Ел тілеуі – сапалы жол
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа арнаған Жолдауында жол саласындағы бақылауды күшейту әрі жаңа нормативтік құжаттар қабылдау қажеттігін айтты. Президент бас құжатта ел ішіндегі жолдардың жайы ел- жұртты алаңдатып отырғанын да атап өтті. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде жол саласындағы тиісті жұмыстар уақтылы әрі сапалы жасалмайтындықтан, кемшіліктер күн санап көбейе түскеніне тоқталды. – Автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуы тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер. Сондықтан, жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет. Міндетін адал атқармаған барлық компаниялар заң бойынша жауапқа тартылады. Бұл мәселеге мен баса назар аударамын. Бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдау керек», – деді Мемлекет басшысы.
Жалпы, біздің елде жолдарды салу, қайта құру, жөндеу және күтіп ұстау, сондай-ақ жол активтерін басқару саласындағы жұмыстар мен материалдардың сапасын сараптау міндеті «Жол активтері ұлттық сапа ұлттық орталығына» жүктелген. Кәсіпорынның өңірлік филиалы сапа және есеп бөлімінің инженері Тойшыбай Әлиахметовтің айтуынша, жыл басынан бері жолшылар қыруар жұмыс атқарған. Тәжірибелі маман Президенттің Жолдауынан кейін жүгенсіз кеткен мердігерлер жұмыстың сапасына мұқият мән беретінін алға тартты.
– Есепті кезеңде 211 нысанға 431 рет іссапар жасадық. Бұл күндері жол-құрылысы материалдарынан 1253 дана үлгі алынып, сынақтан өткізілді. Нәтижесінде 123 дана материалдың тиісті талаптарға сәйкес келмейтіні анықталып отыр. Барлық анықталған ақаулар бойынша тапсырыс беруші мен мердігер ұйымына хат жолданды. Түптеп келгенде, мердігер ұйымдары жұмыстың сапасына көп көңіл бөліп, асфальтбетон жабынын орнату технологиясын қатаң сақтау қажет. «Жол жаман болса, атаң да сүрінеді, атан да сүрінеді» деген тәмсіл бар. Ал, бүгінде ел ішіндегі тасжолдардың сапасы мәз емес. Осынау мәселеге Президентіміз де Жолдауында айрықша тоқталды. Ендігі кезекте оларға бақылау күшеймек. Бұл – қара жолдың сапасын арттыру мақсатында қабылданған орынды шешім екені анық, – деді Т.Әлиахметов.
Қара жолдағы кемшіліктер азаяр емес
Рас, қазынадан қыруар қаржы бөлінсе де, жол мәселесі әлі күнге түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Ал, жыл сайын көлігіне салық төлеп, жолдардың жөнделуіне өз қалтасынан аз да болса үлес қосатын жүргізушілер қара жолдың сапалы болғандығын қалайтыны белгілі. Десе де, жол-құрылыс саласында әлі күнге дейін бірқатар кемшіліктер мен заңбұзушылықтар тыйылмай тұр. Мәселен, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» өңірлік филиалының қызметкерлері осы жылдың 9 айында 309 нысанға 559 рет іссапарға шыққан. Нәтижесінде жол-құрылыс материалдарының 1736 данасынан үлгі алынып, оның 266-сы нормативтік талаптарға сай келмейтіндігі анықталған. Бүгінгі таңда барлық анықталған кемшіліктер бойынша тапсырыс беруші мен мердігер ұйымдарына бас-аяғы 121 хат жолданған. Жолшылар мұндағы негізгі мәселе асфальт-бетон жамылғысын нашар нығыздауына байланысты болып отырғанын жеткізді. – Жыл басынан біздің ескертулеріміз бен материал жарамсыздығы бойынша қайта құру жұмыстары 67575 мың теңгені құрады. Оның ішінде, республикалық жолдарда – 12398, жергілікті жолдарда – 55177 мың теңге. Айта кететін жайт, 266 дананың басым бөлігі сынақтан тығыздау коэффиценті өтпеген. Бұл жерде мердігер ұйымының жұмыстан «үнемдеуі» көрініп тұр. Бір сөзбен айтқанда, кейбір мердігерлер асфальтбетон жамылғысын нашар тығыздаған. Шынтуайтында, мердігер компаниялар жұмыстың сапасына көп көңіл бөліп, асфальтбетон жабынын орнату технологиясын қатаң сақтауы қажет, – дейді Т.Әлиахметов.Жүгенсіз жүк көліктерінің жолы бөгеле ме?
Қазіргі таңда ауыр жүк көліктері республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға айтарлықтай залал келтіруде. Салмағы аса ауыр темір тұлпарларды қанша жерден бақылағанмен, ережеге бағынбайтын жүк көліктерінің кесірінен тасжолдардың біраз бөлігі жарамсыз күйге түсіп жатыр. Ал, жолға зақым келмеуі үшін жүк көлігінің салмағы 8 тоннадан аспауы тиіс. Атап өтерлігі, бүгінде елімізде 400 мыңнан астам ауыр жүк көліктері бар. Ал, біздің өңірде 4 мыңға жуық самосвал көліктер қалалық және жол құрылыстарында, сондай-ақ өзге де нысандарда пайдаланылуда. Олардың барлығы жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдармен жүріп, жақында ғана жөнделген жолдарды бұзуда. Өңір жолдарында Мойынқұм, Қордай аудандарында және Тараз маңында 3 жылжымалы көліктік бақылау бекеті жұмыс істейді. Десе де, бұл облыс жолдарында ауыр жүк көлігінің қозғалысын бақылауға мүмкіндік берер емес. Құзырлы органдар салмақтық көрсеткіштерден асып кеткені үшін айыппұл салғанымен, одан қорытынды шығаратындар тым аз. «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» жетекші сарапшысы Жұмахан Шәкірбаевтың сөзінше, өңір аумағында 3 жылжымалы көлік бақылау пункттері болғанымен, ауыр жүк көліктерінің қозғалысын үнемі бақылауда ұстау мүмкін емес. Соның салдарынан облыстағы жолдардың сапасының нашарлауы жиі кездеседі. – Мәселен, «Нowo», «Shacman» және «Man» маркалы көліктердің жүк көтергіштері 25 тоннаны құрайды. Алайда, салмағы 15 тоннаға жуық көліктердегі жүк көлемі 40 тоннадан асып түседі. Осылайша, мұндағы жүктеме тиісті құжаттағы стандарттардан да жоғары. Биылдан бастап орташа жөндеуге ведомстволық сараптама жүргізу үшін жобалаушылардан жобалық-техникалық құжаттамаға жүктерді тасымалдау мақсатында салмағы 15 тоннадан артық емес жүк көліктерінің жүруін талап етілуде. Бұл өз кезегінде автожолдардағы ақаулардың алдын алып, тасжолдың тез тозуына тосқауыл қоюға мүмкіндік береді, – дейді Жұмахан Айтжанұлы. Қорыта айтқанда, қара жолдағы ауыр жүк көліктерінің қозғалысын қадағалау – баршаның міндеті. Белгіленген тәртіпке бағынбай жолға шыққан аса ауыр жүк көліктерінің иелері де мұны түсінсе құба-құп. Әйтпесе, Президенттің тікелей тапсырмасымен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін 4 мың шақырымнан астам жолдың бүлінбеуіне ешкім кепілдік бере алмас.Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді