Ақкөл ауылы ағын суға да, ауыз суға да зәру

Ақкөл ауылы ағын суға да, ауыз суға да зәру
ашық дереккөз
Ақкөл ауылы ағын суға да, ауыз суға да зәру
Сан жылдардан бері ауыз су тапшылығын тартып келе жатқан ауылдардың бірі – Ақкөл. Бір қызығы, бұл ауылда бір көл және бір өзен болса да мұнда су тапшы. Алайда, Ақкөлдің суы тұзды болғандықтан мұны ішуге пайдалана алмайды. Білетіндердің айтуынша, бұрын сол көлдің суы ішуге де, бау- бақшаны суғаруға да жарамды болған. Мол балығын күнкөріс көзіне айналдырып келген Ақкөл көлінің де суы жыл өткен сайын тартылып барады. Күн сайын тұрғындарға белгілі бір уақытта берілетін таза ауыз су кейде 2-3 күн бойы берілмей қалатын көрінеді. Мұндайды бастан кешкен ақкөлдіктер су тасығыш көлікпен жеткізілген тіршілік нәрі үшін үйінің ауласынан құдық қазып, соған құйып алып қалады. Келесі су жеткізілген уақытқа дейін соны үнемдеп қолданып, амалдайды. – Су – тіршілік нәрі, ал ақкөлдіктер қажетті суға жарымай жүргелі қай заман. Есік алдынан өзіміз қазып алған әуітке су келгенде толтырып алсақ та әсіресе, жаз айларында, шілдеде қалағанымызша қолдануға жетпейді. Белгілі бір сағатпен берілетін су кей күндері, жүйеде қандай да бір ақау шыға ма, мүлдем келмей қалады. Ондайда әбден қиналамыз. Шүкір, қазір барлық салада дамыған заман, ай сайын емес, сағат сайын жаңалық шығып жатады. Бірақ біздің ауылға ауыз су жеткізу бір жаңармай-ақ қойды, – дейді ауыл тұрғыны Жанар Рүстемова. Бұл пікірді біз кездестірген ақкөлдіктердің бәрі айтады. Үлкендерден естуімізше, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында сол кезде Жамбыл атанған қазіргі Тараз қаласындағы суперфосфат зауытында апат болып, оның зиянды сарқынды суы Аса өзеніне құйылып, Билікөл, Ақкөл көлдерінің және Аса өзенінің суы ауыз су ретінде пайдалануға жарамсыз болып қалған. Бұл жөнінде ауданда жауапты қызметтер атқарған Қазақстанның құрметті құрылысшысы Сламбек Тілегениден сұрадық. – Өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары Аса өзенінің арнасымен су ағуын тоқтатқан. Себебі, «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасы салынып, пайдалануға берілді. Аса өз кезегінде Билікөл көлін толтырады, одан асып Ақкөл, Домалақ, Ащыкөл көлдерін және Жалқамысты толтырып, Үшаралға қарай ағады. Сол кездегі «Түгіскен» совхозының жеріне жетіп, Талас өзенінің арнасымен тоғысады. «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасы пайдалануға берілгеннен кейін ауданға, әсіресе Ақкөл ауылына нәр беріп тұрған Аса өзені бұғатталып, бұл өзеннен сумен толтырылатын көлдер мен өзен арналарының табиғаты өзгеріп, экологиялық тепе-теңдіктің жойылуына әкеп соқты. Ащыкөл кеуіп кетті, желді күндері бұл көлден көтерілген тұзды шаң-боран Ақкөл ауылын басып қалып, тұрғындар оның зардабын тарта бастады. Ауданның жартысы құрғақшылыққа ұшырап, шөбі шүйгін мал жайылымдары тарыла түсті. Бұл мәселенің ең сорақысы, Аса өзенінен табиғи көлемде су келмегеннен кейін Ақкөл көлі бірде толып, бірде толмайтын жағдай жиі-жиі орын ала бастады. Ауыл тұрғындары мен малшылар ауыз су ретінде пайдаланып отырған Ақкөл көлінің де, одан ағып шыққан Аса өзенінің де суының сапасы төмендеді. Жеті мыңға жуық халық тұрып жатқан Талас ауданының орталығы Ақкөл ауылының тұрғындарына таза ауыз су 80 километр қашықтықтағы Тараз қаласынан, басқа да пайдалануға суы жарамды елді мекендерден тасып берілді. Ақкөл ауылынан тез арада уақытша жерасты суын тазарту қондырғылары орнатылып, іске қосылды. Бірақ ауылда ішкі су жүйесі де жоқ еді. Сондықтан, ауыз су қайдан болса да ауыл тұрғындарына күнара водовоздармен тасылып берілді. Су тасығыш көліктер немесе су тазарту қондырғылары бұзылып қалса, тұрғындарға апталап су жеткізілмейтін кездер де болды. Ауылды ауыз сумен қамтамасыз ету мұңға айналды. Бұл төтенше жағдай облыс басшыларын, облыстық коммуналдық-шаруашылық кәсіпорын басшыларын бейтарап қалдыра алмады. Яғни, шұғыл түрде күн тәртібіне Ақкөл ауылы тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі өткір қойылды. Тезарада ауыл маңынан суы ауыз суға жарамды, қоры мол су көзін табу, су жүйесін салудың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу мәселесі тұрды. Бұл техникалық тұрғыдан да, ғылыми-геологиялық, өндірістік-іздестіру, жобалау жағынан да бас ауыртатын күрделі мәселе еді. Себебі, осы уақытқа дейін Ақкөл ауылын орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі қолға алынбаған. Білікті, жоғары кәсіби мамандар Ақкөл ауылы аймағынан су көзінің 4 нұсқасын зерттеп, талдап осы су көздерінің ішінен аңғарында алғашқы адам мекендеген көне «Қайназар» көлінің маңындағы Бөріқазған, онымен қатар орналасқан Тәңірқазған әулие бұлақтарының су көздерін ұсынады. Әрине, су көздерін анықтау кезінде басқа да нұсқалар болды. Кейіннен ұсыныс тиісті органдар арқылы мақұлданып, ұзындығы 37 километр «Бөріқазған – Тәңірқазған – Ақкөл» су жүйесінің жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Шұғыл түрде құрылыс жұмыстары қолға алынып, тапсырыс беруші облыстық коммуналдық-шаруашылық кәсіпорнының қаржыландыруымен және қадағалауымен, мердігер «Джамбулводстрой» тресінің күшімен 1978 жылы пайдалануға берілді. Бұл жүйе осы уақытқа дейін 40 жылдан аса пайдаланылып, Ақкөл ауылы тұрғындарына тіршілік нәрін беруде. Кейіннен ауылдың ішкі жүйесінің де құрылысы кезең-кезеңімен салынып, пайдалануға берілді, – дейді Талас ауданының Құрметті азаматы Сламбек Тілегени. Міне, сол 45 жыл бұрын пайдалануға берілген ауыз су жүйесі қазір сыр бере бастаған. – Ауылға ауыз су Тәңірқазған бұлағынан келеді. Ол бұлақ пен Ақкөлдің арасы 28 километр. Су қорының азаюына байланысты бұлақта бұрын қойылған ондық сусорғыны қазір сегіздікке ауыстырып, ауылға күнделікті су беріліп келді. Су жинайтын құдыққа бұрын тәулігіне бір мың текше метр су алынса, қазір оны екі тәулікте құйғыза алатын болдық. Міне, осындай апатты жағдайдың салдарынан екі-үш күн бойы ауылға су берілмей қалады. Аудан әкімінің халықпен кездесуінде тұрғындар сутасығыш көлікпен су жеткізіп беруді сұраған болатын. Бізге су беріп отырған «Талас таза су» мекемесі сутасығыш көлігімен апатты жағдайда жеткізіп беріп отыр. Тәулігіне бір мың текше метр су жеткізеді. Ауылда 2287 халық, 411 аула бар. Одан бөлек, 18 мекеме жұмыс істейді, барлығы 429 аулаға су жеткізіледі. Алайда, бір мың текше метр су жетпей қалады. Ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қосымша көздерін қарастырудамыз. Осындағы бұрынғы ұңғымалардан сынама алдық, ішінде біреуі тұзды арылтатын блок-модульді орнатуға мүмкіндік беретіні анықталды. «Талас таза су» мекемесі блок-модульді қондырғы орнататын мекемелерге судан алынған сынаманы жіберді. Енді қандай қондырғы орнатылатыны және оның құны анықталады. Шамамен, 35-40 миллион теңге болуы мүмкін деп жобаланып тұр. Нақтыланғаннан соң қажетті деп танылған қаражатты сұрайтын боламыз. Өткенде осы су мәселесі бойынша аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков өзінің орынбасарымен, «Талас таза су» мекемесінің мамандарымен бірге келіп, ауыл тұрғындарымен сөйлесті. Қариялармен бірге әлгі айтылған ұңғымаға барып, мән-жайды түсіндіріп талқылады, – дейді ауыл әкімі Жандос Ратов. Ауылда тек ауыз су ғана емес, ағын судың жайы да мәз емес. Жандос Аманғалиұлының айтуынша, Ақкөл көлінің сыйымдылығы 264 миллион текше метр, бірақ қазір онда 49 миллион текше метр су бар. Билікөл арнасынан шығаберіс жағына жасанды тоспа қойылған, соған ауыл тұрғындары шағымданып, аудандық сотта да, облыстық сотта да қаралыпты. Екеуінде де тұрғындардың пайдасына шешілген. Қазір аппеляциялық шағым берілетін кезең, сол уақыт өткеннен соң арнаны бұзуға мүмкіндік туады. Ақкөл ауылы қысы суық, боранды, жазы аптап ыстығымен ерекшеленетін аймақ. Бұл жердің сырына қанық Сламбек Тілегенидің айтуынша, жерасты суы құрамының минералдылығы жоғары болғандықтан ащы, сол себепті ауыз суға да, кейбір дақылдарды суғару үшін де жарамсыз. Халықты толғандыратыны да осы. Ақкөлдіктер судың жетіспеушілігінен өткен жылы да, биыл да көкөніс өсіре алмай отыр, тек шөлге төзімді жоңышқа секілді өсімдіктерді ғана еккен. Мұнда халық негізінен мал, балық шаруашылығымен ғана айналысады. Балықты кәсіп етуге мүмкіндік берген Ақкөл көлінің де суы тартылып бара жатқаны жанға батады.  

Қамар ҚАРАСАЕВА.

Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар