Өзекті мәселелерді қамтыған құжат

Өзекті мәселелерді қамтыған құжат
ашық дереккөз
Өзекті мәселелерді қамтыған құжат
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты жаңа Жолдауында еліміздің дамуына ең қажетті мәселелер айтылды. Жолдауда айтылғандай, қазіргі таңдағы мемлекеттік жоспарлаудың мәні мен маңызы түбегейлі өзгеріске енуі қажет. Ел дамуында саяси реформалардың маңызы зор болғанымен, оны экономика мен өндірістің қарыштап дамуынсыз, мемлекетіміздің қорғаныстық қуатын арттырусыз елестету мүмкін емес. Сол үшін де дәл қазіргі таңда елдің экономикасы мен өндірістік қуаттылығын арттыруға ерекше басымдық беріліп отырғанына өте қуаныштымын. Жолдауда атап өтілгендей, елімізде электр қуатының тапшылығы орын алса, оның арты жақсы емес. Осы себепті алдағы уақытқа жоспарланып отырған электр қуатын өндіретін ГЭС, ГРЭС-тер салу және басқа да жүйелер орнату мәселесі өте орынды. Ал, болашақта елімізде атом электр станциясын салу мәселесін жалпыхалықтық талқылаудан өткізіп, референдум арқылы шешу де өте дұрыс қабылданған шешім дер едім. Мен, бұлармен қатар, Жолдауда айтылған елімізді жаңа экономикалық модельге көшіру, азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру, «Қарызсыз қоғам құру» міндетін жүзеге асыру, аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын беру, аймақтардың табысты дамуын қамтамасыз ету, демографиялық ахуалды жақсарту, бала өміріне қиянатқа қарсы қылмыстық жауапкершілікті күшейту, сапалы білім беру, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, ғылымды өркендету сияқты міндеттердің алға қойылуын үлкен қуанышпен қабылдадым. Сондай-ақ, балалардың жинақтау қорлары 2024 жылдан бастап жұмыс істей бастайтыны – халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға үлкен қолдау болмақ. Жолдауда ауылдық округ әкімдерін сайлау – өзін-өзі ақтағандығы, енді, алдағы уақытта аудан және облыс әкімдерін сайлаудың басталатындығы туралы да айтылды. Бұл да ел басқарудағы халықтық институттарды көтерудің үлкен бір көрінісі болмақ.  

Мәкен РАХЫМЖАНОВА,

А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының актрисасы,

Қазақстанның халық артисі.

Ұқсас жаңалықтар