Көзде бар, көңілде жоқ киноорталық

Көзде бар, көңілде жоқ киноорталық
ашық дереккөз
Көзде бар, көңілде жоқ киноорталық
Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда жастардың жанына том- том кітаптардан бұрын шетелдің кинолары жақын. Ел жасөспірімдерінің басым көпшілігі корей елінің драмаларымен «ауыратыны» айтпасақ та белгілі. Ал, алдыңғы буын мен үйде бала тәрбиесімен отырған қыз-келіншектердің дені түрік сериалдарына жіпсіз байланғаны да анық. Бұл ретте отандық фильмдер мен сериалдар ақсап тұр деп айта алмаймыз. Десек те, тарихы небір кино сценарилерге сұранып тұрған Әулиеата өңірінде бұл мәселенің кенжелеп тұрғаны жасырын емес. Аймақтағы кино орталығының әлеуеті әлеуметтік роликтерден әрі аса алмай отырған сыңайлы. Неге? Біз талайғы тарихы бар облыстық кино орталығының жоспарлы жұмысын жоққа шығарудан аулақпыз. Бірақ жоспарлы деп астын сызып айтып отырғанымыздан-ақ мәселенің мән-жайын аңғаруға болады. Яғни, жылдағы жұмыстар жоспарға сай атқарыла береді. Дегенмен, одан бөлек, жаңаша бастамалар мен ұсыныстар, жаңа жобалар дайындау жағы қалай, осы сауалмен орталық мамандарына қайырылдық. Аталмыш мекемеде қазір 130 дана көркем фильм, 51 дана деректі фильм, мультипликациялық 39 фильм және 86 дана бейнероликтер топтамасы бар екен. Облыс бойынша 22 киноқондырғы, 9 «Зерде» бейнемобилі және «Сұлу Төр» және «Авангард» кинотеатры мекеменің еншісінде. – Жоспарға сәйкес, кино орталығы атаулы күндерге орай, атап айтқанда, 1 наурыз – Алғыс айту күні «Мың алғыс қазағыма» атты деректі фильмін, 8-наурыз Халықаралық әйелдер мерекесінде «Мейірімді ана», 22 наурыз – Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай, қазақтың салт-дәстүрін насихаттайтын «Тоғызқұмалақ» және де 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай «7 мамыр», 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай «Жеңіс Солдаты» атты деректі фильмдері мекеменің фэйсбук әлеуметтік парақшасында онлайн режимде көрсетілді. Сонымен қатар, кино орталығы «№2 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы» КММ мекемесінің қарттарына «В бой идут одни старики» атты көркем фильмін және «Балалар мен жасөспірімдердің арнаулы мектебінің» бүлдіршіндеріне «Қазақ елі» атты анимациялық фильмін қамқорлық іс-шарасы ретінде ұйымдастырды. Тараз қаласындағы «Парасат» колледжінің студенттеріне «Жерұйық», «28 панфиловцев» атты көркем фильмін ұсынып, Жамбыл политехникалық жоғары колледж студенттеріне және №54 мектеп оқушыларына оффлайн режимде кинозалда көрсетілім ұйымдастырды. Орталық биыл «Курорт Плюс» атты телесериал түсірілімін жоспарлаған болатын. Осы жылдың І тоқсанында аталған телесериал түсіріліміне барлық дайындық жұмыстары жүргізіліп, 14 ақпан мен 1 наурыз аралығында Меркі шипажайында түсірілім жүргізілді. Қазір монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Биылдан бастап ҚР Тұңғыш Президенті саябағында ашық аспан астында «Кино әлемі» атты акциясын бастадық. Іс-шара 1 маусымнан бастап 25 тамызға дейін жалғасады. Мұндағы басты мақсат – көрермендерге көңіл-күй сыйлап қана қоймай, көзден таса болған тәрбиелік мәні бар көркем және анимациялық фильмдерді қайта жаңғырту. Алда 60 минуттық «Қарашал» атты қысқаметражды фильм түсірсек деп жоспарлап отырмыз. Қазір суицид, тазалық, адамгершілік, еңбексүйгіштік, интернетке