Атбегілер әулеті

Атбегілер әулеті
ашық дереккөз
Атбегілер әулеті
Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылдық округіне қарасты Қаратау деген шағын елді мекен бар. Есімдері көпке аян Сияқұл Сейітов деген кісі сол елді мекенде ғұмыр кешкен. Сияқұлдың сүйікті ісінің бірі – бәйге аттарын баптау болған екен. Бүгінгі жас ұрпаққа үлгі болған Атбегілер әулеті жылқыны танудағы зеректігі, көкпарға құмарлығы Жамбыл ауданында аңыздай болып айтылады. Отбасы құндылығына аса мән берген, перзенттерін ұлттық спортқа бейім, шымыр етіп тәрбиелеген Сияқұл қарияның қорасынан ат, басынан бақ кетпеген. Құдайдың нәсіп еткен перзенттерімен қоса көкпарға лайықты аттардың да санын көбейткен. Небір тұқымы жақсы жылқыларды сатып әкеліп, күтіп, баптап, бәйгеге, көкпарға қостырып отырыпты. Атқұмарлығы туралы неше түрлі оқиғасын ауылдастары тамсана айтады. Жақсы аттан ештеңесін де аямаған. Кезінде қырғыз елінен бір атты 36 қойға сатып алыпты. Бүгінгі таңда баласы Нұрлыбектің қолында «Тұмар» деген керемет сәйгүлік бар. Осы тұлпар үшін миллиондап ақша ұсынатындар бар көрінеді. Бірақ, бұл әулет жақсы жылқыны сатпай, сақтап келеді. «Тұмардан» тараған тай, құлынның бағасы да шарықтап тұр. Бұл әулетті айтқанда бүкіл ауыл Би апа деп атаған Зүлфия әжені, Рысбүбі ананы айтып өтпеу мүмкін емес. Осынау асыл аналардың тағылымын көрген ұрпақ бойларында адалдық, ізгілік, жақсы қасиеттер көп, мейірімді болып қалыптасты. Бұл ардақты аналар әулеттің ғана емес, ауылдың анасы болды. Сияқұл жұбайы Рысбүбі екеуі 10 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген. Атап айтқанда Райхан, Раушан, Күлзипа, Шарипа, Сәуле, Аружан атты қыздары тәрбиенің тұнығын алып өсті. Қыздар әр салада еңбек озаты атанып жүр. Ұлағатты ұстаз болған қыздары – ауылдың мақтанышы. Секең төрт ұлының бәрін де көкпарға баулиды. Үлкен балалары Сейсенбек, Райымбекті апта сайын көкпарға апарып жүріп, нағыз шабандозға айналдырды. Ағаларының жолын Ақылбек пен Нұрлыбек жалғады. «Сияқұл қарияның атқұмарлығында, көкпарға деген қызығушылығында шек жоқ еді» деп ауылдастары талай қызықты әңгімелерін айтады. Балалары Сейсенбек немесе Райымбек көкпарда аттан жығылып, құлап жатса, «Ой, тез-тез, қайтып атқа мін, көкпар кетті ғой!», – деп айқайлайды екен. «Қай жерің ауырды?» деп өбектеу ол кісіде атымен жоқ болған. Аяқтың сынған, шыққанына да қарамайды. Көкеміздің көкпардан артық қызығы болмаған. Көкеме бастысы – намысты қолдан бермеу», – дейді ұлдары. Бірде Сияқұл қария құда шақырыпты. Баласы Райымбектің қайынжұрты алғаш есік көрейін деп келеді. Секең ақсақал бастаған топ жақсылап қарсы алып, дуылдап жатады. Сол кезде Сияқұл ата аяғына көкпарға баратын киімін, саптама етігін киіп, қолына қамшысын ұстап келіп: «Ал, құда, мына, Сейсенбек, Ақылбек, Нұрлыбек балаларым сіздерге қызмет жасайды. Қадамдарыңыз құтты болсын. Маған рұқсат етіңіз. Бір жұмыс болып тұрғаны» депті. Сөйтсе, сол күні көкпар бар екен. Құдасы да Секеңнің сырын біліп, ақпарат алып үлгерген көрінеді. «Рұқсат, құдеке» деп күліп қала беріпті. Тағы бірде үлкен көкпар болып, Сияқұл қарияның командасы жеңіліп қалады. Сонда Секең ақсақал ашуланып, Таразға атпен тартады. Аттың басын облыстық жол полициясына