технологияны жеткізіп, құрып берумен айналысатын өңіріміздегі «AgroGreenTechnology» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Данияр Әубәкіровтен гидропониканың пайдасы жөнінде толығырақ сұрадық. – Ауыл шаруашылығына гидропоника өте тиімді. Оны дәлелді түрде айтатын болсақ, 1 килограмм бидай, арпа, жүгері және тағы басқа дәнді дақылдан бір аптада 7-10 килограмм арасында өнім өсіріп береді. Және де сыртқы ауа райына қарамастан, жыл он екі ай күніге дайын жасыл жем алуға болады. Заман талабына сай барлық дамыған мемлекеттерде тек жаңа технологиялар пайдаланып жатыр, біз де қазіргі уақыттың жағдайларына қарай өз Отанымыздың ауыл шаруашылығында еңбек етіп жүрген азаматтарымызға жаңа технология ұсындық. Бұл біздің қазақстандық туынды, яғни отандық технология. Бұны шығарардан бұрын бірнеше шет елдерден тәжірибе алмасып, оқып, үйреніп, өзіміздегі шаруашылыққа қолайлы тұстарын қарастырып барып осыны ойлап таптық. Шаруашылықта қолданғанымызға да бірнеше жыл болып қалды, ұтымдылығынан басқа зияндылықтарын көрген жоқпыз. Анығырақ айтқанда, біз бұл жобаны 2016 жылы 26 желтоқсанда бастадық, яғни казіргі таңда 7 жыл болыпты. Осы 7 жылда Қазақстан бойынша 2 жүзге жуық гидропоника құрылғысын әртүрлі модельде орнаттық. Патент, сертификат және басқа да осындай құжаттарды рәсімдеп, Қазақстан нарығына орнатып жатырмыз. Гидропоника құрылғысы несімен тиімді дегенге келсек, оның пайдасы алдымен жылдың ыстық, суық мезгілдеріне қарамай, құнарлы жем өсіруінде. Ол жем далада күн шуағына жайқалып піскен астықтан ешбір кемшілігі болмайды. Ең бастысы – малды күнделікті жасыл шырынды жеммен қамтамасыз етеді және малдарды сыртқа шығармай ұстап-ақ құнарлы азықтандырып, бағуға мүмкіндік береді. Малды сапалы етті етіп 6 ай бордақылау алаңын 3 айға қысқартады. Яғни, математикалық тұрғыда айтсақ, 6 айда екі айналым жасап, табыс алуға болады. Сонымен қатар, мал бағатын шаруаға жем құнын, яғни бағасын арзан етіп бере алады. Басқа жемге қарағанда гидропониканың құрамында керекті дәрумендер өте көп. Анығырақ айтқанда, 38-ге жуық дәрумендер жинақталған, ол малдың етін құнарландырумен қатар, сүтін көбейтеді және құрамындағы майлылығын арттырады. Мысалы, күніне 500 килограмм өнім шығару үшін 80 килограмм дән салынады, 7 күн бойы құрғақ күйінде тұрған ол келесі аптада 500- 560 килограмм жасыл жем береді. Алынған өнімнің құны сатып алынған дән мен құрылғыға қолданылатын су, электр қуаты, газ және адам қолымен атқарылатын жұмысына төленетін айлығын қосқанда, 1 килограмм гидропоника жемі сізге 30 теңгеден айналады, яғни өзіндік құны осындай мөлшерде болады, – дейді серіктестік басшысы Данияр Оңалсынұлы. Шығыны аз, берер пайдасы мол болғандықтан да отандық технологияға шетелдерден де қызығушылық танытып, сұраныс жасаушылардың қатары артып келеді екен. Ресей елі, тіпті бір миллион адамға бидай өсіндісінен сусын дайындау үшін гидропоникаға тапсырыс берген. Оның пайдасы адам ағзасында жиі кездесетін қан қысымы, жүрек ауруы сияқты ауруларға шипа бола алатынында көрінеді. Бұдан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан секілді тәуелсіз елдер достастығындағы мемлекеттерге де аталған компания жаңа технологияны тасымалдап отыр. Ұсыныс берушілердің қатары Сауд Арабия елімен де толыққан. Ал, осы технологиямен өнім алу жұмыстарын атқаратын 500 адамның қызметін небары 5 техника жүзеге асыра алады. – Гидропоникамен өсімдікті топырақсыз өсіреміз дедік қой. Яғни, себілген дән барлық қоректік заттарды судағы ерітіндіден қажетті мөлшерде және дәл пропорцияда алады. Бұл топырақта өсіру кезінде мүмкін емес. Гидропоника әдісі өсімдіктің тамыр жүйесін, нақтырақ айтқанда өсімдіктің қоректенуі қалай жүретінін зерттеуге негізделген. Әдетте топырақта