Тәрбиешілерге тиісті қолдау көрсетіледі

Тәрбиешілерге тиісті қолдау көрсетіледі
ашық дереккөз
Тәрбиешілерге тиісті қолдау көрсетіледі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын жариялап, Үкіметке сала бойынша тапсырмалар берген болатын. Соған байланысты елімізде білім саласына бірқатар реформа енгізіліп, өзекті мәселелер біртіндеп шешімін тауып келеді. Атап айтқанда, мектепке дейінгі тәрбие жұмысына қатысты оң өзгерістер орын алуда. Әрине, баланың тәрбиесі отбасынан басталады. Сәби дүние есігін ашқаннан бастап, айналаны танып-білуге, үйренуге талпынады. Оған айналасындағы үлкендердің, өзінен ересек балалардың бір-бірімен қарым-қатынасы, көңіл-күйі, жүріс- тұрысы, еңбек әрекеті – бәрі де үлгі-өнеге. Баланың тұлға болып қалыптасуына отбасының тәрбиесі аздық етеді. Бұл орайда бала тәрбиесіндегі балабақшаның орны ерекше. Себебі, балабақшаға баратын бала қоғамда өз ойын ашық айтуға үйренеді және жан-жақты жетіледі. Әйгілі ақын, педагог Мағжан Жұмабаевтың «Баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығармай, келешек заманына лайық қылып шығару керек» деген даналық ойынан бүгінгі күні ұстаздар қауымына үлкен жауапкершілік артылғанын байқауға болады. Бала тәрбиесі – баршаның ісі. Отбасының да, балабақшаның да, мектептің де мақсат-мүддесі біреу, ол – заман талабына сай ұрпақ тәрбиелеу. Сол себепті, «Келесі маңызды мәселе – білім беру жүйесі туралы. Бұл сала ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқарады. Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан да, мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда, бізде 2-ден 6 жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды. Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс. Олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайтқан жөн», – деп Президент міндет жүктеген болатын. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінгі күні балабақшаға қабылдау үшін жолдама алу бойынша жаңа жүйе енгізілген. – Баланы кезекке қою және мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау үшін жолдама алу бойынша мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету үшін Есепке алудың бірыңғай базасы құрылады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құзыретті мамандарды тарту мақсатында биыл қыркүйек айынан бастап тәрбиешілердің жалақысы 30 пайызға артады және бұл шара өз жалғасын табады», – деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев. Министр балабақшаның әрбір тәрбиешісі өзінің негізгі міндеті баланың мектепте оқуға физикалық, психологиялық, эмоционалдық, әлеуметтік дайындығын қалыптастыру және тең бастапқы мүмкіндіктерді қамтамасыз ету екенін жеткізді. Облысымыздағы 573 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 60 мың бала тәрбиеленуде. Оның ішінде 40,3 пайызы жекеменшік секторлардың үлесінде. Онда жалпы балалардың 42,8 пайызы қамтылған. Білім басқармасының мәліметінше, қазір 6218 бала балабақша кезегінде тұр. Биыл облыста «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасында мектепке дейінгі тәрбие және оқытуға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды 94,2 пайызға дейін жеткізу көзделген. Осыған байланысты 1937 орындық 17 жекеменшік балабақша ашу жоспарланған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы айдан бастап мектепке дейінгі білім беру қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға өседі. Қазіргі таңда облыста бұл бағыттар аясында жұмыстар жүргізіліп келеді. Тараз қаласындағы «Балапан Элит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Данияр Бейсалиев бұл бастаманы толық қолдайтынын және талапқа сай орындалатынын айтты. – Қазіргі таңда Президентіміздің тапсырмасы бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Айта кететін болсақ, осы айда есеп бөлімі жалақы кестесін жасайды. Сол жерде барлық тәрбиешілердің айлықтарын қайта есептеп, заңға сай жасаймыз. Осы айдағы берілетін жалақыны Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 100 пайыз орындаймыз, – деді балабақша директоры. Жалпы, мектепке дейінгі білім беру орындары мамандарының жалақысын көтеру – аталған саланы таңдайтын жастар қатарының көбеюіне және тәрбиешінің беделін арттыруға ықпал етеді. Сондай- ақ, бұл бастаманың мақсаты – педагогтің өмір сүру жағдайларын жақсарту және оның әлеуметтік мәртебесін арттыру. Нәтижесінде, педагог мамандығы педагогикалық қызметтер нарығында сұранысқа ие мамандықтардың біріне айналмақ.  

Назерке СӘНДІБЕК

 

Ұқсас жаңалықтар