тірейді. Баласы Ақылбек сол мекемеде істейді екен. Әкесі көкпар барын ескерткенімен, Ақылбек жұмыстан шыға алмапты. Қария атын бір бағанға байлай салып, ашулы бойда мекемеге кіріп келеді. Ақылбек бастығы екеуі есіктің алдында тыныстап тұрса керек. Секең барған бойда баласын қамшымен тартып, тартып жібереді. «Әй, мен саған кел деп айттым ғой! Көкпарда жеңіліп қалдық» деп ашуын әрең басыпты. Кейіннен бастығы Ақылбек Сейітовты шақырып алып: «Ой, мен қарияның көкпарға мұнша құмар екенін білмедім. Бұдан кейін көкпар кезінде сені жіберіп тұрамын», – депті. Сияқұл қарияның есімі ауыл, ауданнан асып, өзге қала, облыстарға да тарап жатты. Танымал кісілердің арасында ол кісі жайлы жылы пікір айтатындар көп. Композитор, Қазақстанның Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев: «Сияқұл ақсақалды көрдім. Қазақтың ұлттық ат спортының дамуына қосқан үлесін жоғары бағалаймын» десе, Тараз қаласының Құрметті азаматы, құрылыс саласының озат ұйымдастырушысы Жетпісбай Медеуов: «Ақсақал ұлттық өнердің шынайы жанашыры. Есімі көршілес Өзбекстан, Қырғыз елдеріне атбегілік қасиетімен танымал. Өңір намысын биік ұстаған патриот» деп бағалапты. Секеңнің сондай талап шылдығынан, атқа құмарлығынан ұрпақтары тегіс көкпаршы болды. Немерелері де аттың құлағында ойнайды. Көкпар болғанда тек Айша бибінің төңірегі емес, Түркістан, Қызылорда, Қырғыздың Талас облысына дейін барып, мықтылықтарын дәлелдеп жүр. Секең ақсақалдың төрт баласы қатысқан көкпарда өзгелердің салым салуы мүмкін емес. Тағы бір қызығы, Сейіттің баласы – Сияқұл болса, қызы – Мария. Міне сол Мариядан Нәби, Хадиша, Ошақбай деген ұлдар тарайды, олардың бәрі – көкпаршы. Нәби Момыновтың ұзақ жыл Айша бибі ауылдық округінде әкім болғанын көпшілік жақсы біледі. Міне, сол Нәбидің баласы Нұрдәулет Момынов – Сияқұл ақсақалдың жиеншары. Ол қазіргі таңда облыстық «Әулиеата» ұлттық спорт клубының директоры. «Жаратушының қалауымен спортқа бейім болдық. Көкпаршылықтың соңына түстім. Ат спортына қызығуыма нағашым Сияқұл ақсақал ерекше ықпал етті. Әкем Нәби де мемлекеттік қызметтермен қатар, көкпаршылықты дамытқан кісі. Әкеміздің де тәрбиесі тікелей әсер еткені анық. Облыстық «Әулиеата» көкпаршылар командасы қатарынан 13 дүркін Қазақстанның чемпионы болып жатыр. Көкпардан Әлем, Азия чемпионы болған Қазақстан құрамасының сапында біздің жамбылдық көкпаршылар аз емес. Көкпар спортындағы бұл жетістіктің бастауы Сияқұл ақсақалдың атбегілігінде, көкпардың дамуына мол еңбек сіңіруінде жатыр деп білемін», – дейді көкпардан бірнеше дүркін Азия чемпионы Нұрдәулет Момынов. Қазір мемлекет қаржыландыратын «Әулиеата» клубы болса, сондай команданың қалыптасуына Сияқұл ақсақал ұзақ жыл тер төкті. Қарияның көкпаршы балалары Сейсенбек, Райымбек, Ақылбек, Нұрлыбек те Әулиеата көкпарының дамуына ықпал етті. Қазіргі таңда балалары ғана емес, шәкірттері, жиендері, немерелері Ұлан мен Наурыз да ата жолын қуып, көкпаршылықты, атбегілікті жалғап келеді. Бабадан жас ұрпаққа жалғасқан ұлттық өнердің қанат жайғаны осы болар. Бұл әулеттен тарағандар барша Алашқа көкпаршылықты ғана емес, батырлық пен қайсарлықты, қазақы рухты таратып жүр.  

Есет ДОСАЛЫ

Жамбыл ауданы

Ұқсас жаңалықтар