БІР ШАҢЫРАҚТАН ШЫҚҚАН ЕКІ ЧЕМПИОН

БІР ШАҢЫРАҚТАН ШЫҚҚАН ЕКІ ЧЕМПИОН
ашық дереккөз
БІР ШАҢЫРАҚТАН ШЫҚҚАН ЕКІ ЧЕМПИОН
«Шынықсаң, шымыр боласың» десек те, спорт саласын түсіну қиын. Кейде бір қала немесе аудан көлемінен ел чемпионы болатын үздіктер шықпай жатады. Ал, бір шаңырақтан екі чемпионның шыққаны қандай абырой десеңізші! Бірі бокстан Олимпиада ойындарының жүлдесін иеленсе, енді бірі футболдан екі дүркін ел чемпионы атанып, Ұлттық құраманы да өрге сүйреді. БОКСШЫ БОЛАТ Болат Кеңесбекұлы әуелі футболдан бағын сынаған. Інісі Азамат екеуі алаңның шаңын бұрқыратып, топ баламен бірге ойнайды екен. Кейінірек Болат боксқа ауысады да, Азамат ала допты серік етеді. Болаттың  бокстағы  жолы  сәтті басталды. Сексенінші жылдардың соңында жасөспірімдердің КСРО біріншілігінде екі рет жүлдегер атанып, болашағынан үміт күттірді. Аз уақытта өзінің шеберлігін дәлелдеді. 1991 жылы Минскіде КСРО халықтары спартакиадасының қола жүлдегері, 1993 жылы ТМД чемпионы атанғанын осы күні риза көңілмен еске алады. Боксшы Ниязымбетовтің спорттық жолында жарқын жеңістер аз болған жоқ. Ол – екі дүркін Азия чемпионы. Қанша жыл былғары қолғап киіп жүрсе де, Азияның алтыны бұйырмаған боксшылар аз емес. Болаттың бокстағы биігі бұл ғана емес, КСРО халықтары спартакиадасы мен Азия ойындарының жүлдегері және басқа да халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілгені – дүйім елге мақтаныш. Ал, Ниязымбетовтің өмірбаянындағы ең елеулі нәтижесі – 1996 жылы Атлантада алауы тұтанған олимпиада ойындарының қола медалі. АҚШ-та да жақсы өнер көрсетті. Бастапқы бәсекелерде қарсыластарын ұтты. Бірақ, жартылай финалда әйгілі Куба боксшысы Эктор Винентке жол беруге мәжбүр болады. Сол Олимпиадада Экторды да ұтып алатын шамасы бар еді. Өзі кейбір сұхбаттарында айтып жүргендей, бір енжарлықтан арыла алмаған екен. «Жеңілсем де Олимпиада, Әлем чемпионына жеңілем ғой. Келесі Олимпиадада алтын алуға мүмкіндігім бар деп ойладым. Бұл менің қателігім еді» деп өкінішін білдірген екен жерлесіміз. Болат Кеңесбекұлы ересектер дуына түскен кезден бастап, 63,5 килограмм салмақтың тізгінін мықтап қолға алды. Елішілік жарыстарда қарсыластарын жолынан ығыстырып, ұлттық құрама сапына еркін енді. 1994 және 1995 жылдары қатарынан екі рет Азия чемпионы атанды. Қайталанбас жастық шақтың базарында жүрген 22-23 жастағы жігіт кезі. Сол кездері Болат жайында «жолы жеңіл жігіт екен» деген әңгімелер шықты. Бәлкім, сырт көзге солай көрінген шығар. Бірақ, әсте олай емес. Болаттың жолы бірқатар «әттеген-айларға» тап келді. Мәселен, әлем кубогі жолындағы жарыстың жартылай финалында төрешілер жолын кесті. Жартылай финалда неміс боксшысы Октай Уркалды «ту сыртынан ұрдың» деп айыптап, жеңісті қарсыласына беріп жіберді. Азия ойындарында қолы сынып, филиппиндік Галидо Рейнальдоға жол беруге мәжбүр болды. Алтын алуға мүмкіндігі бола тұра, осы екі жарыста да қола медальді қанағат тұтты. 