Паркинсон – қауіпті әрі жұмбақ ауру
Паркинсон ауруына шалдыққанда мидағы нейрондар қызметі бұзылады. Әдетте, бұл дерт 55 пен 65 жас аралығындағы адамдарда және көбіне ерлер арасында жиі кездесетін көрінеді. Бірақ 30-40, тіпті 20 жасында Паркинсонға шалдыққан науқастар да жоқ емес. Бұл жүйке жүйесінің ең қауіпті әрі жұмбақ ауруларының бірі. Осы дертке шалдыққан науқастарда «допамин» деп аталатын химиялық затты шығаратын ми жасушалары өле бастайды. Допамин бұлшықеттің қозғалысын бақылау үшін маңызды болғандықтан, Паркинсон пациенттерінде діріл, баяулаған қозғалыстар және бұлшықеттің қатаюы сияқты белгілер пайда болады. Дәрігерлердің айтуынша, көп жағдайда допамин өндіретін жасушалардың өле бастауының нақты себебі белгісіз. Бірақ, белгілі бір гендер адамдардың ауруды салыстырмалы түрде жас кезінде дамыту қаупін арттыратын көрінеді.
Бокс чемпионы Мұхаммед Әли 74 жасында қайтыс болғанға дейін Паркинсон ауруымен өмір сүрген. Көптеген адамдар Алидің бокс мансабы оның жүйке ауруын дамытуына себеп болды ма деп ойлаған. «Боксшының Паркинсон ауруында бастың жиі жарақат алуы белгілі рөл атқарған және ауруға бейімділігін арттырған болуы мүмкін. Оның басынан қайта-қайта жарақат алуы оның Паркинсон ауруына ықпал еткен болуы мүмкін», – деп топшылаған доктор Барбара Чангизи, Огайо штатының Векснер медициналық орталығының невропатологы.
Паркинсон ауруы қазіргі таңда Альцгеймер дертінен кейін әлемде ең кең тараған нейродегенерациялық ауру. Нейродегенерация дегеніміз – жүйке жасушаларының біртіндеп өз қызметін жоғалтып, түбінде өліп қалуы. Ол адамды мүгедектікке алып келуі мүмкін. Бүгінгі күнде әлемде Паркинсон ауруына шалдыққан адамдардың саны 4 миллионға жуық. Паркинсон ауруының орта есеппен таралуы 100 мыңға шаққанда 150-200, алайда бұл көрсеткіш жасы 70-80-нен асқан адамдар арасында 300-ге дейін жетуі әбден мүмкін. Паркинсон ауруына негізінде егде жасқа жеткен адамдар бейім болғанменен, соңғы жылдары бұл ауру 30 бен 60 жас аралығындағы жұмыс істейтін жас адамдар арасында жиілеп кетті.
Жуырда облыстық аурухананың 150 жылдығына орай «Паркинсон ауруы мен қозғалыс бұзылыстарын диагностикалау мен емдеудегі заманауи тәсілдер» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шараны бас дәрігер Марат Жұманқұлов бастаған облыстық көпбейінді аурухананың әкімшілігі ұйымдастырды.
Конференцияға қатысу үшін «Shashkin Clinic» заманауи неврология және нейрореабилитация клиникасының директоры Шыңғыс Шашкин, невропатолог, қозғалыс бұзылыстары бойынша маман Жәнібек Мырзаев және реабилитолог, невропатолог Әлия Мұратбайқызы арнайы шақырылды.
Ғылыми форум аясында қатысушылар денсаулық сақтау мамандары мен медицина қызметкерлері диагностика және емдеу мәселелерін, Паркинсон ауруы бар науқастарға медициналық көмек көрсетуді дамыту перспективаларын талқылады. Жиын барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Мұсабаев құттықтау сөз сөйледі.
– Шыңғыс Сақайұлы, сіздердің клиникадағы дәрігерлердің кәсібилігіне күмән келтірмейміз. Барлық дәрігерлерге осы күнді нәтижелі өткізіп, алған білімдерін іс жүзінде барынша кеңінен пайдаланады деп сенеміз. Алдағы уақытта денсаулықтағы ақауды түзеп, емін шипалы ету мақсатында тер төгіп жүрген медицина қызметкерлерінің еңбектеріне жеміс тілейміз, – деді Ерік Тілләбекұлы.
Негізінде Паркинсон ауруын хирургиялық жолмен емдеудің ең ұтымды әдісі – мидың терең стимуляциясы деп аталады екен. Бұл әдісті Қазақстанда 2013 жылдан бергі уақытта Шыңғыс Сақаұлы қолданып келеді. Осы күнге дейін ол 200-ден аса Паркинсон ауруымен ауыратын адамға мидың терең стимуляциясын жасаған. Алайда, бұл операция Паркинсон ауруының негізгі себептерін түбегейлі жоя алмайды, бірақ аурудың асқыну белгілерін өте жақсы басатын көрінеді. Операция жасалған адамдар көп дәрі ішпейді. Есесіне, ұзақ өмір сүруге мүмкіндігі бар. Бұл операцияны Қазақстан азаматтары үшін тегін квота алудың кезегіне дер кезінде тұру арқылы жасауға болады.
Өз кезегінде Шыңғыс Шашкин облыстық денсаулық сақтау және облыстық көпбейінді аурухананың басшылығына алғысын білдіріп, дәрігерлер мен пациенттердің білімдерін арттыруға бағытталған бүгінгі конференцияның маңыздылығын атап өтті.
– Соңғы жылдары науқастардың арасында Паркинсон ауруымен ауыратындар санының жыл сайын артуы байқалады. Жақында 50 жас шамасындағы адамдар арасында жиілегені белгілі болды. Бұл конференцияның мақсаты – диагностиканың сапасын жақсарту, аурудың белгілерін ертерек анықтау, дұрыс емдеуді таңдау, оңалту және оларды сапалы өмірге қайтару үшін практикалық дәрігерлердің назарын осы мәселеге аудару, – деп атап өтті Шыңғыс Шашкин. Сонымен қатар, ол өз сөзінде Паркинсон ауруын емдеудегі заманауи тәсілдер мен соның ішінде қозғалыс бұзылыстарын нейрохирургиялық емдеу әдістерімен бөлісті.
Кездесу барысында өзге дәрігерлер де Паркинсон ауруымен ауыратын науқастарды диагностикалаудың, емдеудің, оңалтудың және күтудің заманауи әдістері қандай екеніне тоқталып өтті.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді