Жол құрылысы жіті бақылауда

Жол құрылысы жіті бақылауда
ашық дереккөз
Жол құрылысы жіті бақылауда
Республикалық, облыстық мәндегі автокөлік жолдарын айтпағанда қала ішіндегі, ауылдағы жолдың жайын «Aq jol» газеті талай рет жазды. Жақсысын жақсы дедік, қазан шұңқырдай ойылып, «ішек-қарныңды түсіретін» апатты жағдайға жеткен жолдың жырын да аз қаузамаппыз. Тіпті, бұл мәселеге Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында арнайы тоқталып өтті. «...Сондай-ақ, автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер. Сондықтан да жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет. Міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауапқа тартылады. Бұл мәселеге мен баса назар аударамын. Бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдау керек» деді. Президент тапсырмасы сөзсіз орындалуы тиіс. Бұл Үкіметтен бастап, барлық деңгейдегі әкімдерге жүктелген міндет. Жолға жауапты кәсіпорын бар, басқарма, басқасы бар оларға да... «Тараз – облыстың айнасы» болғандықтан, аудандардағы ағайындар қалаға қарайды. Елдегі жерлестерге облыс орталығының жолы үлгі бола ала ма? Тараз қаласы әкімдігінің мәліметіне қарағанда, 1445 көше жолдары болса, оның ішінде 878 көше, 3 даңғыл, 465 бұрылыс, 50 тұйық, 49 өткел бар көрінеді. Асфальт жолдары бар көшелердің саны – 838, бұл 57,9 пайыз, шағал тас жолдары бар көшелердің саны – 607, 42,1 пайызды құрайды. Жолдың жалпы ұзындығы – 1 888,5 километр, оның ішінде асфальт жол – 1 171,1 километр, 62 пайыз, шағал жол – 717,4 километр 38 пайыз. Қала ішіндегі жолды қалпына келтіруде қалалық әкімдік біршама жұмысты қолға алыпты. Мәселен, орташа жөндеуге биыл ұзындығы 86,8 километрді құрайтын 44 жобаны іске асыруда. Ұзындығы 6,9 километрді құрайтын 144 көше, бұрылыс, тұйық, өткел және 7 жаяу жүргінші жолын орташа жөндеуге қалалық бюджеттен 3 361 748,9 мың теңге бөлінген. Бүгінгі күнде конкурс нәтижесі бойынша, 44 нысанда мердігер мекемелер анықталған. «KATSA» ЖШС – 12, «B grass» ЖШС – 20, «Рауан» ЖШС – 2, «Estet Stroy» ЖШС – 2, «Ерлан и К» ЖШС – 2, «Dauren Build» ЖШС – 2, «Арайстрой-GROUP» ЖШС – 1, «Нұрлы Жол-7» ЖШС – 1, «Ерасыл-Құрылыс 2013» ЖШС – 1 және «АрҚас-А» ЖШС 1 нысанды жөндейді. 41 нысанда техникалық қадағалаушы анықталған. Қайта жаңғыртылатын 2 нысан бойынша жобаларының жалпы құны 1 140 278,828 мың теңге, ұзындығы 5,6 километрді құрайды. Биылға республикалық және облыстық бюджеттен 868161,0 мың теңге қарастырылған. Саңырақ батыр көшесі бойынша мердігер «Арайстроймаркет – 2003» ЖШС, техникалық қадағалаушы «Құрылыс экспертиза» ЖШС, Шостакович – 4 бұрылысы мен Момышұлы көшесінің қиылысы аралығында асфальт жабындысының 1 қабаты (КЗ) салыныпты, Шостакович көшесі бойынша мердігер «UNISERV» ЖШС және техникалық қадағалаушы – «Қабылан Эксперт» ЖШС. Бүгінге дейін Жансүгіров пен Рысқұлов көшесіне дейін жұмыстар аяқталып, Саңырақ батыр көшесінен бастап, Момышұлы көшесі аралығында асфальт жабындысының бірінші қабаты салынып, Момышұлы көшесінен бастап көпірге дейін кеңейетін жол бөлігінде жұмыстар жүргізілген. Ташкент және Мәмбет батыр нысандары бойынша, 2023 жылға облыстық бюджеттен 166 855,475 мың теңге қаралған. Қазіргі таңда құрылыс материалдарының қоқыстарын шығару жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта 2 автобус аялдамасын орнату, жол бөлігін таңбалау, жол белгілерін орнату жұмыстары жүргізілетін көрінеді.