1995 жылы Сеулдегі турнирде Рейнальдодан есе қайырудың реті келген еді, қырсық шалып, жекпе-жек барысында қабағы қақ жарылады. Дәл сол жылы әлем чемпионатында жеңімпаз атануға мүмкіндігі болыпты. Бірақ, ширек финалға жеткенде сүрінгенін өкіне еске алады. Сондай-ақ, Ташкенттегі лицензиялық турнирдің дәл қарсаңында өткізілген оқу- жаттығу жиынында әріптестерінің бірі қабағын жарып жіберіп, жолы бөгеле жаздады. Егер сол жарысқа қатыспаса, олимпиада жолдамасы өзгенің еншісінде кетер еді. Онда олимпиада жүлдегері атанбай кетуі де мүмкін еді. Болаттың күш-қайраты жете тұра, аңғалдығынан опық жеген кездері де аз болмаған. 63,5 килограмм салмақ дәрежесінде Қазақстанда теңдессіз болды. Осыған көзі жеткен екінші нөмірлі Нұрхан Сүлейменов 1992 жылы Түркияға қоныс аударды. Анадолы елінде тегін Сүлейманоғлы деп өзгертті. Түркияда жүріп, біраз белестерді бағындырды. 1995 жылы Берлинде өткен әлем чемпионатының ширек финалында екеуінің жолы қиысты. Кезіндегі өзінің командалық әріптесі қиылып сұрағаннан кейін «Жарайды», – деп келіседі. Бәсеке аяқталғанда ұпай санымен жеңіске жеткеніне күмәні болмайды. Ал, төреші қарсыласының қолын көтергенде, аспаннан жай түскендей күй кешкен. Сол сәтте ғана Нұрханның өзін алдап соққанын түсініпті. Бәсеке аяқталған бетте Әбдісалан Нұрмаханов мұны жерден алып, жерге салады. «Сенің Нұрханнан жеңілуің мүмкін емес, сен ақшаға сатылып кеткенсің. Намыс қайда?» – деп зекиді. Сол кезден бастап, сол кісінің «қаһарына» ұшырап, тіптен ұлттық құрама сапынан шығып қала жаздапты. Бәрі сол ақкөңілдігі мен досына адалдығының кесірі. Тау мен тау кездеспесе де, адам мен адам түбі бір жолығады ғой. Арада екі-үш ай өткеннен кейін Галледегі дәстүрлі турнирдің алғашқы жекпе-жегінде екеуінің жолы тағы қиысқан. Сол кезде Нұрханды айызы қанғанша сабап, бәсеке барысында үш мәрте нокдаунға түсіріп, ақыры 24:4 есебімен ұтып кеткен. Содан кейін ғана Әбекеңнің бұған іші жылыпты. Аңыз Әбдісаланға шәкірт болу да Болаттың бақыты дер едік. Шәкірті бола жүріп, Дамир Буданбековтен де үйренгені көп болды.
1997 жылы Алматыда өткен Орталық Азия ойындарынан кейін көпшіліктің Болатқа деген пікірі өзгеріпті. Ел арасында «Ниязымбетов өзбек боксшысынан қаймығып, рингке шығудан бас тартты» деген әңгімелер де айтылғаны бар.
