Жұмысты жандандырып, жаңа жүйеге көшкен абзал
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңестің күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Оның бірі – ветеринария саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы болса, екіншісі – облыстың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары мен орындалмау қаупі бар индикаторлар туралы. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыстық ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев баяндама жасады. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы жануарларының төлдерін бірдейлендіру жоспарына сәйкес, жыл басынан 1,4 миллион төл бірдейлендіріліп, тоғыз айда дерекқорға барлығы 4,9 миллион бас ауыл шаруашылығы жануары тіркелген.
Өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда облыстағы мал басының өсімі 3 пайызды құраған. Нәтижесінде облысымыз республика бойынша мал басы саны жөнінен екінші орында.
Жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы бағытталған ветеринариялық-профилактикалық және диагностикалық іс- шаралар жоспарына сәйкес, 18,2 миллион вакцинация, 4,3 миллион диагностикалық жұмыстар жүргізілген.
Ветеринариялық іс-шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері облыс аумағында анықталған ауру ошақтарында қолданыстағы заңнамалар аясында сауықтыру және жою жұмыстары толық атқарылыпты.
Басқарма басшысы тиісті іс-шаралар жоспарына сәйкес, эндемиялық аудандардың 37 елді мекенінде барлығы 2,9 миллион шаршы метр аулалар мен қора жайлар, 195 мың шаршы метр буферлік аймақ және 506 мың бас ауыл шаруашылығы жануарына көктем және күзгі кезеңдегі залалсыздандыру жұмыстары толық жүргізілгенін айтты.
«Жыл басынан бері адамдар арасында сібір жарасы ауруына 17 адамнан оң нәтиже көрсетті. Бүгінгі күнге барлық адамдар қажетті емдеу шараларын қабылдап, сауығып шықты. Бес ауру ошағында, яғни Талас, Жуалы аудандары және Тараз қаласында анықталған аурудың көзін жою бойынша жұмыстар толық жүргізілді», – деді басқарма басшысы.
Облыс әкімі ауру ошақтары анықталған аудандар бойынша аудан әкімдерінің қандай жұмыстар атқарып жатқандықтарына назар аударды. Сонымен бірге, аудан әкімдерінің кінәні көршілес облыстардан іздеуі өрескел қате екендігін жеткізді. Одан бөлек, залалсыздандыру жұмыстары жүргізілгенімен, аймақтардағы көрсеткіштер көңіл көншітпейтіндігін қатаң сынға алып, вакцинациялау шараларының сапасыздығына тоқталды.
– Ветеринария саласы бойынша экраннан әдемі слайд көрсетудің түкке де керегі жоқ. Жұмыстың сапалылығы мен жақсы нәтижесінің болуы бәрінен маңызды. Қажетті вакцина көлемі жеткізілді. Демек, кінәні көрші облыстан емес, өзімізден іздеуіміз керек. Жұмысты дұрыс үйлестіріп, тиімділігін арттыру маңызды. Тікелей бақылау, жауапкершілік болмаса, оң нәтижеге қол жеткізе алмаймыз, – деген Ербол Шырақпайұлы бұл бағыттағы жұмыстарды жеке өзі қадағалайтынын баса айтты. Сонымен қатар, жұмысты жандандырып, жаңашыл бағытқа көшу қажеттігін атап өтті.
Айта кету керек, саладағы қордаланған мәселелер алдағы уақытта өтетін арнайы кеңесте жан-жақты қаралатын болады.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – облыстың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары мен орындалмау қаупі бар индикаторлар бойынша экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева баяндады.
Облыс әкімі көрсеткіші төмен аудан әкімдері мен салалық басқарма басшыларынан жауаптар алып, жыл аяғына дейін жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Әсіресе, аймақ басшысы денсаулық пен білім саласына қатысты шағымдардың аз еместігін атап өтіп, жауапты тұлғалар жұмысқа деген жаңаша көзқараспен нақты нәтиже көрсету керектігін айтты. Ал, егер жыл соңына дейін тапсырмалар тиісті деңгейде орындалмаса, басқармалар күрделі мәселелерді шешу жолдарын жаңаша бағытта жүзеге асырмаса, тиісті мекемелерге қолданылатын шаралардың жеңіл болмайтынын ескертті.
Мақпал СҮЙІНБАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді