Әлеуметтік саланың әлеуеті жоғары

Әлеуметтік саланың әлеуеті жоғары
ашық дереккөз
Әлеуметтік саланың әлеуеті жоғары
Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықованың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Орталық атқарушы органдар басшыларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығына сәйкес, жаңадан енген әлеуметтік кодексті халыққа, үкіметтік емес ұйымдарға, әлеуметтік нысандағы еңбек ұжымдарына түсіндіру жұмыстары бойынша келген вице-министр БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Мүгедектігі бар азаматтарға арналған порталдың жұмыстары, ондағы керекті құралдардың сапасына байланысты түскен шағымдар мен ұсыныстарды қарауға қатысты: – Порталдағы медициналық, техникалық құралдарға енді медициналық лицензия сұрап отырмыз. Келесі жылдан бастап өзгеріс енгізілетін болады. Одан басқа медициналық заттарға жатпайтын құралдарға өзіміздің министрлік тарапынан ғылыми орталық ашуды жоспарладық. Сол орталықта рұқсатнама ретінде сертификат беріледі. Оны да порталға енгізбекшіміз. Бұл, әрине, құралдың сапасын жоғарылатуға мүмкіндік береді, – деді Назгүл Ерікқызы. Сондай-ақ, вице-министр әлеуметтік кодексте мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты жаңалықтармен, атап айтқанда, жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу, мүгедектігі бар азаматтарға жөргектердің саны 2-ден 4-ке дейін көбейгендігі, сапалы кататерлер қарастыру, менталды ауытқулары бар балаларға оңалту орталықтарына баруға мүмкіндік берілетіндігі туралы ақпараттармен бөлісті. Мүгедек жандарға көмектесумен қатар, оларды қала инфрақұрылымындағы қолжетімді нысандар туралы ақпаратпен қамтамасыз етуге бағытталған қолжетімділік картасына облыста 1317 әлеуметтік көлік инфрақұрылымы енгізілген. Оның ішінде бүгінде 583 нысан мүгедектігі бар азаматтарға толық бейімделген. 734 нысан ішінара бейімделгенін және осы картада бекітілген нысандармен жұмыстар 2027 жылға дейін атқарылатынын жеткізді.  

Назерке СӘНДІБЕК

Ұқсас жаңалықтар