Зерделенген іс жемісін бермек

Зерделенген  іс  жемісін бермек
ашық дереккөз
Зерделенген іс жемісін бермек

Апта аралығында М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың Бірінші Президент атындағы залында аталған оқу орнының жанындағы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдау көрсетуімен 2014 жылы «Жастар-зерттеу» жастар қоғамдық бірлестігімен бірлесіп жүзеге асырған іс-шараларының қорытындысы бойынша брифинг өткізді. Басқосуда университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков, облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Құралбаев, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, «Жастар-зерттеу» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Парида Мамедова бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне орталықтың құрылу мақсаты, атқарған жұмыс ауқымы туралы баян етті. Брифингті қысқаша сөз сөйлеп ашып, жүргізіп отырған Махметғали Нұрғалиұлы өз сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жастар саясаты мәселелеріне айрықша назар аударып, қазіргі Қазақстандағы жастар саясатының мәнін айқындайтын принципті жағдайларды нақтылап бергендігін айтты.

Ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Парида Мамедова биыл екінші жыл қатарынан жұмыс істеп жатқан орталықтың тек осы жылы ғана 8 зерттеу жобасын жүзеге асырғандығын, олардың әрқайсысында облыстың он ауданы мен Тараз қаласында тұратын 14-29 жас аралығындағы 700-ден 1500-ге дейін респонденттердің қамтылғандығын, зерттеудің облыс жастарының проблемалары мен даму әлеуеті, жастардың базалық рухани-адамгершілік бағдары, олардың әлеуметтенуі мен мобильділігі үдерісі, жастардың тынығып-демалуы, жастар арасындағы этносаралық қарым-қатынас, жастардың жұмысқа орналасу проблемалары, мемлекеттік жастар саясаты және азаматтық қоғам институттарын дамыту, жастардың діни көзқарасы мен дінге деген арақатынасы сияқты тақырыптар аясында жүргізілгендігін мәлім етті. Зерттеу нәтижелері туралы да талдап, таратып айтып берді. Брифингті ұйымдастырушылар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап қайтарды және облыстық әкімдіктің қолдауымен ғылыми зерттеу орталығы жұмысының алдағы жылы да табысты жалғастырылатындығын хабарлады.

Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар