Бір қауым ел бір жұтым суға мұқтаж

Бір қауым ел бір жұтым суға мұқтаж
ашық дереккөз
Бір қауым ел бір жұтым суға мұқтаж
Тіршіліктің басты қозғаушы күші, артиллериясы – аграрлық сала екені анық. Десек те, асыраушы саланың, тіпті Табиғат- Ананың өзіне тіршілік беретін нәр – су екені айтпасақ та түсінікті. Адам ағзасының да, жер шарының да жетпіс пайыздан астамын құрайтын осынау тіршілік нәріне мұқтаждық күннен күнге артып келеді. Бұл мәселе аграрлық аймағымызды да айналып өтпейтіні белгілі. Мәселен, Қордай ауданындағы Кенен ауылының тұрғындары ағын судан бөлек, күнделікті ауыз суға да мұқтаж. Үш жыл бұрын су құбыры тартылғанда төбесі көкке жеткен кенендіктердің бұл күнде үміті үзілуге шақ қалған. Себебі, су жүрмегендіктен жаңа құбырлар сарғайып кеткен. Кенен ауылының тұрғындары ағын судың да, ауыз судың да азабын талай жылдан бері тартып келеді. Мәселені ауылдың ғана емес, аудан басшылығына да сан мәрте жеткізген екен. Осылайша, халықтың талап-тілегімен ауылға су құбырлары жүргізілген. Құрылысы үш жыл бұрын аяқталса да, құрғаған құбырларына су жүргізу мәселесі әлі күнге аяқсыз қалып келеді. – Ауылдық жерде тұрғандықтан, мұндағы барлық тіршілігің суға байланысты. Су болса егін болады, мал да, жан да аман болады, ал су болмаса ешқандай ісің оңбайды. Талай жылдан бері осыны аудан басшыларына айтып келе жатырмыз. Ақыры мердігерлер келіп, құбырларды жүргізгенде шынымен қуандық. Бірақ, қуанышымыз көпке созылмады. Су болмаса соншама қаражат жұмсап, бұл құбырларды несіне жүргізді? Неліктен тендер ойнатып, мердігерін анықтамас бұрын алдымен су көзінің бар-жоғын, қай жерде мол екенін зерделемеген? Судың қорын анықтамай жатып, қалайша ол жерге қыруар ақша бөліп, құбыр салуға болады? Әлде бізде жерасты суларын зерделейтін маман жоқ па? Қазір мұнарасы да, басқасы да сарғайып, шіріп барады. «Судың да сұрауы бар» деген елміз. Біз тиісті құзырлы орындардан ең алдымен осы су мәселесін шешіп берсе дейміз. Тамшыдай су болмаса, құр құбырды орнатып бергеннен бізге еш пайдасы жоқ, – дейді ауыл тұрғыны Нұрболат Кәрібай. Тұрғындар бұл мәселе жыл соңына дейін шешілсе дейді. Себебі, алдағы күз бен қыстың көзі қырауда ауыз судың жоқтығы ауылдықтар үшін үлкен ауыртпалыққа айналады. – Жасыратыны жоқ, есіктің алдына кішкене көкөніс егейін десек те, қолымыз жіпсіз байлаулы. Енді екі аптада балаларымыз мектепке барады. Осы ауылда қаншама қариялар, көпбалалы аналар бар. Ал, ақ қар, көк мұзда тайғанап жүріп су тасу ешкімге оңай емес. Ағын судың мәселесі баршаға аян, биыл құрғақшылықтың құрығы шаруашылыққа ауыр соққы болды. Ол өз алдына бөлек мәселе. Күнделікті тұтынатын ауыз суымыздың жайы да айтыла-айтыла жыр болды. Мердігерлер келіп, су жүйесін тартқанда бәріміз тіршілік нәріне қарық болатындай қуандық. Енді тағы да тамшы суға зар болып отырмыз. Ауданымыз шөлейтті аймақ емес, бірақ соған қарамастан, қазған жерлерінен су шықпады деп отыр. Енді бұл мәселе қалай шешілері белгісіз. Қайткен күнде де жыл соңына дейін шешіп беруді талап етеміз, – деді ауыл тұрғыны Майра Әлмешова. Бір жұтым суға зар болған бір қауым елдің жайына аудан басшылығы да қанық. Қазіргі таңда олар ауылдың басты мәселесіне айналған жағдайды басқа су көздерін қарастыру арқылы оң шешуді жоспарлап отыр екен. – 2020 жылы «Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Кенен ауылының су құбыры желілерін қайта жаңарту» жұмыстары іске асырылды. Келісімшарт құны 114 248 395 теңгені құрады. Мердігері – қызылордалық «Ақмешіт-Мелиоратор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталған ауыл ашық су көзін пайдаланғандықтан, бұл құбыр су жүйесіне қосылған жоқ. Сол жылы Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің «Қордай Су» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнымен 65 миллион теңгеге жуық қаржыға Кенен ауылындағы су жүйелерін сервистік көрсету желілеріне ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілді. Жерасты су қоры болмауына байланысты су құбыры іске қосылмай тұр. Қазіргі таңда Кенен ауылындағы су қоймасын жаңартып, комплекстік блок-модуль орнату жоспарлануда. Яғни, Сулысайдағы ашық қайнар көздерін жаңартылған су резервуарына біріктіріп, фильтрмен тазартып, ауылдың су құбырына қосу жоспарлануда, – дейді Қордай ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов. Осылайша, аудан басшылығы ауыл халқын ауыз сумен қамтуға ниетті. Облыс басшысының тапсырмасымен қолға алынған кешенді блок-модуль жүйелері аймақтағы бірқатар ауылдарда өз тиімділігін көрсеткенін ескерсек, алдағы уақытта кенендіктердің де ауыз суға кенелер күні алыс емес.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ.

Ұқсас жаңалықтар