Қызға қырық үйден тыйым керек

Қызға қырық үйден тыйым керек
ашық дереккөз
Қызға қырық үйден тыйым керек
Ислам дінінде түсік жасату адам өлтірумен тең, ауыр күнә. Дәрігерлер де түсік жасатудың зиянды екендігін айтады. Мамандар түсік жасату арқылы жүктілікті үзген әйелдердің 30 пайызы онкологиялық, гинекологиялық ауруларға шалдығатынын мәлімдейді. Мұндай аурулар жасөспірімдердің арасында 2,5 есеге артық болады екен. Сондықтан, ерте жүктіліктен сақтанып, дені сау баланы өмірге әкелуге тырысқан жөн. Облыста биылғы жылдың алты айында кәмелетке толмағандар арасында түсік жасатудың 2 жағдайы орын алса, былтыр 4 жағдай тіркеліпті. Ал, биылғы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша жүкті әйелдер арасында 18 жасқа дейінгі босанулар саны 66-ға жеткен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, әлемде 15-19 жас аралығындағы 16 миллионға жуық қыз некеге тұрмай жатып жүкті болып қалады екен. Бұл – әлемдегі барлық босанулардың 11 пайызын құрайды. Облыстағы емдеу мекемелерінде тегін және құпия қызмет көрсететін «Жастар денсаулық орталықтары» жұмыс істейді. Яғни, жасөспірімдер өздерін толғандырып жүрген мәселелер бойынша әңгімелесіп, маманмен тілдесіп, кеңес ала алады. Ерте жүктілік жасөспірім қыз үшін ғана емес, оның баласы үшін де қауіпті екенін естен шығармаған абзал. Ерте жүктіліктің ережесі отбасылық қарым- қатынастан бастау алатынын, ата-ана мен бала арасындағы ең маңызды мәселе баланы ашық сөйлесуге, еркіндікке үйрете тұрып, осыған қарама-қайшы әрекеттердің ара-жігін ажырата білу екендігін ескерткен психологтар, қыз балаға ерекше көңіл бөлу, оның бесігінен басталатынын ескертеді. Олардың айтуынша, тіпті қыз баланың киім кию үлгісі, стиль сақтай білуі арқылы тәлім-тәрбие қалыптастыруға болады екен. Оның үстіне қыздың жатар орны қашан да бөлек, оңаша болуы шарт. Балаға бос уақыт қалдырмау да баланың түрлі зиян әрекеттерге бармауының алдын алады. Бос уақытын әлеуметтік желіге жұмсаудың орнына, оған қажетті түрлі үйірмелерге қатысу, өзге нәрсені ойлауға мұрша бермейді. Баланың пікірімен санасу қажет. Жүрегіндегі қалауын орындау, арманына құлақ түру де әсер етеді. Жасөспірім кезде бала бойында гармон ойнап тұрады. Сол уақытта баланың бойындағы алып-ұшпа сезімдерді рухани құндылықтарға аударуымыз шарт. Барлық дүниенің кілті баламен дұрыс қарым-қатынас жасай білуде. Қандай жағдай болмасын, балаға сұрақ қойып: «Осындай нәрсе басыңнан өтсе не істер едің?» деген сұрақ арқылы баланың ішкі жай-күйін түсініп қана қоймай, оған дұрыс бағыт беруге болады. Яғни, дұрыс жол көрсетіп, жөн сілтеу арқылы баланың ой-жүйесін қалыптастыруға болады. Үнемі ата-ана кеңес беріп, айтып отырса, бала ненің жаман, ненің жақсы екенін біліп отырады. Ата-анасымен жақын қарым-қатынаста болған, етегін қымтап, ұятты біліп өскен қыз – өрескел қателікке бармайды, – дейді психолог Елмира Кенжебай. Иә, ешбір ата-ана қыз баласын ерте жыныстық қатынасқа түсуді үйретпейтіні анық. Керісінше, ондай зиянды дүниеден бойын аулақ ұстауға тәрбиелейді. Алайда, үйде қуыршақ ойнап өскен қыздың қай уақытта есейіп, етек көтеріп жүргені үлкендер үшін беймәлім. Тек, ойын баласы деп ойлап жүрген қызының жүкті болып қалғанын байқағанда ғана бармақ тістеп, опық жеп, өз қателіктерін мойындап жататын ата-аналар да бар. Ал, кейде үйдің үлкендері жұмысбастылықпен сыртта жүріп, балалары өзі қожа, өзі би болып жүріп, түрлі оқиғаға душар болып, алып-ұшпа сезімнің жетегінде кетуі мүмкін. Енді бірі расында ерте есейіп, ерлі-зайыптының қатынасын қызық көріп, ойнап жүріп, от басып қалатындары да кездеседі. Әлі де мектеп қабырғасында жүрген қыздардың аяғы ауыр болып қалуына не себеп? Олардың тым ерте есеюіне, есі кірмей жатып, етек ашуына не әсер етеді? «Қызым үйде, қылығы түзде» демекші, кейде тым тәртіпті, момақан, ұяң қаракөздердің аяқ асты бағыты өзгеріп шыға келгенде, уақытынан кеш бас шайқап қалатынымыз тағы бар... Осы орайда кәмелет жасына жетпей аяғы ауырлап қалған жасөспірім қыздармен де тілдескен едік. Бірі әке-шешесі көңіл бөлмеген соң, көшеден мейірім іздеп кеткенін мойындаса, енді бірі алданып қалғанын алға тартты. Енді міне, біреуі құрсаққа біткен бөпесін туып алуға бекінсе, енді бірі алдырып тастау үшін аурухана есігін жағалап жүр... – Балалардың ерте жыныстық қарым-қатынасқа бару себебі, өзіне отбасында қажетті көңіл бөлінбегендіктен туындап жатады. Жоқ дегенде әр шаңырақта «Қызды қырық үйден тыю» мәселесін ұстану қажет. Яғни, тыйым деген сөз – ұрысу емес, ақылдасу және болашақта орын алатын жағымсыз оқиға, жайсыз мәселенің мәнісін түсіндіріп, салдарын айтып отыруды әдетке айналдырған жөн. Осы тұрғыда бір ананы тәрбиелеу арқылы бір ұлтты тәрбиелеуге болады. Мен мектепте үш жыл көлемінде қызмет атқардым. Сонда гинекологтар мен психологтар бірігіп, мектеп жасындағы жеткіншектерге мүшеқапты қалай қолдану керектігін үйретеді. Сол сәт балалардың ойы өзгеріп сала береді. Керегі қанша мұны үйретудің?! Ол нәрсені біреу үйретпесе де бала өзі-ақ біліп алады ғой. Мектепте төсек қатынасы, мүшеқап қолдану тәсілдері туралы айтпауға тырыстым. Тек «мұны жасау қауіпті, соңы жақсылыққа апармайды, күнә» деп түсіндірдім. Бала өзі сенген, түсінген нәрсені жасамайды. Дегенмен әлгі тақырыптар үлкен жиналыстарда еркін айтылады. Қоғамда осы нәрсені үйрету арқылы, балаларға ой салып, сол нәрсені жасауға өзіміз үйретіп жатқан жоқпыз ба? Сонда біздің ұлттық құндылығымыз қайда қалды? – дейді психолог Елмира Мұхаметәліқызы. Расында, қызының шашбауының сылдырынан бойын түзеген, ұлын атұстар, шаңырақтың иесі деп тек қадір-қасиеті бар ұғымдарды ғана бойына сіңіріп өскен қазақтың, мектеп қабырғасындағы балалардың санасын улап, жыныстық қатынас туралы үйретуі өрескел емес пе?!  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар