Өңірдің инвестициялық әлеуеті жоғары

Өңірдің инвестициялық әлеуеті жоғары
ашық дереккөз
Өңірдің инвестициялық әлеуеті жоғары
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қытайлық «VODAR» компаниясының басшылығымен кездесті. Қытайдағы ең ірі жаңбырлатып суару қондырғыларын өндіруші болып табылатын компания облыста суару жабдықтарын шығаратын зауыт салуға ниетті. Атап өтерлігі, қытайлық «VODAR» суару жүйелері әлемнің 26 еліне, соның ішінде Австралия, Венгрия, Моңғолия, АҚШ-қа экспорттауды жолға қойған. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында су үнемдеу технологияларын енгізудің маңыздылығын атап өтіп, Су ресурстары және ирригация министрлігін құруды тапсырған болатын. Биыл жамбылдық шаруалар үшін оңай болмады. Сондықтан, су үнемдеу технологияларын енгізу шараларын күшейту керек. Бұдан басқа да, су қоймаларын салу, каналдарды жөндеу бойынша да шаралар қабылдануда. Біздің облыс жерасты су ресурстарына да бай. Бұл ретте ұңғымалар қазу жұмысына аса көңіл бөлген жөн. Осы орайда субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілуде. Енді шаруа қожалықтарының ұңғымаларды бұрғылаудағы шығындарының 80 пайызы субсидияланатын болады, – деді облыс әкімі. «Vodar» компаниясының басшысы Жоу Чуангоу кәсіпорынды «ХимПарк Тараз» АЭА аумағында салу жоспарланып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, өндірістің қуаттылығы жылына 300-ден астам жаңбырлатып суару қондырғысын құрайтындығын айтты. – Сіз бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрі ретінде де бірлескен жобаларға ерекше назар аударған едіңіз. Қолдауыңыз үшін алғыс айтамын және өзара тиімді ынтымақтастыққа жұмыс істейміз деп ойлаймын, – деді ол.

***

Сондай-ақ, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев «Ads industries» компаниясының директоры Сәкен Арапбаевпен кездесті. Тараптар Мемлекет басшысының «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске асыру тапсырмасы шеңберінде ЖЭО-4 жылу электр орталығын қайта құру және кеңейтуге қатысты жобаны талқылады. Кездесу барысында ЖЭО-4 және РК-4 аудандық қазандығы үшін газ генератор станцияларын салу мәселелері де қаралды. Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысының жоғары инвестициялық әлеуетіне тоқталып, өзара нәтижелі ынтымақтастықта жұмыс атқаратындарына сенім білдірді.    

Ұқсас жаңалықтар