Әскердің сапалы болуы маңызды

Әскердің сапалы болуы маңызды
ашық дереккөз
Әскердің сапалы болуы маңызды
Кездейсоқ жолығып қалған бір танысыммен құрақ ұша амандасып, бір-бірімізден хал сұрастық. Бәрі жақсы екен. Тек, оның жүзінен әлдебір мазасыздық күй сезілді. Жалғыз ұлы биыл өзінің армандаған жоғары оқу орнын аяқтапты. Енді жұмысқа орналасудың қамын жасап жатса керек. «Тезірек ойдағыдай бір жұмысқа орналасып алмаса, әскерге әкетіп қалатын түрі бар. Қайтсем соны армиядан алып қалам деп басым қатуда. Далаға да беймезгіл шыға берме деп жасырып ұстап отырмын. Әнебір жылы осындағы колледждің бітіру емтихандарын тапсырған балаларды есіктен сыртқа шыққанын- шыққанша бас салып ұстап, көліктеріне қойдай тоғытып, әкетіп қалып еді ғой. Әке-шешелеріне де ескертпеген. Біздің бір көршіміз артынан құқық қорғау орындарына барып жүріп, арызданып, қанша ізденсе де, ештеңе істей алмай, аңыраған да қалған...», деді ол. Мен он сегізге толған ұлдың бәрі денсаулығы жараса, әскери борышын өтеуге міндетті екендігін еппен есіне салып, Отан қорғау ісі патриоттық қасиеттің ең мәртебелісі саналатынын айттым. «Қазірде әскерден ат-тонын ала қашып үркудің еш қажеті жоқ» дедім. Ашық ақпарат көздерінен әскер туралы ылғи жағымсыз хабарлармен құлақтанып, әскери орындарды әсіресе зорлық пен зомбылықтың көзі деп қарайтын мұндай адамдарды мемлекетіміздің ішкі-сыртқы қорғанысын қамтамасыз ететін жүйе аса ойландырмайтыны рас. Бүгінгі таңда экстремизм, шекараға таяу жерлерде әскери қақтығыстардың өршуi, жаңадан ядролық мемлекеттердің пайда болуы, тағы да басқа көптеген жаһандық геосаяси жағдайлар әлеуметтік-экономикалық, саяси даму үдерісін үлкен өзгерiстерге ұшыратып жатқан Қазақстан жерінде мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, соғыстар мен қарулы жанжалдарды болдырмауға, Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамыту мен қолдануға негіз қалаушы көзқарастар жүйесін білдіретін Қазақстан Республикасының Әскери доктринасы жүзеге асуда. Анық дереккөздерде көрсетілгендей, 2021 жылы Қарулы күштер және басқа да әскерлер мен әскери құрылымдар қатарынан босатылғандар саны 33 мыңнан асса, әскерге шақырылғандардың саны 32 мыңнан астам азаматты құраған. Ресми дерек бойынша елімізде 30 мыңнан астам азамат әскерге барудан қашып жүр. Биыл еліміз бойынша 100 мыңнан астам жасөспірім әскери есепке алынып, 37 мың адамды әскерге шақыру көзделген. Ол жоспардың қаншалықты деңгейде орындалғаны әрине жыл аяғында анықталар. Бізді ойландыратыны, соңғы кездері әскери борышын ерікті түрде өтеушілер санының азайғаны. Жастардың көбінің әскерге барудан жалтаратыны, нарықтық заманды алға тартатын борышкерлердің денінің әскерге баруды текке уақыт өлтіру деп есептейтіні де шындық. Психолог мамандардың айтуынша, мұндай немқұрайды тенденцияның қалыптасуын заманнан емес, қоғамдағы теріс пікірлердің әсерінен көруіміз керек екен. Өйткені, жастардың бойында патриоттық рух әлсіз. Жігерлері жалын атып тұруы тиіс жас жігіттерде ұлттық рухтың бәсең тартуын олардың әрқайсысының Отан алдындағы азаматтық парызының қаншалықты маңызды екенін ұғына алмауынан іздеу қажет сияқты. Бұл үрдістен тыс, әскерге қамтылмаудың керісінше де себептері бар. Денсаулығының нашарлығынан әскер қатарына қабылданбай қалатын жастар да көптеп кездеседі. Бозбалалардың басым көпшілігінің көзі нашар көреді. Компьютер мен ұялы телефонға жиі қарайтындықтан, олардың ойлау қабілеті де төмен деңгейде болатын көрінеді. Әлжуаз, әлсіздігімен қоса бойы мен салмағының сәйкес келмеуі де әскерге баруға тұсау болады. Сондай- ақ, кей жас жігіттердің бірі өзінің әскерге барудан бас тартуын басында несиесінің бар екенімен байланыстырса, кейбірі ата-аналарының теледидар арқылы әскерде орын алатын жайсыз жайттарды күнделікті көріп отырған соң жіберуге жүрегі дауаламайтындығымен байланыстырады. Ресми құжаттар бойынша елімізде 2020 жылдан бастап 270 әскери қызметкер қайтыс болған. Қайғылы оқиғаның 20 пайызы суицид. Жауаптылар