Жүйкеге жүк түспегені жөн

Жүйкеге жүк түспегені жөн
ашық дереккөз
Жүйкеге жүк түспегені жөн
Облыстық психикалық денсаулық орталығының ақпаратына сүйенсек, облыс бойынша психиатриялық есепте барлығы 9307 адам тұр. Оның ішінде әйелдер 3801, 14 жасқа дейінгі балалар 1004 адам, сондай-ақ 383 жасөспірім бар. 100 мың тұрғынға шаққанда бастапқы сырқаттанушылық 25,2 пайызды, балалар 32,5 пайызды, жасөспірімдер 11,4 пайызды құрайды. Жүйкесі сыр берген, психикалық ауытқуға ұшыраған адамдардың өз денсаулығынан бөлек, өзгелерге де зиян тигізу мүмкіндігі – ортаға, қоғамға қауіпті. Бұл аурудың алдын алудың әр түрлі себептері бар. Жақын адамдармен үнемі жақсы әрі жақын қарым-қатынаста болу адамдарды түрлі жүйке ауытқуынан сақтайды, әрі жақындары ауруға ұшыраған жанды бұрыннан танығандықтан, оның тежелісін байқау арқылы науқастың дертінің асқынуының алдын алады. Жүйке жүйесін дұрыс сақтау үшін жанжалды және стресстік жағдайлардан бойды неғұрлым аулақ ұстаған жөн. Ең бастысы – салауатты өмір салтын сақтап, жаман әдеттерден бас тартып, жаңа қызығушылықтар қалыптастырып, ұйқы режимін дұрыстаған абзал екендігін дәрігерлер жиі ескертеді. Кез келген ауру алдын-алу шараларын қажет ететіндей, психикалық бұзылулар да сақтануды керек етеді. Себебі, жүйке жүйесі адам ағзасының ең маңызды бөлігі. Бұл адамдарға өмірдегі стресстік жағдайларды жеңуге, өз әлеуетін жүзеге асыруға, оқуға және жұмыс істеуге, қоғамға үлес қосуға мүмкіндік беретін психикалық әл-ауқат жағдайы болғандықтан, оған зиян тигізуден сақтанған жөн. – Жүйке жүйесінің бұзылуы – бұл психоәлеуметтік мүгедектіктің әртүрлі түрлерін, сондай-ақ, елеулі күйзеліспен, функционалдық бұзылулармен немесе өзіне зиян келтіру қаупімен байланысты басқа да психикалық патологиялық жағдайларды қамтитын ұғым. Адамның психикалық денсаулығын жақсарту үшін дененің әр түрлі соматикалық бұзылыстарын бақылап, түрлі жұқпалы аурулардан сақтанып, уақытылы ем-домдар жасап, тексерулерден өтіп тұру керек. Түрлі жарақаттанудың алдын алып, жолда жүріс-тұрыс ережелерді сақтап, экстремалды спорт түрлерімен шұғылдану кезінде қорғаныс құралдарын дұрыс пайдаланып, денсаулыққа зиянын тигізетін әрекеттер мен тәуелділіктен де сақтанған, мүлде аулақ болған абзал. Оған мысалы ішімдік ішу мен нашақорлық сияқты ағзаға зиянды заттар жатады, – деді облыстық психикалық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Гүлмира Каримова. Мәселен, үнемі стрессте жүрген немесе жиі ашуланатын адамдардың жүйке жүйесі тез тозады. Немесе бір оқиғаның салдарынан депрессияға түсіп немесе қатты қайғырған адам ақыл-есінен адасуы мүмкін. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында тәулік бойы стационарда 1566 науқас емделіп шықса, оның ішінде аутизм спектрі бұзылған балалар саны 82 болған. Жалпы, облыстық психикалық денсаулық орталығында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, аурудың алдын алу мен емдеуге қатысты іс-шаралардың барлығы тиісінше орындалуда. Дегенмен, жауапкершілік – ең әуелі адамдардың өзінде болғандықтан, сақтанған жөн.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар