«Әдемі салынған құрылыстан эстетикалық әсер аласың»,– дейді ҚР Құрметті құрылысшысы Сламбек Тілегени

«Әдемі салынған құрылыстан эстетикалық әсер аласың»,– дейді ҚР Құрметті құрылысшысы Сламбек Тілегени
ашық дереккөз
«Әдемі салынған құрылыстан эстетикалық әсер аласың»,– дейді ҚР Құрметті құрылысшысы Сламбек Тілегени
– Сламбек Меркібайұлы, сіз Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысысыз. Бұл атақ, әрине, тектен тек берілмегені анық. Еңбек жолыңызда қандай жауапты қызметтер атқардыңыз? – Абай атамыз айтқандай, дүниедегі өз орнын «кетігін тауып, қаланған кірпіштей» таба білген адамның еңбегі еш кетпейді. Еңбегіңді ел ұмытпайды, бағалайды. Мен қатардағы құрылыс инженерінен Талас ауданы әкімінің орынбасары лауазымына дейін сатылай өскен мемлекеттік қызметкер болдым. Кейіннен шаруашылық басшысы, ауыл әкімі, аудан әкімдігінің бөлімдерінде басшылық қызметтер атқардым. Ақкөл орта мектебін 1966 жылы алтын медальмен бітіріп, сол кездегі Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын «құрылыс инженері» мамандығы бойынша үздік тамамдадым. Институтта оқып жүріп, ғылыми жұмыстармен айналыстым. Оқу үздігі әрі жоғары стипендиат болғандықтан, 1968 жылы Алматы қаласында өткен республикалық, келесі жылы Ашхабадта өткен бүкілодақтық ғылыми конференцияларға қатыстым. Дайындаған еңбектерім үздік деп бағаланып, студент-дипломант атандым. Түрікменстан Республикасы комсомол ұйымының Құрмет грамотасымен марапатталдым. Жауапты қызметті атқарып жүрген кезімде облыста тұңғыш рет 600 орындық Мәдениет сарайын Талас ауданының орталығы болған Ақкөл ауылында салдық. Ақкөлде көп аудандарда болмаған 800 орындық кәсіптік училище, үлкен кешенді аурухана, 420 орындық кинотеатр тұрғыздық. Бұдан басқа, ауданның бірнеше ауылдарында тұрғындар сұранысына сай мектептер салдық. Кейін де өзіме сеніп тапсырылған қызметтік міндетімді жауапкершілікпен атқарғандықтан болар, Талас ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы атандым. – Қазіргі уақытта әлеуметтік нысандардың құрылыс жобасын мемлекеттік сатып алумен жеңіп алатын мердігерлердің көбі жұмысын аяқсыз қалдырып немесе шала істеп, соңы соттасумен аяқталып жатады. Мұндайда кінәні кімнен іздеген жөн? – Кез келген құрылыс жұмысының сапалы болуына әуелі тапсырыс беруші, содан соң мердігер жауапты. Бір құрылыстың салынуы үшін көптеген мекеме жұмыс істейді. Оның жобалық-сметалық құжатын жасаудан бастап, ары қарайғы зерттелуі, қажетті қаржының жеткілікті бөлінуі, аяқталған жобаның сапасын бақылап, қабылдайтын мекемелер түгел қатысады. Мұның бәрі не үшін? Әрине, құрылыстың сапалы орындалуы үшін. Бастапқыда жобалық-сметалық құжатын жасаушылар әр деталіне мән берсе, тапсырыс беруші құрылыстың басталған сәтінен аяқталғанына дейін бақылап жауапкершілік танытса, атқарушы мердігер алған міндетіне адал қараса, техникалық және авторлық қадағалаушылар жұмысын дұрыс атқарса, ешқандай кемшілік кетпейді, дау тумайды. Қазіргі сапасыз құрылыстардың көп кездесуі жанашырлықтың жоқтығынан. Әлгінде айтып кеткенімдей, бір құрылысқа қатысатын бірнеше мекеме әрқайсысы өзінен өтсе болды, ары қарай оған көңіл бөлмей басын ала қашатындықтан, нәтижесі көңіл көншітерліктей болып шықпайды. Қазақтың «Немқұрайлылық – сатқындықтан жаман» дейтіні осыдан. Тұрғызылатын нысанға қолданылатын әр материал да үлкен рөл атқарады. Бір ғана сапасы нашар материал қолданылса, бүкіл ғимарат оңбай шығады. Құрылыстың сапасыз шығуының