Ташкент көшесінде мердігер «Арайстрой GROUP» ЖШС 4,49 километр құрылыс жұмысын аяқтап, нысанды қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Мердігер «Нұрлы Жол-7» ЖШС-мен 164 000,0 мың теңгеге келісімшарт жасалып, 29 904 шаршы метрді ағымды жөндеу жұмыстары аяқталған. Сонымен қатар, үнемделген қаражат есебінен 4 622 шаршы метрді ағымды жөндеуге «RusStroy» ЖШС-мен 23 875,0 мың теңгеге келісімшарт жасалып, бұл серіктестік те жұмысты бітірген. Шағын аудандардың ішкі жолдарын ағымдағы жөндеуге «Ерлан и К» ЖШС-мен жұмыстар басталыпты. Одан бөлек, саяжай алқаптарына баратын жолды ағымдағы жөндеуге «НұрАбдрахман жолдары» ЖШС-мен 22 400,0 мың теңгеге келісімшарт жасалып, жұмыс жүргізілуде. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев күнде таңертеңгілік қаланы аралағанда, жолды жөндеу жұмыстарына да баса назар аударып, оның сапалы әрі уақтылы орындауын айтып, қажет болған жағдайда жұмыс күшін арттыруды да тапсыруда. Расында да, күздің алғашқы айы да аяқталып келеді. Әне-міне қазан айы да келіп қалды. Күн суытып, қар түсетін уақыт алыс емес. Қар түскен соң, құрылыс жұмыстарын жүргізу бекер, әсіресе жол құрылысында. Қала ішінде де жол-көлік оқиғалары жиі орын алып жатады. Адам өліміне соқтыратын қайғылы оқиғалар да орын алуда. Жол қауіпсіздігін сақтауда жүргізушілердің қырағылығымен қатар, көше қиылыстарында бағдаршам орнатылып, оның тұрақты жұмысы істеуі және жол белгілерімен қамтамасыз етудің де маңызы зор. Осыны ескеріп, биыл жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 320 000,0 мың теңге қаралыпты. 53 300,0 мың теңгеге «СтройМонтажGroup» ЖШС қаңтар-ақпан айларында 53300,0 теңгеге 280 жол белгісін, 3 жаңа бағдаршам нысаны Ташкент – Қазыбек би, Крупская – Көшек батыр, Айша бибі-2 бұрылысы – Абишев көшелеріне 3 бағдаршам орнатқан. Бұл жұмыс одан әрі жалғасып, 266 700,0 мың теңгеге мемлекеттік сатып алу конкурсы өтуде. Оның ішінде: 1500 дана жол белгісін орнату, 1000 метр жасанды кедергі орнату, жаяу жүргінші өтпесін абаттандыру, бағдаршам нысандарын күтіп-ұстау, жол бөлігін бояумен және пластикпен таңбалау жұмыстары қарастырылған. Биыл Абай даңғылындағы 2 көпірге жобалау-сметалық құжат әзірлеуге және «Тараз қаласынан Алматыға қарай шығатын Талас өзені арқылы өтетін 2 көпірді қайта жаңғырту» нысаны бойынша да жобалау-сметалық құжат әзірлеу, мемлекеттік сараптамадан өткізуге мердігер «ДӘН-Қо» ЖШС-мен 22500,0 теңгеге келісімшарт жасалып жатқан көрінеді. Мемлекет басшысы Жолдауда еліміздің туристік әлеуетін пайдалану қажеттігін де атап көрсеткенін еске алсақ, талай ғасырды артқа тастап бүгінге жеткен ежелгі де, тарихи Таразға алыс-жақын шетелден, қазақ елінің әр қиырынан туристердің қызығушылығы басым екенін мерзімді басылымдардан, әлеуметтік желіден байқап қаламыз. Тиісті мекемелер мен туристік компаниялар бірлесе отырып, шежірелі де, киелі шаһарға туристерді көптеп тартып жатса, олар аспаннан түссе де, пойызбен келсе де, әуежайдан, теміржол бекетінен көлікке мініп, жолмен жүретіні қала билігінің де, жолға жауапты сала басшыларының да есінен шықпаса дейміз.  

Амангелді ӘБІЛ

Ұқсас жаңалықтар