осының себебін іздеуде. Бірақ ҚР Бас әскери прокуратурасының өкілдері «өзіне қол жұмсау тек әскерде өршіп тұр» деген пікірмен келіспейді. Өйткені Құқықтық статистика комитетінің мәліметінше, 2018-2020 жылдары елде 17 мың 631 суицид және 21 мың оған оқталу жағдайлары тіркелген. Олардың 86 суициді және 20 өзіне қол жұмсауға оқталу жағдайы әскерде болған. Демек, өзіне қол жұмсау көбінесе әскерде орын алды деген қоғамдағы пікір ресми мәліметтермен қуатталмайды. Әскердегі әлімжеттікпен күресу үшін де Қарулы күштер мен қорғаныс саласының қызметкерлері тиісті жұмыстар атқаруда. Қазір әр шақырылым сарбаздары бір бөлімшеге біріктіріледі. Олар мерзімді қызметке өздерінен бұрын немесе кейін келген жауынгерлермен араласпайды. Ал, жастарды ынталандыру үшін әскерге келген азаматтарға несие демалысы мен жоғары оқу орындарына емтихансыз түсуге мүмкіндік жасалған. Білім ұяларында еліміздің түкпір-түкпірінде әскери білім алып жүрген жастармен кездесу өткізіледі. Оларды оқушыларға үлгі ете отырып, әскери қызметке деген қызығушылығын арттыру көзделеді. Бұдан бөлек, ұстаздармен бірлесіп, Ауған соғысы ардагерлері, қорғаныс бөлімінің қызметкерлерінің қатысуымен түрлі шаралар ұйымдастырылады. Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым- Жомарт Тоқаев биыл 5 мамыр күні өткен Бүкілармиялық кеңес отырысы барысында әскери қауіпсіздік мәселесі ғылыми тұжырымға да сүйенуі керектігін, яғни, ғылыми-зерттеу жұмысына басымдық берілуі қажеттігін, ол үшін елімізде әскери білім және ғылым жүйесін дамытудың аса қажет екенін айтқан болатын. «Әскери оқу орындары қорғаныс саласындағы кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатуы керек. Қазіргі қақтығыстардың сипаты мүлде бөлек. Әлемде гибридті соғыс жүріп жатыр. Сондықтан Қарулы Күштердің зияткерлік қабілетін арттыру – өте маңызды міндет. Білім мен тәрбие әрдайым бірін-бірі толықтырып отыруы қажет. Сарбаздарымыз қайсар, батыл, сондай-ақ білімді болуы шарт. Жауынгерлердің бойына отаншылдық, адамгершілік, ізгілік қасиеттерді сіңіруіміз керек. Олар нағыз азамат деген атқа лайық болуы қажет. Бір сөзбен айтсақ, армия – бұл рухани тәрбие орталығы», деп атап өтті Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы. Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, Қазақстан азаматтары қатыгездік, әлімжеттік сияқты қоғамға қауіпті үрдістерге жол бермеуі тиіс. Биыл Қазақст ан Қарулы Күштерінің құрылғанына 31 жыл толып отыр. Осы уақыт арасында қуатты әскер жасақтау үшін түрлі тәжірибелер жасалды. Еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде де ілгерілеушіліктер бар. Әскери мерзім де бірнеше рет өзгерді. Оқу бағдарламасы да әр кезең сайын түрленіп келеді. Әскеріміз айбынды армияға айналды. Қырағы жауынгерлеріміз ел шебін қас қақпай күзетіп тұр. Олар мемлекеттігімізді нығайтуға зор еңбек сіңіруде. Мемлекет басшысы айтқандай, «Қарулы Күштеріміз – Тәуелсіздіктің мызғымас тұғыры, елдіктің берік қалқаны». «Геосаяси тұрақсыздық, жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлер жағдайында біз ұлттық мүддемізді қорғауға, мемлекетіміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтауға дайын болуымыз керек. Сондықтан, қорғаныс әлеуетін нығайту әрдайым біздің маңызды басымдығымыз болады», деген Қасым-Жомарт Тоқаев күштік органдарда қызмет етудің абыройлы миссия және үлкен жауапкершілік екенін атап өтті. Президент айтқандай, Қазақстан Қарулы Күштерінің сарбаздары мен сардарлары өздерінің ептіліктері мен қабілеттерін тұрақты түрде шыңдай отырып, озық жауынгерлік шеберліктерін көрсетіп келеді. Осыдан жиырма жыл бұрын құрылған «Астана», «Шығыс», «Батыс» және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылықтары әуе, құрлық, әскери-теңіз күштері сынды үш бағытта сарбаз жасақтайды. Қай-қайсысы да, ең әуелі сарбаздардың физикалық дайындығына мән береді. Сарбаздар саны айтарлықтай көп емес шығар. Бірақ, олардың сапалы болуы өте маңызды.  

Үміт БИТЕНОВА.

Ұқсас жаңалықтар