тағы бір себебі, ақшаны үнемдеу үшін жұмысшылар күшін азайту. Мысалы, бір нысанды салу үшін кемінде 20 адам қатысу керек болса, қазір ол жұмысты 5-6 адам атқарады. Бастық та өзі, инженер де өзі. Құрылысқа қатысатын барлық мекемелер еліміздің «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңның талаптарын бұлжытпай орындаса, немқұрайдылыққа жол берілмес еді. – Кеңес өкіметі кезінде жастар құрылыс, ауыл шаруашылығы салаларына көптеп баратын. Қазір ғой, лауазымы жоғары қызметке құмар. Әлде ол заманда еңбек адамдары жоғары бағаланушы ма еді? – Рас, ол кезде еңбек адамдары өз деңгейінде бағаланды, барлық маманға атқарған еңбегіне қарай құрмет көрсетілді. Бірақ, қазіргі уақытта біз жас мамандарды даярлауда ақсап жүрміз. Маман дайындайтын оқу орындарында жүйе қиындады. Оқу орындарын қысқартты, біріктірді, бөлді, жекеменшік институттар ашылды, міне, осының бәрі білікті маман оқытуға кері әсерін тигізіп жатыр. Тіпті, кейбір керекті мамандықтар қысқарып кетті. Егер болашағы бар, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар оқытылса, оқуды тәмамдағаннан кейін жұмыспен қамтылса, жастар неге қашсын? Білікті маман шығуы үшін оқу орындарындағы жүйе дұрысталуы керек. Әйтпесе, құрылыс деген өте күрделі сала. Бір кірпішті қалайтын кезде әбден зерделеп, орнын дәл тауып қалау керек. Жаздың күні салынатын құрылысқа кірпішті әуелі сулап алып, батпаққа салып, сосын қою керек. Ал, қыстың күні жылытып алып, қалайды. Іргетасты құйғаннан кейін оның кепкенін жиырма күндей күтіп, содан соң үстіңгі қабырғалар өріледі. Сапа сол іргетастан басталады. Іргетасы мықты болса, қабырғаға оңайлықпен сызат түспейді. Ләжі болса, қыстың күні іргетас құймаған дұрыс, тым болмағанда қыркүйек, қазан айларында істелгені жөн. Ал, жағдай солай болып, қыста салынатын болса, бетон ысытылып құйылады, іштен жылытылып, әбден кептіріледі. Оның арнайы технологиялары бар.
Білікті маман шығуы үшін оқу орындарындағы жүйе дұрысталуы керек. Әйтпесе, құрылыс деген өте күрделі сала. Бір кірпішті қалайтын кезде әбден зерделеп, орнын дәл тауып қалау керек. Жаздың күні салынатын құрылысқа кірпішті әуелі сулап алып, батпаққа салып, сосын қою керек. Ал, қыстың күні жылытып алып, қалайды. Іргетасты құйғаннан кейін оның кепкенін жиырма күндей күтіп, содан соң үстіңгі қабырғалар өріледі. Сапа сол іргетастан басталады.
Құрылыс – ол тірі музыка, әдемі салынған құрылысқа қарасаңыз, эстетикалық әсер аласыз. Ол әр елдің, аймақтың өзіндік ерекшелігіне қарай бөлек архитектурамен салынады. Құрылысқа тек табыс табу көзі ретінде қарамай, адамға әдемі әсер, тәлім-тәрбие сыйлайтын ғажайып деп көңіл бөлген жөн. Құрылыс – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инженерлік инфрақұрылым, әлеуметтік салаларда да жетекші орында. Елдің экономикалық дамуы мен халықтың өмір сүру сапасы құрылыстың тиімді жүргізілуіне тікелей байланысты. Қалалар мен елді мекендерде архитектуралық, эстетикалық келбеті әлемдік деңгейдегі әсем ғимараттардың, өнердің жанды живописінің, жансыз әуеннің пайда болуы – құрылысшылардың ерен еңбегінің нәтижесі. Білім мен тәжірибені ұштастырып, әлеуетті мемлекет құруда құрылысшылар қосып жүрген үлес кемел келешекке бастаған даңғыл жол. Сол жолдың кедір-бұдырсыз жарқын болуы құрылысшылардың қолында. Ендеше, құрылысшылар қауымына елдің игілігіне қызмет етуде талмас талап, қажымас қайрат тілеймін. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА.

Ұқсас жаңалықтар