1997 жылы Алматыда өткен Орталық Азия ойындарынан кейін көпшіліктің Болатқа деген пікірі өзгеріпті. Ел арасында «Ниязымбетов өзбек боксшысынан қаймығып, рингке шығудан бас тартты» деген әңгімелер де айтылғаны бар. Бұл – бос сөз. Ниязымбетов алаңда атой салып жүрген кезде Абдоллаев ешкім емес еді. Болат оны ешқашан жақсы боксшы деп есептемеген. Кейіннен Мұхамедқадыр зор табысқа қол жеткізгені рас. Олимпиада ойындарының жеңімпазы, Әлем чемпионы атанды. Бірақ, оның чемпиондық тұғырға көтерілуіне өзбектер мүдделі болды. Әйтпегенде, сол белестердің бірде-біреуін Абдоллаев бағындыра алмас еді. Кейін оның қандай чемпион екенін кәсіпқой ринг айқындады. Өзбек жігіті АҚШ-қа барып жұдырықтасып еді, қайта-қайта нокаут алды. Орталық Азия ойындарында бәзбіреулер Болаттан ағаттық кетті деп ойласа, қатты қателеседі. Болаттың ел намысы сынға түскен сәтте тартыншақтап қалған кезі жоқ. Жекпе- жек барысында қолы морт сынып, қабағы қақ жарылғанда да ешкімге есе жібермеуге тырысты. Ал, егер жанкүйер қауым Алматыда болған оқиғаның анық-қанығын білгісі келсе, анығы мынау. Сол жолы құрама команданың тізгінін ұстаған азаматтардың өздері: «Болат, болды демала бер, қарсыласың сенімен жекпе- жекке шығудан бас тартты», – деп алдап соғыпты. Бапкер айтқаннан кейін сенбегенде қайтеді. Суды сіміріп ішіп алып, қонақүйге барайын деп ыңғайланған еді, соңынан іле- шала қуып келген жаттықтырушысының: «Ойбай, қайда барасың, жекпе-жек болатын уақыт жақындап қалды. Жүр, салмағыңды өлшейік», – демесі бар емес пе. Ал, енді не істеймін деп дал болыпты. Өйткені, су ішкеннен кейін салмақ едәуір өседі. Ал, сүт пісірім уақытта артық салмақтан арылу мүмкін емес. Біраз жүгіріп терлегендей болады, бірақ бәрі бекер еді. Таразыға тұрса, салмағы рұқсат етілген межеден едәуір асып кеткен. Соның кесірінен жекпе-жекке шықпай қалады. Тағдырын боксқа арнаған Болаттың жолында осындай кедергілер де болған. Болат үшін сәтсіз өткен орталық Азия ойындарынан кейін бапкерлер бұған қырын қарай бастады. Елдегі өзге боксшылардан көш ілгері болса да, жарыстарға апармай, әбден мезі еткені жанкүйерлердің де есінде. Бұл жағдай Болатқа ауыр тиген. Содан былғары қолғапты шегеге ілуге бекінді. Біраз уақыт жаттығуды доғарып, Таразда тынығып жүрген екен. Сол кезде Алматыға Куба құрамасы келіп, қос команда бірлесіп, оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан. Ал, алда матчтық кездесу өтеді деп жоспарланған. Естуімше, қазақстандық бапкерлер 63,5 килограмм салмақтағы Диогенес Луньяға кімді қарсы қоярларын білмей, әбден дал болып жүргенге ұқсайды. Куба қабыланы өзіне қарсы шыққан біздің жігіттердің барлығын сабап тастаған екен. Алматыда өз көрермендердің көз алдында жергілікті боксшы еден құшып жатса, ел- жұрттан ұят. Содан бапкерлер «Луньяға қарсы кімді шығарамыз?», деп мәселе көтеріпті. Сөз кезегі атақты Станислав Болдыревке тигенде, ол кісі: «Шұғыл түрде Ниязымбетовті шақыртайық. Кубалықтың тілін жалғыз сол ғана таба алады», – деп кесімді сөзін айтыпты. Бұл ұсыныс кейбір мамандардың шамына тисе де, амалдың жоқтығынан келісті. Сөйтіп, Болат Ниязымбетов бір мәрте өз жанкүйерлерімен қауышу құрметіне ие болды. Бұл жекпе-жек жерлесімізге ауырға соғыпты. Лунья өте қарулы боксшы екен. Болат ашық айқасқа барса, опық жейтін еді. Ол ашық айқасқа бармай, қорғанысты мықтап, кезі келгенде шабуылдап, Куба боксшысын ұтады. Бірақ содан кейін де бапкерлер шеттетулерін қоймапты. Жауапты жарыстарға апармағаннан соң, 26 жасында спорттан қол үзуге мәжбүр болып, нағыз бабында жүрген кезінде рингті тастап кеткен. Кейіннен Ирак, Оңтүстік Корея бокс