тәуелділік, отбасындағы әкенің рөлі секілді нақты бағыттар бойынша жұмыс жүргізуді қолға алып отырмыз, – дейді «Облыстық кино орталығы» КМҚК мекемесі директорының уақытша міндетін атқарушы Азамат Ақынбеков. Рас, жіпке тізіп айта берсең, осы тақылеттес жоспарлар жетерлік. Дегенмен, мың жерден мәнді деген шаралардың қайталана берген сайын дәмі кетіп, маңызын жоғалтатынын да ескеруіміз қажет. Себебі әр дәуірдің, әрбір уақыттың өз үні, қолтаңбасы бар. Жоспардағы шаралар көп болғанымен, көзге көрінері некен-саяқ. Осыдан бірер жыл бұрын аймақтағы зиялы қауым өкілдері өңір аумағында кино түсіру арқылы туризмді дамытуға болатынын, ол үшін Ақыртас, Айша бибі мен Қарахан, аты әлемге мәшһүр қазанат – Абсент туралы мультфильмдер түсірудің маңызы жоғары екенін де бірнеше мәрте көтерген еді. Бірақ, өкінішке қарай әлі де нәтиже жоқ. – Әлемнің идеологиясын Америкадағы Голливудпен Үндістандағы Болливуд секілді алып компаниялар қалаған бағытқа бұрып, жаһандық киноиндустрияға зор үлесін қосып келеді. Кино бір жағынан үлкен өнер, екіншіден, орасан зор бизнес, үшіншіден, қазіргі заманда көп бағытты алмастыратын тәрбие құралы. Кезінде облысымызда үлкен киноорталық болған. ҚР Мәдениет қайраткері, жазушы, драматург, марқұм Әлібек Әмзеұлы осы орталықты біраз жерге дейін сүйреді. Кеңес одағы тарағаннан кейін ол деңгей төмендей бастады. Негізі қоры жағынан Қазақстандағы орталықтардың ішінде біздің өңірдегі киноорталық мықты болатын. Мосфильм, Беларусьфильм, өзбек, қырғыз фильмдерінің барлығы біздің қорда сақталуы керек. Қазір бұл қорды дұрыс пайдаланып отырған жоқ. Бір кездері орталыққа Сайлау Лесбаев деген азамат келді. Оның да қолынан іс келетін, идеялары бар азамат еді. Қазір орталықтың басшылығында кім отырғанын да білмейміз. Бізде кадр жоқ емес, бар. Бірақ, біздің небір іскер азаматтарымыз шетте жүр. Облысымыздан шыққан Елжан Жармұхамедов деген жас бар, ол бүгінгі заманауи киноның жілігін шағып, майын ішіп жүрген азамат. Соның қабілетін неге пайдаланбайды? Мен соны түсінбеймін. Ол қазір Шымкентте жұмыс істеп жүр. Небір фильмдерді түсіріп, роликтерді де ел назарына ұсынуда. Осында жүргенде қоғамдағы әлеуметтік мәселелер бойынша сан салаға қатысты бейнефильмдер түсірді. Ал, соңында оның еңбекақысын бермей қойды. «Қызғалдақ» деген фильм түсірді. Мен өзім де сол фильмде басты рөлді ойнадым. Сол кино да аяқсыз қалды. Жоғарыда атап өткен Сайлау деген азаматтың кезінде түсірілді, монтажына келгенде қаражат бөлінбеді ме, әйтеуір орта жолда қалып кетті. Осындай мәселелерге менің жаным ауырады. Кино саласын мен бір кісідей білемін. Телеарнада қызмет істедім. Шерағамыз туралы да көптеген фильмдер түсірдік. Әрине, кино деген ұжымдық жұмыс. Бізде сценарий жазатын адамдар да жеткілікті. Режиссер де бар. Ойнайтын мықты актерлар де табылады. Мысалы, жаңа айтып өткен Елжанның «Сағым» деген киносы бүкіл республика бойынша ең мықты фильм болып шықты. Еліміздегі діни жат ағымдарға қатысты бұл туынды арнайы сыйлыққа да ие болды. Бірақ, сондай жастарымызды тиісті деңгейде пайдалана алмай отырғанымыз өкінішті. Ол ешкімнен алтын табаққа ас құйып бер деп отырған жоқ. Тек жақсы кино түсіру үшін жағдай жасалса деді. Сол секілді анимациялық мультфильм жасайтын Сәбит Жанбаев деген керемет азаматымыз бар. Монтаждаудың «тілін» жетік білетін ондай мамандар ел