Ауылдағы айтулы күн

Ауылдағы айтулы күн
ашық дереккөз
Ауылдағы айтулы күн
Мерейлі Меркі өңірінде ауданның 95 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Сонау VII ғасырдан бері атауын өзгертпеген бірден-бір қала осы Меркі шаһары. Cондай- ақ, Жауғаш батырдың 290 жылдық мерекесімен тұспа- тұс келген мәдениет күнінде меркіліктер жоғарғы деңгейде атқарды. Облыс әкімдігінің қолдауымен бастау алған «Мәдениет – асыл қазынам» атты іс-шараға мәдениет күндері қарсаңында аудан өнерпаздары да бірнеше жерде тарихи қойылымдар сахналады. Қойылым атасы мен баласының диалогы негізінде бастау алып, Меркінің тарихымен өрбіп отырды. Меркінің сонау ортағасырдағы Ұлы Жібек жолының қақпасы, өзінің керуен сарайы мен сауда-саттығы дамыған қалашық болғандығын көрініс арқылы бейнелей отырып, өнерпаздар көне дәуірдегі шаһардың тарихынан сыр шертетін қойылымды көпшілік назарына ұсына білді. Қойылым өткен орын ортағасырлық қақпамен безендіріліп, ескі сабаннан соғылған сауда орындары мен сол кезгі адамдардың бейнесін келісті киімдерімен бейнелеген өнерпаздардың дайындығы, сауда-саттықтың қызу жүріп жатқан көрінісі, сондай-ақ ат, түйе жетектеген сауда керуені келген көпшіліктің көңілінен шықты деуге болады. Содан соң, аудандық мәдениет үйі алаңында орналасқан Жауғаш батыр ескерткішінің алдында батыр бабамыздың тарихи қойылымынан үзінді көрсетіліп, батырдың ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып жеткен тарихи жәдігерлері таныстырылды. «Меркі» халық театрының артистері сомдаған тарихи қойылым барысында Жауғаш батыр бейнесі сәтті сомдалып, жиналған көпшіліктің көңілінен шықты. Сонымен қатар, ел үшін, жер үшін қасық қаны қалғанша күрескен қоғам қайраткерлерінің бейнесі Асанбай Асқаров ескерткіші алаңында сомдалды. Кезінде халық қамы үшін құрбан болған Тұрар Рысқұлов, Ақкөз Қосанов, Мақсұт Жылысбаев, Қабылбек Сарымолдаев сынды ұлт арыстары мен Асанбай Асқаров сынды қоғам қайраткерлерінің бейнесі поэтикалық прологпен көркемделді. Аталған қойылымды тамашалаған қонақтар мен қалың көпшілік одан әрі Асанбай Асқаров атындағы орталық стадиондағы ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі мен түрлі тақырыптық көрмелердің куәсі болды. Орталық стадион алаңына қазақ үйлер тігіліп, этноауыл көрінісі көрсетілді. Алғашқы қазақ үйде қазақ ұлттық мәдениетіндегі отбасының, ондағы әрбір отбасы мүшелерінің атқаратын рөлі артистермен қойылған тірі картинамен бейнеленді. Екінші қазақ үйде қазақтың ұлттық қолөнерінің алуан түрін көрсеткен аудандық мәдениет үйінің «Береке» әжелер тобы мен «Дәстүрге жол – қазақ аналары» қоғамдық ұйымының аналар қауымы дәстүрдің сәнін келтірді. Үшінші қазақ үйде аудандық білім бөлімі қазақтың түрлі ұлттық тағамдарын әзірлеп, қазынаға толы қазақ халқының берекелі дастарқанын көрсетті. Сондай- ақ, түрлі этнос өкілдерінің көрмесі мен ауданнан шыққан танымал суретшілердің картиналары көрермен назарына ұсынылды. Мерейтой Меркі орталығында ұйымдастырылған концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Концертті ауданнан шыққан танымал радио жүргізуші Нұрбек Қасым мен танымал тележүргізуші Перизат Алпыс жүргізді. Іс-шара «Меркі әуендері» ән-би ансамблі мен «Мерей» вокалды-аспапты ансамблінің орындауындағы «Алаш аманаты» шығармасымен басталып, аталған шығарма 300 оқушылардан құралған хореографиялық композициямен көркемделді. Іс-шара барысында облыс әкімі аппаратының басшысы Мәди Мәтен құттықтау сөз сөйлеп, аудан әкімі Жорабек Баубеков ауданның мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Концертке жерлес өнер жұлдыздары, елімізге танымал әншілер қатысты. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Бағдат Сәмединова, 45 жылдық тарихы бар «Меркі әуендері» ән-би ансамблінің негізін қалаушылардың бірі, ҚР Мәдениет қайраткері Әріпбай Мұсапанов, ҚР Мәдениет саласының үздігі Оңал Азаматова, музыка зерттеушісі, сазгер, дәстүрлі әнші Бағлан Бәбіжан, 2023 жылдың «Жыл дирижері», «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Ерлан Бақтыгерей, ҚР Мәдениет қайраткері Меруеш Башай, халықаралық ән конкурстарының жеңімпаздары Наурыз Құлданов пен Назымгүл Болатхан, халықаралық байқаулардың лауреаттары, эстрада жұлдыздары Түймехан Біржан мен Данияр Жақсылықов қатысып, көрерменге әсем әндерін тарту етті. Сондай-ақ, бағдарлама қонағы ретінде Қырғызстан Республикасының танымал әншісі Динара Тилекеева да өзінің жүрекжарды әсем әуенін көпшілік назарына ұсынды. Мәдениет күнімен қатар келген 95 жылдық іс-шара Жаңатоған ауылдық округінің Мыңқазан ауылындағы жаңа клубтың ашылу салтанатымен жалғасты. «Ауылдық аймақтарды дамытудың 2023- 2027 жылдарға арналған бағдарламасы» негізінде салынған 90 орындық жаңа мәдени нысан мәдениет күні қарсаңында ашылып, ауыл тұрғындарының игілігіне берілді. Клубтың ашылу салтанатына арналған іс-шараны ауыл тұрғыны, жас маман, аталған клубтың меңгерушісі Айғазы Әліш жүргізді. Клуб меңгерушісінің ұйымдастыруымен ауылдың ақ әжелер алқасы келген қонақтарға дәм ұсынып, елді мекеннің талантты жастары өз өнерлерін көрсетті. Жергілікті тұрғындардың қуанышында шек болмады. Іс-шара ҚР Мәдениет қайраткері, жыршы, сазгер Бейбіт Шошабаевтың өз арнауымен сән-салтанатын тауып, облыс әкімі аппарат басшысы Мәди Мәтен мен ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Шохан Есіркепов ғимараттың лентасын қиды. Сондай-ақ, іс-шара барысында қыз қуу, жамбы ату, теңге ілу, көкпар, қазақша күрес, қол күресі, асық ату, тоғызқұмалақ, тағы басқа ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.  

Нұрсұлу ЗҰЛПЫҚАРОВА.

Меркі ауданы

Ұқсас жаңалықтар