Сарбаздар сыбайластыққа қарсы

Сарбаздар сыбайластыққа қарсы
ашық дереккөз
Сарбаздар сыбайластыққа қарсы
Күзгі әскерге шақыру науқанын бастау аясында Тараз қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасында әскери комиссариаттың жалпы жеке құрамы арасында Тараз «Оңтүстік» өңірлік әскери полиция басқармасының бастығы, әділет полковнигі Нұрдәулет Елубаев және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы, подполковник Сәкен Әуелбековпен кездесу өтті. Қызметкерлермен әңгіменің негізгі тақырыбы әскери мекемелердегі жемқорлық мәселесі болды. Спикерлер сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жүзеге асырылу барысы, пара ұсынған жағдайда қандай іс-әрекеттер жасалуы және әкімшілік айыппұлдардың мөлшері туралы баяндады. – Сыбайлас жемқорлық мәселесі қазір өте кең тараған. Шақыру қағазын жеткізу, әскери билеттерді сатып алу және кейінге қалдыруды сатып алу кезінде пара алу фактілері жиі кездеседі. Бұл біздің Отанымызға жасалған опасыздықпен бірдей. Құқықтық статистика комитетінің мәліметінше, сыбайлас жемқорлық қылмыстары түбегейлі жойылмай отыр. Атап айтсақ, 2020 жылы төрт құқықбұзушылық, 2021 жылы екі, 2022 жылы үш, ал 2023 жылы үш қылмыс анықталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – әрбір мемлекеттік орган қызметінің басым бағыты. Мысалы, соңғы талдаулар көрсеткендей, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтардың ең типтік түрлері келісімшарт бойынша әскери қызметке шақыру және қызмет бойынша жоғарылату кезінде, өтемақы төлеу кезінде, кез келген жауапкершіліктен босату кезінде бопсалау және пара алу түріндегі қызметтік бабын асыра пайдалану болып отыр, – деп атап өтті өз сөзінде Нұрдәулет Елубаев. Ал, Сәкен Әуелбеков өткен жылдың ақпан айында Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасын іске асыру бойынша Қорғаныс министрлігінің іс-шаралар жоспары әзірленіп, онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің бірқатар алдын алу шаралары белгіленгенін атап өтті. – Қорғаныс министрлігінің бастамасымен Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына, сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу рәсімін оңтайландыруды реттейтін арнайы өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық оқу орындарында ақылы оқу үшін әскерге шақырылушылардың ең төменгі жасын 22-ден 24 жасқа дейін ұлғайту бойынша қабылданған шаралар азаматтардың әскери дайындықтың осы түріне сұранысының артуына, сондай-ақ әскери қызметке шақыру процестерін оңтайландыру мен автоматтандыруға мүмкіндік берді. «Цифрлық армия» шеңберінде мемлекеттік қызмет көрсету жергілікті әскери басқару органдарындағы сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге мүмкіндік берді. Бұрын әскери комиссариаттардың дәстүрлі түрде екі сыбайлас және «жасырын» қызметі болды, атап айтқанда, мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру және шақырудан босату. Олар Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне енгізіліп, 2020 жылдың қараша айынан бастап «электрондық үкімет» порталы арқылы көрсетіледі. Мемлекеттік органдардың, ақпараттық жүйелерімен интеграция жүзеге асырылды, соның арқасында жергілікті әскери басқару органдарының, ұйымдардың, кәсіпорындардың және шаруашылық жүргізуші субъектілердің әскери міндеттілерді және мерзімді әскери қызметшілерді әскери есепке алуды сақтауын бақылау функциясы жойылды. Егер бұрын жұмысқа орналасқан әскерге шақырылғандар туралы ақпарат «қолмен» берілсе, енді жергілікті әскери басқару органдары қажетті ақпаратты дербес алады. Бұдан былай мемлекеттік немесе әскери қызметтен, арнаулы және құқық қорғау органдарынан теріс себептермен шығарылған адамдар келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылданбайды. Ішкі қызмет жарғысына лауазымды тұлғаларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдауға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге міндеттейтін өзгерістер енгізілді. Қорғаныс министрлігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында ақпарат алмасу, әскери қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау бойынша бірлескен жұмыстың белсенділігі артты. Қорғаныс министрлігі қосымша мемлекеттік білім беру мекемесі және әскери қызметшілер арасындағы қарым-қатынастың моральдық негіздеріне әсер етудің тиімді құралы ретінде «офицерлер жиналысы» сияқты маңызды механизмді қайта жаңғыртты. Министрлік әскери қызметшілердің барлық санаттары үшін оқу модульдері мен жағдайлық есептер әзірлеп, енгізді. Бұл кешенді оқу алаңы әскери қызметкерлердің жалпы және құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған. Сабақ барысында әртүрлі жағдайларды, заңсыз әрекеттердің салдарын жан-жақты талдап, тиісті ұсыныстар береді. Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті – Жоғарғы Бас Қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 ақпандағы Жолдауында: «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігі нақты нәтижемен бағаланады. Оның түпкі мақсаты – сыбайлас жемқорлықтан азат қоғам құру» деген еді. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау тұрақты түрде жүргізілетінін атап өткен жөн. Бұл алдын алу шараларының бірі. 2021 жылы кадрлық жұмыс, күрделі құрылыс, тұрғын үйді жөндеу және бөлу, әскери білім және ғылым, мемлекеттік сатып алу саласында және жергілікті әскери басқару органдарының қызметі саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізілді. Өйткені, заңды қылмыстық статистика бұл салаларда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бар екенін көрсетті, – деді подполковник Сәкен Әуелбеков. Талдау нәтижелері бойынша ұйымдастырушылық және заңнамалық шараларды көздейтін 79 ұсыным әзірленіпті. Өткен жылдың сәуір айында «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заң әскери қызметтің беделін түсіретін құқық бұзушылықтарды қарастыратын нормалармен толықтырылды. – Бұрын әскерге шақыру науқаны кезінде сыбайлас жемқорлыққа байланысты төтенше жағдайлар бірнеше рет болған. Ағымдағы күзгі әскерге шақыру кезінде әскерге шақыру учаскелерінде сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар болмауы керек. Бұл да қыруар күрделі жұмыстың жемісі. Әскери полиция органдары күн сайын сарбаздардың алынуын бақылайды. Әскерге шақырудың бүкіл процесі құқық қорғау және арнайы органдардың назарында, – деді Нұрдәулет Елубаев өз сөзінде. Егер, азамат өзін сыбайлас жемқорлықтың құрбаны немесе куәгері болдым деп есептесе, департаменті Тараз қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне хабарласа алады. «Әскери қызметші ретінде әрқайсыңыз қоғам мен құқық қорғау органдарының жіті назарында екендеріңізді еске саламын. Әскери қызметкерлердің жоғары моральдық-этикалық қасиеттеріне қарамастан, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің имиджіне сыбайлас жемқорлық және этикалық құқықбұзушылық жағдайлары теріс әсер етеді. Сыбайлас жемқорлықтың әрбір оқиғасы халықтың әскерге деген сенімін әлсіретеді. Бірлескен күш-жігердің арқасында ғана біз Мемлекет басшысының және халқымыздың жоғары сенімін ақтап, қазақстандық әскери қызметшілердің келбетін өскелең ұрпақтың мақтанышы мен үлгісіне айналдырамыз», – дейді Сәкен Әуелбеков.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар