Заманауи жаңалықтың жетістігі көп

Заманауи жаңалықтың жетістігі көп
ашық дереккөз
Заманауи жаңалықтың жетістігі көп
Қазақстандағы цифрландыру– Қазақстан экономикасын дамыту қарқынын жеделдетуге және азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға арналған үдеріс. «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты стратегиялық құжатта «Цифрлы Қазақстанның» маңызына айрықша басымдық берілсе, «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауда бағдарламаны жеделдетіп іске қосу тапсырылған болатын. Себебі, ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған заманда цифрландыруға иек артпасақ көшке ілесе алмаймыз. Бұл жаһандық үрдістен бәсекеге қабілетті, экономиканы дамытуды және халқының тұрмыс сапасын жақсартуды ойлаған мемлекеттердің ешбірі бас тартпайды. Қазақстан осы елдердің қатарында. Аталған бағдарлама цифрлық технологияларды қолдану арқылы халықтың өмір сапасын арттыруға жол ашады. Қазір өркениетті елдер цифрлы жүйеге көшіп, халқының әл-ауқатын жылдан жылға жақсартып келеді. Осы ретте, цифрландыру мәселелері жөніндегі республикалық кеңес құрылып, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданған болатын. «...Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да болашағы бар салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты. Осыған орай, Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырамын», – деген болатын «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында. Цифрландыру үрдісі мінсіз білім беру үдерісі мен сапасына әсер етеді. Мектептік білім беру процесіне енгізілген жаңа технологиялар мектеп оқушыларын қарапайым лекцияларға қарағанда әлдеқайда көп қызықтыра алады. Мәселен, Англияның Гранж мектебі мектептің ішіндегі «қала» сияқты жасалған. Гранж мектебінде телевизия мен радиостанциялар құрылып, балаларға әлем шынайылығындағы жағдайларды түсінуге көмектеседі. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, білім беру процесіне цифрландыру жүйесі өте қажет. Осылайша, көптеген жоғары оқу орындары білім беру жүйесінің ұзақ мерзімді тәжірибесін талдап, осы әдістің артықшылықтарын түсінді. Бұл жүйе білім беру сапасын жақсарту, жаңа ақпараттық технологияларды дамыту, заманауи қағаз процестерін жеделдету, мекеменің әкімшілік және басқарушы қызметкерлеріне қажет. Тұтастай алғанда цифрландыру бағдарламасының негізгі мақсаты– бәсекеге қабілеттілікті арттыру, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, оқу-тәрбие процесін жеделдету және жеңілдету, балаларға, ұстаздарға, ата-аналарға жүктемені азайту. Ең бастысы – білім беру сапасын арттыру. Біздің балаларымыз халықаралық деңгейде әртүрлі салаларда, оның ішінде жасанды интеллект және «ауқымды деректер» жасау саласында бәсекеге қабілетті болуға тиіс. Елбасы атап көрсеткендей, «елді цифрландыру – бұл мақсат емес, бұл – Қазақстанның абсолюттік артықшылыққа қол жеткізу құралы». Жамбыл облысында да бүгінгі таңда көптеген цифрландырылған ақпараттық орталықтар ашылуда. Облыс халқының 60 пайызға жуығы ауылдық жерлерде тұрады. Сондықтан, өңірімізде Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен «Жамбыл облысының инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйытқы болуымен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында аудан орталықтары мен ауылдық округтерде цифрландырылған ақпараттық орталықтар ашылуда. Сондай-ақ, цифрландырылған орталықта жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында «Жамбыл облысының инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде түрлі оқыту семинарлары өтеді. Біліктілігін жетілдірген қызметкер облыстық басқарма мамандарымен бірлесіп, өзі жұмыс жасайтын ауданда немесе ауылда тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Осылайша цифрландыру бағдарламасы өңірлерде қаншалықты қолға алынып, қарыштап дамып жатқанына көз жеткізе аламыз. Халықтар мен елдер және олардың дәстүрі әртүрлі болғанымен, прогрестің бағыты – біреу және ол айқындалып отыр. Цифрландыру қазіргі әлеуметтік-экономикалық салалардың барлығына ортақ. Демек, алдағы бес-он жылдың ішінде әлемнің барлық елдері осы жолға түсетін болады.  

Ғайникен МАРАЛТАЙҚЫЗЫ

   

Ұқсас жаңалықтар