«Қазсушардың» жұмысы қатаң сынға алынды

«Қазсушардың» жұмысы қатаң сынға алынды
ашық дереккөз
«Қазсушардың» жұмысы қатаң сынға алынды
Облыстық әкімдікте өткен ағын су мәселесіне қатысты кеңес отырысына төрағалық еткен облыс әкімі Нұржан Нұржігітов «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының жұмысын қатаң сынға алды. Жалпы, өңірдегі 763,0 мың гектар егістік жерлердің 181,0 мың гектары суармалы. Суару жүйелерінің едәуір тозуына байланысты 2019 жылы егіс дақылдары орналастырылған суармалы жерлердің ауданы 60 мың гектарды құраған. Осыған байланысты, қолданыстағы суармалы жерлерді ағын сумен қамтуды жақсарту мақсатында 2019 жылдан бастап облыстың алты ауданында халықаралық қаржы институттарының несиесі есебінен жалпы құны 40,0 миллиард теңгені құрайтын екі жоба жүзеге асырылуда. Жобалардың әкімшісі Экология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» мекемесі. Аталған жобалар бойынша жұмыстар 2021 жылы аяқталуы керек еді. Алайда, жобалық-сметалық құжаттаманың сапасыз әзірленуіне, жосықсыз мердігерлердің жұмысына және «Қазсушар» мекемесі тарапынан бақылаудың әлсіздігіне байланысты жобалардың аяқталуы осы жылғы желтоқсан айына ауыстырылған. Бұл жыл сайын вегетациялық кезеңнің сапасын төмендетіп, егістік алқаптарға айналма арналар арқылы мәжбүрлі түрде беріліп отырған көрінеді. Өз кезегінде бұл 20-30 пайызға дейін судың шығынына алып келіп отыр. Жиында «Қазсушар» мекемесі жауапты өкілдерінің су қоймалары мен каналдарын жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасының дұрыс әзірленбегенінің салдарынан құрылысы келер жылға өтпелі деген жауабына қанағаттанбайтынын айтқан облыс әкімі, бұл өрескел қателікті тез арада шешу керектігін қатаң ескертті. Сондай-ақ, аталған мекеменің жұмысқа жауапкершілігі төмендігін сынға алды. – Су каналдары мен қоймаларын жөндеу жұмыстарында шикілік, заң бұзушылық әрекеттер орын алмауы тиіс. Қандай мәселе болмасын, тек қана фактімен жұмыс істеңіздер. «Қазсушар» кәсіпорнының жұмысын бір жүйеге келтіріп, аталған мәселелер дер кезінде шешімін табуы керек. Мен күрмеуі қиын мәселелерден кәсіпорынның жұмысқа немқұрайлы екенін көріп отырмын. Әр жұмыстан нақты нәтиже күтемін. Одан бөлек, құрғақшылыққа және ағын судың жоқтығына байланысты біраз егіс алқаптары шығынға батып отыр. Мұндай олқылықтар алдағы уақытта орын алмас үшін жұмысқа аса жауапкершілікпен қарағанымыз жөн. Мәселен, Шу мен Жамбыл аудандарын «судың үстінде отырған аудандар» деп айтуымызға толық болады. Сондықтан, бұл аудандарда ағын су мәселесі мүлде орын алмауы керек. Алайда, суды да үнемдей отырып пайдаланған тиімді, – деді Нұржан Молдиярұлы. Одан бөлек, облыс басшысы Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Талас, Байзақ және Жамбыл аудандарындағы күйіп кеткен егіс алқаптары туралы да сөз етіп, мұндай мәселеге шаруа қожалық басшылары да тікелей кінәлі екенін жеткізді. Сонымен қатар, жоғарыда аталған мәселелердің түйінін тарқату үшін жауапты басшыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Мақпал СҮЙІНБАЙ.

Ұқсас жаңалықтар