Судың да сұрауы бар

Судың да сұрауы бар
ашық дереккөз
Судың да сұрауы бар
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген отырыста біздің ел 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін екенін айтқан болатын. Мемлекет басшысы дамыған елдерде өскелең ұрпаққа жастайынан су мен жылуды ысырап етпеуді үйрететініне тоқталып, біздің азаматтарымыз да осындай үнемшіл болуы керектігін алға тартты. «Судың да сұрауы бар. Оны неғұрлым көп тұтынсаң, соғұрлым көп ақша төлейсің. Бұл – жұртты үнемшіл болуға үйрететін әділетті және қарапайым ұстаным. Дамыған елдердің тұрғындары әр нәрсенің қадірін біледі. Үнемшілдік олардың өмір салтына айналған. Тіпті, су мен жылуды ысырап етпеуді балаларға жастайынан үйретеді. Біздің азаматтарымыз да осындай үнемшіл болуы керек. Әсіресе, суды үнемдеп тұтынуымыз керек. Мен су тапшылығының артып жатқанын ұдайы айтып жүрмін. Сарапшылардың пайымдауынша, 2040 жылға қарай суға деген сұраныс 50 пайызға артады. Қазақстан 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін. Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам ауыз суға зәру. Бұл – ауылдағы ағайын ғана емес, қала халқы үшін де өте өзекті мәселе», – деді Президент. Мемлекет басшысы сондай-ақ, қазірдің өзінде жылдан-жылға ірі шаһарлардың тұрғындары артып келе жатқандықтан, инфрақұрылымы көпшіліктің сұранысын қанағаттандыра алмай отырғанын да жасырмады. Оның айтуынша, тіпті, Астананың өзінде бүгінде су тапшылығы қатты сезіле бастаған. Ал, оның басты себебінің бірі – құрылыстың көбеюі. Қасым-Жомарт Кемелұлы үнемшіл болмасақ, таза су беретін жаңа нысандар іске қосылғанымен, су тапшылығын жоя алмайтынымызды баса айтты. Күні кеше Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында өткен «Суармалы егіншілік – ауыл тұрғындары табысын арттырудың негізі» атты дөңгелек үстел барысында осы мәселе кеңінен талқыланды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рақымбеков, аталған институттың директоры Нұрлан Балғабаев және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасы мен фермерлік шаруашылықтардың өкілдері қатысты. Басқосуда алғашқы болып сөз алған Төлеутай Сатайұлы «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының алға қойған басты міндеттерінің бірі – асыраушы саладағы өзекті мәселелердің оңтайлы шешілуіне ықпал ету екенін атап өтті. Ал, облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Қайшыбекұлы жергілікті билік су тапшылығын ерекше назарға алғанына тоқталып, Әулиеата жұрты биылдың өзінде тіршілік нәрінің тапшылығын сезінгенін жеткізді. – Біздің ел алдағы жылдары су тапшылығын сезінеді дегенімізбен, биылдың өзінде біздің өңірдің халқы бұл мәселемен бетпе-бет келді. Оның басты себебі – Қырғыз елінен келетін судың көлемі 30-35 пайызға төмендеп кетуі болып отыр. Қырғыз Алатауынан жылда осы уақытта көрші елдегі Киров су қоймасына 17-18 текше су түсіп жатса, осы жылы 1-1,5 текше су ғана жиналған. Міне, осы мәселе бәрімізді де шын алаңдатып отыр. Түйткілдің түйінін шешу мақсатында осы саланы зерттеп жүрген ғалымдар мен арнайы мамандардың көмегіне жүгінетін боламыз. Олардың ұсыныс-пікірлеріне тиісті талдау жасалады. Жалпы, біз көршілес елден келетін ағын суға тәуелді болмай, жерасты суларын да пайдалана білуіміз қажет. Бүгінгі таңда өңірімізде жалпы көлемі 7 миллиард текше болатын жерасты суы бар. Оның ішінде, 4,5 миллиард су тәулігіне өз қалпына қайта келеді. Сондықтан, жерасты суларын тиімді пайдалану өңіріміз үшін аса маңызды. Бұл бағытта тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиялары ынталандырылмақ. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің бастамасымен Ауыл шаруашылығы министрлігінде ұңғыма қазған шаруашылықтарға субсидия бөлу мәселесі қаралып жатыр. Яғни, бұл жұмыстарға 80 пайызға дейін субсидия бөлінбек. Оның 50 пайызы республикалық, 30 пайызы жергілікті бюджеттен төленеді. Бұдан бөлек, су каналдарын бетондау мәселелері де қолға алынуда, – деді Қанатбек Мәдібек. Жиында сондай-ақ, Нұрлан Нұрмаханұлы Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында бұл салада кадрлық дефицит бар екенін жасырмады. Оның сөзінше, Кеңес өкіметі тұсында жоғары оқу орындарында 4 қана мамандық оқытылса, қазір студенттердің 9 мамандық бойынша білім алуына жағдай жасалған. Десе де, қиындығы мол саланы таңдаған жастардың арасынан білікті маман табу қиын. «Тек Тараз өңірлік университетінің кейбір алғыр жастары ғана көзге көрініп жүр», – дейді ол. Басқосу соңында қатысушылар суармалы егіншілік, суды үнемдеу технологияларын игеру, су процестерін басқару мен суды есепке алу жөнінде бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты.  

Есен ӨТЕУЛІ.

Ұқсас жаңалықтар