аумағында саусақпен санарлықтай. Біздің өңірде кез келген компьютерлік құрылғының тілін Сәбиттен артық білетін маман жоқ. Одан  сонау Астана мен Алматының жігіттері сабақ алады. Шыңғыс Мамытов деген азаматымыз да қазір «Қазақфильмде» еңбек етіп жүр. Оны да осы жерде жаратпай жұмыстан шығарып жіберген. Ол қазір «Қазақфильмдегі» мықты мамандардың бірі. Сол секілді мамандарымызды қайтадан шақырып, қолдау білдірсе, өңірде киноиндустрия саласы қарыштап дамитын еді. Шын мәнінде облыстық кино орталығы жазғы лагерде мектептерді аралап, Мұстафа Шоқай, Абайды, кімнің мерей тойы болады, солардың киноларын көрсетуден аса алмай отыр. Оны ел онсыз да экраннан көріп отыр ғой. Оған қоса сол фильмді көрсеткендері үшін билет сатады. Солай өздерінің күнін көріп отыр. Бір сөзбен айтқанда, қазір аймақтағы кино орталығы шарасыз күй кешіп отыр. Сол орталықтың жұмысын қайта қолға алу өзекті мәселенің бірі деп ойлаймын,– дейді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Асқарбек Сейілхан. Аға буынның айтары осы. Бұл ретте біз қазіргі таңда болашағын осы саламен байланыстырып, білімін шыңдап жүрген жастардың да пікірін білдік. Ең өкініштісі, басқа салада емес, нақты осы бағытта оқып жүрген студенттердің дені аймақта ондай орталықтың бар-жоғын білмейтін болып шықты. – Кез келген жас актер үшін жақсы киноға түсу – арман. Қазіргі таңда актерлік шеберлікте оқитын достарым да аз емес. Дегенмен, олардың көбі осындай жазғы демалыс кезінде Алматы, Шымкент қалаларында жұмыс істейді. Біздің облыста кино орталығының бар екенін естімеппін. Бар болса неге осы күнге дейін өзіміз секілді жастармен байланысқа шығып, не болмаса өздеріне шақырмайды? Оқу орындарына келіп, жастарды тартып, баулыса болады ғой. Себебі, жастардың арасында кино түсіргісі келетін, түсіріп те жүрген, мобилографиямен бір кісідей айналысып, табыс тауып үйренген жастар көп. «Қазпродакшн» немесе басқа да жеке студияларда еңбек етіп жүргендері де аз емес. Көбі кино саласына тек қызығушылықпен емес, шынайы шығармашыл тұрғыда айналысқысы келеді. Бірақ, камера жетіспейді, бағыт-бағдар жоқ. Тәжірибе кезінде де бізді топ-тобымызбен облыстық театрға, «Баласағұн» орталық концерт залына жібереді. Неге тәжірибені сол киноорталықта шыңдамасқа? Қазір киноға деген сұраныс та, талғам да жоғары. Бізде жаңаша көзқарастағы жастар көп. Небір мықты идеялар оқу ордасының аудиторияларында айтылып-айтылып, ұмыт қалып жатыр. Егер мүмкіндік болса, жастарға қолдау болса, сыртқа сандалмай-ақ, өзіміздің Тараз шаһарында керемет дүниелер жасауға болады. Біз ондай дүниелер қолға алынса, басты рөлдерге де, массовкаға да түсуге сақадай-саймыз, – дейді М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мәдени тынығу жұмысы мамандығының 3-курс студенті Алуа Дәулетбергенова. Бәрін айт та, бірін айт, ескі кассеталар секілді шаң басып жатқан кино мәселесінің «жырын» айт. Айналып келгенде, бізде анимациялық мультфильм түсіруге арналған құрылғылар алу үшін де, маман тарту мәселесі де қаражатқа келіп тіреледі. Бірақ, дәл осы тұста тек осы кино түсіру арқылы аумақты ғана емес, күллі мемлекетті асырап отырған елдер бар екенін ұмытпағанымыз жөн. Егер осы бағытқа қолдау болса, кино мен туризм саласын бір оқпен екі қоян еншілегендей дамыта алатынымыз анық.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар