Бір ауылда екі цех ашылды

Бір ауылда екі цех ашылды
ашық дереккөз
Бір ауылда екі цех ашылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» деп аталатын сайлауалды бағдарламасында ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартып, қазақтың алтын бесігін өркендетуге назар аударған еді. Ұлықтау рәсімінде: «Мен сайлауалды сөздерімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ, бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын. Осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз», – деген болатын. Осылай деген Мемлекет басшысы былтыр бес жылда ауылды дамыту туралы Жарлыққа қол қойды. Осы бағытта «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырыла бастады. Жоба аясында кәсіп бастауға ниетті ауыл тұрғындарына 2,5 пайыздық несие берілуде. Осы мүмкіндікті пайдаланып, «Ауыл аманаты» жобасымен ауылдан кәсіпорын ашқандардың бірі – Абай ауылының тұрғыны Ғани Шындалиев. Ол өзі туып-өскен өңірден екі бірдей цех ашты. «Құлан Профнастил» деп аталатын кәсіпкерлігін 8,5 миллион теңгемен бастады. – Кез келген іс бірден оңтайлы жолға түсіп кетпейтіні белгілі. Кедергілермен күресу арқылы келген табыс та құнды. Сол секілді біз де ойға алған ісімізді бастар кезде қаржылық мәселелер туындады. Сол кезде ауыл әкімі Мұратбек Арыстанбеков «Ауыл аманаты» жобасымен жеңілдетілген несие алуға болатынын айтып, оған қатысу жолдарын түсіндіріп, бағыт-бағдар көрсетті. Бұл жағынан қолдау білдірген ауыл әкімдігіне алғысымды айтамын. Құрылыста көп қолданылатын гофрленген тақта өндіретін цех ауданымызда жоқ еді. Сондықтан, оны өз ауданымыздан өндіргенді жөн көрдік. Сондай-ақ, аудан халқына қолайлы бағада сатылымға шығарамыз. Екі цехты да өз ауылымыздан ашып отырмыз. Ондағы мақсатымыз – ауылымызды дамыту. Халыққа сапалы өнім беру үшін еліміздегі ең сапасы жоғары шикізаттарды пайдаланамыз, – дейді Ғани Бейбітбекұлы. Ғанидың оқып, меңгерген мамандығы – қаржыгерлік және бизнесті жүргізу. Осы істі бірге жүргізіп жатқан қасындағы досы, аталған цехтардың директоры Нұржігіт Оршыбек профнастил бойынша, жалпы құрылыс материалдары жағынан білімі бар, осы іспен кәсіпкерлікті басқарған тәжірибелі маман екен. Цех директоры Нұржігіт Оршыбектің айтуынша, енді ғана ашылғандықтан әзірге 2 адам жұмыс істеп жатыр. – Бұл істі жаңадан бастап жатқандықтан, әзірге көп адамды жұмысқа алып үлгермедік. Әрине, біртіндеп кәсібіміз жолға қойылған соң жұмысшылар қатарын да арттырамыз. Цехты ашпас бұрын ауданда гофрленген тақта өндірісі жөнінде зерттеу жүргіздік. Ауданымызда бүгінге дейін ондай өндіріс орны болмағаны белгілі, оған қаншалықты сұраныс барын және аудан тұрғындары қандай бағамен алып жүргенін зерделедік. Соған қарай, Абай ауылынан екі цехта негізінен елге ең сапалы әрі ең арзан бағада сұраныстағы қажетті өнім беруді көздедік. Гофрленген тақтаның екі түрін шығарамыз, қалыңдығы 0,4 және 0,3 миллиметр. Елімізде тақтаның бұл екі түрі де үлкен сұраныста. Кәсібімізді дамыта келе, тағы бір цех ашсақ деген жоспарымыз бар. Әрине, ол табысқа байланысты, сондықтан бұл алдағы уақыттың еншісінде. Қазір жаңадан ашылса да қос цехтағы жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Гофрленген тақтаны құрылыста кеңінен қолданады, ғимарат салса да, қоршау орнатса да пайдаланады. Бұған дейін оны аудан тұрғындары Тараз қаласы мен Меркі ауданынан алып келіп жүрді. Жолға да ақы төлейтіндіктен, шығын көп болатын. Енді өз ауданымыздан сапалы әрі төмен бағада сатып алуларына мүмкіндік туды, – дейді цех директоры Нұржігіт Оршыбек. Қазіргі уақытта «Жұмыстың жоқтығынан ауылдық аймақтарда жастар тұрақтамайды, жастардың қалаға кетуінен ауылдың болашағы бұлыңғыр болып барады» деген пікірді жиі естиміз. Өз ауылынан қос цех ашқан абайлық жас кәсіпкер Ғани Шындалиевтің ісі құптарлық бастама. Алтын бесік саналатын ауылдарды өркендетуді мақсат еткен ел Президентінің тапсырмалары аймақтарда осылайша жүзеге асса, көздеген мұратқа көп ұзамай жетеріміз анық.  

Қамар ҚАРАСАЕВА.

Т.Рысқұлов ауданы.

   

Ұқсас жаңалықтар