өсімдік өсіргенде бірнеше тыңайтқыштарды пайдаланымз, ал мұнда арнайы тыңайтқыштың қажеті жоқ. Осы технологияның өнімінің құрамы тамыр, жем, жасыл шөптен тұратындықтан малға жасыл шөптің де, жемнің де пайдалы азығын және өсімдіктің тамырындағы құнарын да береді. Сондықтан да гидропоникамен қоректенген малдың еті мәрмәрдай, сүті майлы әрі мол болады. Мұндай азықты малға берудің де өз тәсілдері бар. Егер ірі қара болса, 5 күннен 15 күнге дейінгі аралықта ішінде бактериялар пайда болуы керек, малдың асқазаны, ішек жолдары үйренгенше аз-аздан беріп отыру керек. Алғашқы азықтандыру барысын компаниямыздың технологтары пайдаланушыларға өздері үйретеді. Гидропониканың СГУ және МГУ деген екі модулі бар. СГУ-ді құру үшін арнайы бөлме керек. Ал, МГУ мобильді құрылғы, оны бір жерден екінші жерге көшіру оңай және өзінің климатын өзі сақтай алады. Бұның алдыңғысынан артықшылығы да осынысында. Егер құрылғыны бөлмеге орналастыратын болса, оның іші жылы және едені кафельденген болуы керек. Себебі, мұнда өсімдікті өсіру барысында су бүркіліп отырылады. Ал, гидропоника жемі малдың асқазанында 98 пайыз қорытылып, бойындағы дәрумендерінің көмегімен көптеген мал ауруларынан қорғануға өз әсерін тигізеді. Сонымен қатар, мал суды да көп қажет етпейді, яғни жиі шөлдемейді. Бұл дәлелденген. Міне сондықтан, бұның пайдасын түсінген кей кәсіпкерлер гидропоника құрылғысын орнатып, содан жем дайындап алып, мал бағатындарға сатып отырғандар да бар, – дейді Данияр Әубәкіров. Гидропоника тек мал азығын дайындауда ғана емес, көкөністерді, гүлдерді баптап өсіруге де қолайлы. Мұнда өсімдік топырақсыз, жасанды ортада өскендіктен, өзіне қажетті қоректік заттарды судағы ерітіндіден алатындықтан жылдам әрі сапалы өсіп шығады. Гүл, қиыр, қызанақ, бұрыш, жүзім, жидек өсіру үшін ашық және жабық грунттарды қолданған дұрыс. Өсімдік тамыры ерітіндіде ауытқымай тұру үшін әртүрлі қиыршықтас, құм, қож және тағы басқа субстраттар пайдаланылады. Өсімдікке қажетті ауа желдеткіш арқылы беріліп тұрады. Гидропониканың бірнеше түрі бар. Су дақылды гидропоникада тамыр жүйесінің тіршілік ортасы минералдық тұздардың судағы ерітіндісінде болады. Агрегатопоникада дақыл қатты агрегатты субстратта, яғни қиыршықтас, керамзит, құм, вермикулит, перлит, шлак, полимер материалдарда өсіріледі. Мұндағы тамыр жүйесінің тіршілік ортасы борпылдақ органик болмақ. Ионитопоникада екі түрлі шайыр қоспасы, яғни катионит пен анионитте дақыл өсіріледі. Аэропоникада тамыр жүйесінің тіршілік ортасы – ауа. Өндірістік жылы жайларда, көбінесе агрегатопоника мен хемопоника қолданылады. Гидропониканың артықшылығы бір қалыпты минералдық қоректендіру мүмкіндігінде, яғни автоматиканы кеңінен пайдалануға мүмкіндік бар. Бұл әдіспен өндірілетін көкөніс дақылдары топырақта өсірілетін дақылдарға қарағанда өнімді ертерек береді. Жоғарыда айтылғандай, дәнді дақылдардан небары бір аптада өнім берсе, қияр 3-4 күн, қызанақ 15-18 күн бұрын пісіп шығады. Жалпы өнімділігі де жоғары болады. Қорыта айтқанда, гидропоника жасыл экономиканы дамытуға өте қолайлы. Егіннен мол өнім алу үшін көп алқапты жерді қажет етпейді. Үйір-үйір малды жаятын жазық жайылымның да керегі жоқ. Шағын ғана жерден аз ғана дән сеуіп, мол өнім алуға мүмкіндік береді. Өнімділік үшін тыңайтқышты да көп іздемейсіз. Шаруалар егістікті суғару үшін арық қазып, көп су жіберіп те шығынданбайды. Ерітінді суды бүркіп отыру арқылы өсімдікті қоректендіруге болады. Табиғи ресурстарды үнемдеп, жасанды ортаны пайдаланумен табысы толайым өнімге ие боласыз. Сонымен қатар, адам қолының күшін де көп керек қылмайды. Бір сөзбен түйіндесек, бұл технология шығынды азайтып, мол өнімге кенелтеді.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар