Абыройлы Ақүрпековтер әулеті

Абыройлы Ақүрпековтер әулеті
ашық дереккөз
Абыройлы Ақүрпековтер әулеті
Еліміздің әр шаңырағы бақытты, бай-қуатты болуға лайық. Әрине, әр отбасының тыныс-тіршілігі әрқалай жалғасатыны белгілі. Ел ішінде Алты Алашқа үлгі боларлықтай отбасылар да кездеседі. Сондай кеңінен танымал отбасылардың бірі – Ақүрпековтер отбасы. Бұл әулет жайлы тереңнен қозғап, кеңінен айтуға болады. Олай болатын жөні де бар. Жалпы, бұл әулет туралы сөз қозғағанда аталары Ақүрпектен әңгіме бастағанымыз артық болмас. Ақүрпек деген кісі Кеңес кезеңінде 6 елді мекеннен біріккен ірі ауылдық кеңестің төрағасы болған екен. Қазіргі тілмен айтқанда, ауылдық округ әкімі болған. Үлкен ауылды басқара жүріп, елдің өзекті мәселелерін де шешіп беріп отырған. Ол кезде қазіргідей жайлы жеңіл көліктер жоқ. Алты ауылды атпен жүріп аралап, жұмысына жауапты болған. Жаздың ыстығында, қыстың суығында ат үстінен түспеген өңірге белгілі белсенді азаматтардың бірі болған. Ақүрпек атаның еңбегін бүкіл аудан біледі. Қазіргі таңда Әбжаппар ауылында Ақүрпек атындағы көше бар. Ақүрпек ақсақалдың өмірлік жары – Дәне Мұсақызы. Дәне әже де бүкіл ауылдың анасындай ардақты кісі болыпты. Бүкіл ауылдың жас келіндері Дәне әженің батасын алып, өзгелер де алдынан кесіп өтпей, құрмет тұтыпты. Бүгін Ақүрпектің балалары Сәкен, Дүйсебай және олардан тараған ұрпақтар жөнінде тағылымды сөз таратсақ деген ниеттеміз. Сәкен Ақүрпеков Т.Рысқұлов ауданы көлемінде еңбек етіп, бас есепші қызметін атқарған кісі. Бүгінде ол кісі жайлы ел ішінде тек жақсы сөздер айтылады. Осыдан біз, Сәкеннің жұмысына адал қызметкер, отбасына ардақты әке болғанын байқаймыз. Сәкен атаның асыл жары – Әсембике. Әсембике 11 баланы өмірге әкелген алтын құрсақты ана болған. Кітапханашы ретінде де жұмысына жауаптылығымен танылып, көптің алғысын алған. Негізінен, бала тәрбиесімен айналысып, перзенттерінің болашағына көңіл бөлген кісі. Әулеттің үлкені Гүлнар Түркістан облысы, Шардара ауданында тұрады. Сол өңірде тұрмыста. Мамандығы – мұғалім, өз ісінің нағыз шебері. Ал, Нұржан 22 жасында бақилық болыпты. Бірқатар інілерінің өмірге бейім, спортшы болуларына осы Нұржан тілектес болып, үлесін қосқан екен. Одан кейінгі ұл Бауыржан – Өрнек ауылдық округінің ұзақ жылдар бойы әкімі болған. Ұзақ жылдар үлкен ауылдық округті басқарып, жұмысқа жауапты екенін танытып келеді. Кейінгі сайланған жас әкімдер ол кісіден үлгі алып, қызметтің қыр-сырын үйренуге тырысады. Бауыржан Сәкенұлы білгенін жастарға үйретуден жалыққан емес. Мемлекеттік қызметте еңбек ету оңай емес. Қазіргі таңда тұрғындардың қоятын талабы мен тілегі де жоғары. Бір округте көптеген өзекті мәселелер болады. Бауыржан Ақүрпеков ұзақ жыл әкім қызметінде осы талаптардың үдесінен шыға білді. Мұнан соң – Гүлмира. Яғни, барша жұртшылық тегіс білетін әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Ақүрпекова. Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, мемлекеттік «Құрмет» орденінің иегері. Гүлмира Сәкенқызы өте қарапайым. Үнемі Жамбыл жеріне, Құлан топырағына келіп, кетіп тұрады. Жерлестеріне де жеке концертін ұсынған кезі аз емес. Әнді жүректерге жеткізіп айтатын, барлық жақсы қасиеттерді жүрегіне сыйдырған, көңілі жұмсақ Гүлмира осы. Жақсылыққа толы жылы жүрегімен анасын көп есіне алады. Ана деген әр адамға қымбат, әрине. Мұнан соң – Нұрлан. Бокстан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевты бала күнінен баптаған майталман маман. Бақтиярды баптаған, нағыз чемпионды Күреңбай сыншыдай дөп басып таныған Нұрлан Ақүрпеков шынымен бақытты бапкер. Нұрланды бір көрсек деп әр жарысты асыға күтетін жанкүйерлер көп. Нұрланның тәрбиесіне баламызды берсек деп жүрген ата-ана қаншама десеңізші! Нұрланның бақыты міне, осында. Атағы сонша биік бола тұра, ол кішіпейілділігімен, сабырлы мінезімен ерекшеленеді. Нұрлан баптаған шәкірттері шоғыры біршама. Барлық жетістік төгілген термен келеді. Мәселен, Артаев алған алтын медаль. Ол да соншама үлкен ізденістің жемісі болды. Спортта кейде түрлі жағдайлар да болады. Жеңіс пен жеңіліс, үміт пен жауапкершілік қатар жүреді. Сонша уақыт баптаған шәкіртің жеңіліске ұшырап жатады. Ондай сәттерге де дайын болу қажет. Соған қарамастан, Қазақстан құрамасының сапындағы боксшылар өте сапалы, өте үздік болып келеді. Сол жолда Нұрлан да ерекше тер төгіп жүр. Жемісі жаман емес. Шәкірттерінің талай додада шоқтығы биік болды. Атап айтқанда, алғашқы шәкірттері Сәнет Өтешов, Бақыт Артаев, Шыңғыс Жампозов, Еркеғали Назаралиев, Мұхиден Хайдаров – спорт шеберлері. Бұл шәкірттері де бапкер үшін ыстық. Ал, сондай-ақ, Ғани Жайлауов, Мақсат Әлімбаев, Олжас Сәттібаев, Нұрсұлтан Аманжолов, Әбілхан Аманқұл, Дулат Бекбауов. Бұл боксшылардың барлығы әлем, Азия чемпионаттарында өздерін мойындатты. Бұл да бапкердің бақыты болса керек. Бүгінгі таңда Нұрекеңнің шәкірттері бапкерлік қызметте жүр. Кәсіпкерлікке ден қойған Ғалымжан Астанада тұрады. Үлкенге де, кішіге де көрсетер ізеті мол. Ғалымжанның өмірге деген көзқарасы көркем мінезінен көрініс беріп тұрады. Ғалымжанның тағы бір қасиеті жасы үлкен ақсақалдармен көп әңгімелесіп, шежіреге, елдің тарихына ден қойғаны. Қазір әулетінің шежіресінен бөлек, Бәйдібек бабамыздан бергі шежірені таратып айта алатын дәрежеде. Ірі кәсіппен шұғылданатын Бақытжан Алматы қаласында тұрады. Өзінің жеке зауыты бар. Ол белгілі кәсіпкер ретінде барлық бауырларына көмегін көрсетсе, ауылдастарынан да жәрдемін аяп қалған емес. Туған жерін ұмытпай, үлкендерге амандасып, елдің өзекті мәселесіне көңіл аударып тұратыны – жақсы қасиеті. Мадина – мұғалім. Бүкіл адамзатты тәрбиелейтін осынау қастерлі мамандықтан өз бақытын тауып келеді. Білімді шәкірттерінің көпшілігі жоғары оқу орындарына грантпен түсіп, қуантып жүр. Еліміздің білім саласының дамуына Мадина мұғалімнің де тамшыдай үлесі бар. Ол ұстаздық жұмыстың қиындығын жеңе жүріп, өзі таңдаған мамандығына көңілі толады. Бұл отбасының оныншы перзенті – Жомарт. Жомарт ағасы Нұрланның жолын қуып бапкерлікке бет бұрды. Қазіргі таңда шәкірттері бокстан жастар және жасөспірімдер арасында ел чемпионы атанып, жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Ол жақсы нәтиже жолында әлі де аянып қалатын емес. Үнемі ізденіс үстінде. Өзі де тыным таппайды, шәкірттеріне де тыным таптырмайтыны – жеңіс жолына деген талпынысы. Төгілген тердің әр кезде жеміс беретіні бар. Оны Жомарт бапкер жақсы түсінеді. Оның мақсаты да келешекте Нұрлан ағасы секілді Олимпиада чемпионын дайындап шығару. Оған барлық мүмкіндігін, күш-жігерін жұмсауда. Бұл әулеттің кенжесі – Кенен. Ол 2003 жылы Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясын «Актер өнері» мамандығы бойынша бітірген. Ол бұл күнде талантты өнер иесі. Қазіргі таңда Асқар Тоқпанов атындағы облыстық драма театрының актері. Қазақстан Жастар одағының «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі. Кенен театрмен қатар кино саласын да қатар алып жүр. Атап айтқанда, «Ән аға» фильмінде – Шәмшінің әкесі Қалдаяқты, «Қаламгер» фильмінде – белгілі жазушы Әнуар Әлімжановты, «Кейкі мерген» фильмінде – Амангелді Имановты, «Үзілмес үміт» фильмінде Талғат образын тамаша сомдап, қазақ киноөнерінің дамуына да өзінің үлесін қосып келеді. «Алматыда майталман ұстаздардан білім алдық. Батыс облыстарда өнерімді шыңдап, біраз тер төктік. 2015 жылдары облыстық қазақ драма театрының сол кездегі директоры, марқұм Болат Бекжановтың шақыруымен Таразға ауыстым. Кейінірек театырмызға өнердің дара өкілі, қайталанбас дарын иесі, аңыз режиссер Асқар Тоқпановтың есімі берілді. Тоқпанов атындағы театрда еңбек етіп жүргенім – мақтаныш. Ал, отбасыма келетін болсам, әкем өте салмақты, еңбекшіл, жұмысына жауапты адам болған. Бәрімізді адалдыққа, қарапайымдылыққа баулыды. Ал, анамыз өте шыншыл, көпшіл кісі еді. Бәрімізге жақсы тәрбие берген кісі. Өмірде осы екі кісіге ерекше қарыздармыз. Бір ауылға үлгі болған кісілер еді. Сол әкемнен тараған ұрпақтың бұл күнде бір ауылға айналғанына қуанып, шүкірлігімді айтып жүремін», дейді Кенен Ақүрпеков. «Абысын тату болса ас көп» дегендей, бұл әулеттің келіндері де ізетті, ынтымақты. Әулеттің үлкендеріне сәлемін үзбей, ата-апалардың алғысымен көгеріп отыр. Енді бір айта кетерлігі, Сәкен Ақүрпековпен бірге туған Дүйсебай ақсақал жайлы. Дүйсебай қария бұл күнде 80 жасқа толды. Ол кісінің де ұл-қыздары шетінен өнерлі, сыйлы, іскер, жауапты. Индира білім саласында тер төгіп, мектеп директорының орынбасары қызметтерін де атқарған. Шоқан беріректе бақилық болғанымен, орнында бар оңалар деп, оның перзенттері де өнер жолында көзге түсе бастады. Майра – медицина саласының қызметкері, өнерлі. Бота – кәсіпкер, Бағлан – мұғалім. Ал, Мәдениет саласының үздігі, танымал актер Мәлік Ақүрпеков бұл күнде Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры. Мәліктің әр кездері Бәйдібек батырды, Бауыржан Момышұлын сомдаған рөлдері көрерменнің көз алдында. Мәліктің актерлік шеберлігін еліміздің белгілі өнер қайраткерлерімен қатар елімізге кең танымал ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мекемтас Мырзахметов жоғары бағалап, оң пікірін білдірген. Дүйсебай ақсақал мен Қадиша апамыз ұл-қыздары мен немерелерінен қызық көріп, бақытқа толы қарттық дәурендерін өткізуде. Адам баласының бір мұраты осы болса керек. Бір сөзбен айтқанда, Ақүрпековтер әулетінің кәсіпкерлік және өнер, спорт, білім, ғылым, мәдениет салаларына сіңірген – алты Алашқа үлгі боларлық. Атақтары алысқа кеткен Ақүрпековтер әулетін құрметтейтіндер көп.  

Т.Рысқұлов ауданы

Ұқсас жаңалықтар