құрамасына бас жаттықтырушы болды. Болат Ниязымбетов кейінгі сұхбаттарының бірінде: «Кезінде ұлттық құраманың бас бапкері марқұм Әбдісалан Нұрмаханов екеуміз жиі «тіресетінбіз». Сонда: «Осы кісі неге маған қайта-қайта киліге береді екен. Менен басқа тиісетін ешкім жоқ па?», – деп ойлайтынмын. Кейіннен Атланта олимпиадасы аяқталғаннан соң Алатау баурайында үлкен бір отырыс өтті. Сол жерде бүкіл дүйім жұрттың алдында ағамыз: «Болат, кезінде саған жиі тіс батырғаным рас. Бірақ бұл әрекетім сені жек көргеннен немесе алалағаннан емес. Сәл еркелетсем, босаңсып кете ме деп қорықтым. Ал, ел намысын қорғайтын жігіттердің үнемі бабында болғанына не жетсін. Сені қатты ұстағанымның себебі де сол», – деп ағынан жарылды. Қазір ойлап отырсам, Әбдісалан ағамыз шын мәнінде көреген, данышпан адам болған екен. Сол кісіні өзім бапкер болғанда ғана түсіндім», – деген еді. Үздік боксшы Болат Ниязымбетовтің тамаша жеңістерін жамбылдықтар есінен шығарған емес. АЗАМАТ ДЕСЕ, ДЕГЕНДЕЙ... Енді бір отбасындағы екінші перзентке ауыссақ. Азамат Ниязымбетов футболдағы карьерасын 1991 жылы Алматының «Олимпия» жастар клубында бастап, КСРО чемпионатының екінші төменгі лигасында ойнады. 18 жасында шебер ойынымен болашағынан үміт күттірді. 1992 жылы Жамбылдың «Фосфор» клубына ауысып, маусым соңында Қазақстан кубогінің финалына шықты. Бірақ, финалда «Фосфор» 1:5 есебімен алматылық «Қайраттан» ұтылды. Азамат Кеңесбекұлы жасыл алаңға шыққанда өзін еркін сезінді. 1993 жылы жаңадан құрылған алматылық «Достық» клубына шақырту алды. Жыл соңында тараздық клубқа қайта келді. «Тараз» сапында үш жыл қатарынан жүлдегерлер қатарынан көрінді. Атап айтқанда, 1995, 1997 жылдары күміс жүлде иеленіп, 1996 жылы чемпион атанды. Талантты азамат 1998, 1999 жылдары қызылордалық «Қайсар» сапында ойнады. Сыр бойының командасында жүріп 1999 жылы Қазақстан кубогін иеленді. Ал, 2000 жылы астаналық «Жеңіс» сапында ойнап, екінші мәрте Қазақстан чемпионы атанды. Кейін Атыраудың «Атырау», Қостанайдың «Тобыл», Қарағандының «Шахтер» клубтарында ойнап, 2004 жылы «Таразға» қайта келді. 2004 жылы «Тараздың» құрамында жүріп тағы да Қазақстан кубогін иеленді. Азамат Кеңесбекұлы ұлттық құрама сапында 16 рет алаңға шықты. Азия чемпионаттарының, 1998 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу кезеңдеріне қатысты. Ұлттық құрамадағы алғашқы ойыны 1995 жылы Кувейт құрамасымен (0:0) болса, соңғы ойыны Сауд Арабиямен өтті. Бұл ойында Араб ойыншылар 1:0 есебімен ұтып кетті. Азаматтың жасыл алаңдағы ойындары көпшілік назарынан тыс қа лған жоқ. Шеберлігімен де, соққан голдарымен де ерекшеленді. 1994 жылдан «Тараз» командасы сапында үш жыл жүргенде 94 ойын өткізіп, 22 гол соққан. «Жеңіс» командасының құрамында ойнағанда 6 мәрте мергендігімен танылыпты. Ал, 2004-2008 жылдары «Тараз» командасының сапына қайта қосылып, 107 ойын өткізген. Осы ойындарда 10 мәрте гол соғып, 20 мәрте нәтижелі пас шығарған. Әсіресе, 2008 жылы «Тараз» бірінші лигаға түсіп қалғанда, команданың капитаны болып, тығырықтан алып шыққан да – Азамат. Өзі 34 жаста болса да, жас ойыншыларды қамшылап, жартылай қорғаушы ретінде де өз орнынан табыла білді. Нәтижесінде «Тараз» Премьер Лигаға қайта оралған. Азамат Ниязымбетов кейінгі жылдарын жаттықтырушылыққа арнады. Өзі туып-өскен өңірдің «Тараз» футбол командасында 2008- 2019 жылдар аралығында әуелі жаттықтырушы қызметін атқарса, кейіннен директоры болды. Осылайша, бір шаңырақтан шыққан екі чемпионның тынымсыз жаттығуларының арқасында атақтары алысқа кетті. Мыңдаған бала ағайынды чемпиондарға қарап бой түзеді

Ұқсас жаңалықтар